Коронавирус • 29 Тамыз, 2021

Коронавирустың қайдан шыққаны анықталар емес

396 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирустың қайдан пайда болғаны туралы дау талайдан бері талқыланып келеді. Бұған дейін ғалым­дар вирус табиғи жолмен жарқанаттан адамдарға өткен десе, кейінгі кезде ол Уханьдағы зертханадан таралған деген болжам айтылады.

Коронавирустың қайдан шыққаны анықталар емес

Таяуда осы мәселеге біржола нүкте қоймақ үшін АҚШ-тың бір топ ғалымы Қытайға аттан­ған. Алайда бұл сапар да өз жемі­сін берген жоқ. Бұған басты кінәлі – Бейжің билігі. АҚШ пре­зи­денті Джо Байденнің айтуын­ша, Қытай вирусқа қатысты құнды деректерді көрсетпей отыр.

«Бұл пандемияның қалай тарағанына қатысты маңызды деректер Қытайда бар. Дегенмен Бейжің билігі халықаралық тергеу­шілер мен денсаулық сақ­тау саласындағы жаһандық қоғам­дастық мүшелеріне кедер­гі жасап, ақпаратты бөліспей отыр. Бүгінге дейін Қытай пан­де­мияның зардабы артып бара жатқанына қарамастан, ашық­тыққа шақырып, мәліметпен бөлісу жөніндегі өтінішті жерге тастады», деді Ақ үй басшысы.

Расында да, Қытай корона­вирустың қалай тар­ағаны туралы ақпаратты бөлісуге құлықты емес сияқты. Алғашқыда Бейжің билігі вирус тарады деп дабыл көтерген дәрігерді жазаға тартқан-ды. Кейінірек дәрігер қаза тапқан соң, кешірім сұрады.

Сондай-ақ вирус табиғи жолмен адамға жұқты дегенді алға тартса, енді бірде оны АҚШ-тың зертханаларында жасалды деп мәлімдеді. Қытайдың мұндай түлкібұлаңға салуы халықаралық қоғамдастықтың күдігін үдете түсті.

Қазіргі таңда коронавирустың пайда болуы туралы екі нұсқа бар. Біріншісі, вирус табиғи жолмен жарқанаттан адамға жұққан. Екіншісі, вирус Уханьдағы зерт­ханадан «қашып шыққан». Яғ­ни байқаусызда биологиялық орта­лықтың қызметкеріне жұққан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірінші нұсқаны алға тартқанымен, кейінгі кезде бұған күмәнмен қарайтындар көбейе бастады. Бұған себеп же­терлік. Бастапқыда вирус Ухань қа­ласындағы ет базары­нан таралғаны айтылған. Был­тыр The Lancet журналында қауіп­ті дерттің тырнағына ілінген­дерді зерттеген ғалымдар­дың мақаласы жарияланды. Он­да бастапқыда ауырған 41 нау­қастың 13-і Уханьдағы те­ңіз жәндіктерін саудалайтын ба­зарға мүлдем бармағаны анық­талды. Мұны бір деңіз.

Оңтүстік Қытай технология университетінің профессоры Ботао Сяо елең-алаң тұста мақала жариялаған еді. Бірақ көп ұзамай ғалым мақаласын өші­ріп тастады. Қытай билігі ви­рус тарады деп дабыл қаққан дә­рі­герді жазаға тартқанын ескерсек, Сяо мырзаға қысым жасалуы әбден мүмкін. Бұл – екінші.

Үшіншіден, вирус табиғи жолмен тарады дегенді жарнамалап жүргендердің басы-қасында EcoHealth Alliance-тың президенті Питер Дашек тұр. Бір қызығы, АҚШ қаржы­лан­дыратын аталған ұйым Уханьда жарқанаттардағы коронавирусты зерттеумен айналысады.

Дашек мырза жарқанаттар коронавирусының қаупі туралы пандемияға дейін талай мәрте айтқан-тұғын. Мәселен, оның «Жарқанат коронавирусының қаупін түсіну» атты жобасында келесі індет Қытайдың жабайы аңдар етін сататын базарда таралуы мүмкін екенін алға тартады. Бір қызығы, П.Дашектің айтқаны «айдай келді».

Әйтсе де, жаңа коронавирус зертханадан таралуы мүмкін екені туралы әңгіме енді шыға бастағанда Дашек мырза байыз таппай, 27 ғалымды ұйымдастырып, арнайы хат жаздырған еді. Сөйтіп, The Lancet те, Nature Medicine секіл­ді мүйізі қарағайдай журналдар коро­навирус табиғи жолмен тарал­ған деп жариялады. Ал бұл пі­кірмен келіспегендерді Да­шек бастаған ғалымдар конс­пи­рологқа теңеді. «Сезікті бірінші секіре­ді­нің» кері ме екен, кім білсін?!

Covid-19-дың зертханада жасалғаны жөніндегі әңгі­ме­нің академиялық ортада талқы­лануына мына жайт та әсер етіп отыр. Бастапқыда вирус жар­қанаттан адамға жұққаны айтыл­ды. Кейінірек ғалымдар ор­та­да бір жануардың болғанын алға тарты. Мәселен, жылан немесе панголин тасымалдағыш атануы мүмкін десті. Тіпті сусар, борсық деген де болжамдар айтылды.

Бірақ әлі күнге дейін ауру тасы­малдағыш жануар нақ­ты анықталған жоқ. Салыстыр­ма­лы түрде қарасақ, 2002 жыл­ғы SARS эпидемиясы кезінде коронавирустың жарқанаттан циве­таға жұққаны, одан адам­ға өткені 4 ай ішінде белгілі бол­ды. 2012 жылғы MERS эпи­де­миясында да ауру тасымал­дағыш жануар түйе екені 9 айда анықталды. Ал Covid-19 індеті­нің басталғанына екі жылға жуықтаса да әлі күнге дейін ауру тасымалдаушы аң табылар емес.

Вирустың қайдан шыққанына «бас қатырған» Қытай ғалым­дары бір қызықтың бетін ашты. Юньнань провинциясында жарқанаттардың генін зерттеп жүріп, үңгірлердің бірінен шыққан құста RpYN06 вирусы бар екенін анықтапты. Сөйтсе, аталған вирустың генетикалық құрылымы Covid-19-ға 94,5 пайыз сәйкес көрінеді.

Картаға көз жүгіртсек, Юнь­нань провинциясы мен Ухань қала­сының арасы әжеп­теуір ал­шақ жатқа­нын аңға­рамыз. Қазір­гі коронавирустың «арғы атасы» RpYN06 вирусы болса, әрі оны Юньнаньнан тапса, ол қалай­ша тып-тыныш қалпында 1500 ша­қырымды басып өткен деген заңды сұрақ туындайды. Алда-жалда вирус табиғи жолмен жұқса, эпидемия Уханьда емес, Юньнаньда басталуы керек еді ғой.

Рас, қазір нақты болжам айту қиын. Бірақ Қытайдың құн­ды деректермен бөлісуден қаш­қақтап отырғанын ескерсек, күндердің күнінде вирустың зертханадан «қашып шыққаны» анықталатын секілді. Қысқасы, коронавирустың шыққан тегі туралы дау-дамай тоқтар емес. Есесіне, індет шартарапты шеңгелінде ұстап тұр.

Қазіргі таңда індет жұқтыр­ғандар саны 217 миллионға жетті. Бүгінге дейін 4,5 миллион адам қайтыс болды. «Дельта» штамы таралғалы бері науқастар саны қайта ұлғайды. Мәселен, Ұлыбританияда аурухана­ға жатқандар саны екі есеге көбейген. Вирустың бұл штамын жұқтырған пациенттердің реа­нимацияға түсу қаупі 1,5 есе жоғары. Ғалымдардың айтуынша, бұдан құтылу үшін халықты толық вакциналау қажет.

АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі бұғыға коронавирус жұққанын хабарлады. Вирус Огайо штатындағы ақ құйрықты бұғыда расталды. Сарапшылар ауру жұқтырған бұғыларда клиникалық белгілер байқалмағанын айтады.

Тбилиси коронавирус жұқ­тыр­ған науқастар саны төмен­демей тұрғанын хабарлады. Елде тәулігіне 4 мыңнан астам SARS-CoV-2 тасымалдаушы­сы анықталуда. Пандемия бас­талғаннан бері Грузияда бар­лығы 540 449 адам вирус жұқтырды. 7 175 науқас қайтыс болды. Ұлттық ауруларды бақы­лау орталығының ақпараты бо­йынша екпенің алғашқы дозасы 703 945 адамға салынды. Бұл елдегі ересек тұрғындардың 24,6 пайызын құрайды.

Вьетнамда бір тәулікте 13 мың адамға вирус жұққаны анық­­талды. Бұған дейінгі ең жо­ға­ры көрсеткіш 25 тамызда тір­­кел­ген еді. Пациенттердің бар­­лығы дерлік ел ішінде індет жұқ­­тырған. Елдің оңтүстігінде нау­қас­­тан­ғандар көп. Мәселен, Хо­ши­­минде 5 383 жағдай, Бинь­зонг пров­инциясында 4 187, Донг­­най провинциясында 996 жа­ғ­дай анықталды.  Осылай­ша, Вьет­нам­дағы сырқаттан­ғандар­дың жал­пы саны  410 366 адамға дейін өсті, 10 053 адам қайтыс болды.

Косово ұлттық денсаулық сақтау институтының мәліме­тіне сүйенсек, тәуліктегі коронавирус жұқтырғандар саны 2 мыңнан асқан. Олардың көп­шілігі «Дельта» штамын жұқ­тырған. Косово Үкіметінің өкілі Бесник Бислими елге коронавирус вакцинасының 650 000 дозасы келетінін айтады. Германия 150 000 доза жөнелтсе, қалған жарты миллион дозаны АҚШ бермек.

Еуропалық одақ АҚШ-тан келушілердің кіруіне тыйым салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Израиль, Черногория, Ливан, Солтүстік Македония және Косоводан келушілердің де кіруі­не шектеу енгізуі мүмкін. Егер ЕО елдерінің ешқайсысы қарсылық білдірмесе, бұл жаңа қарар 30 тамызда қабылданады.

Ресейдегі Кубаньда тұрғын­дардың бәрі коронавирус инфекциясына қарсы толық вакцина алды. «Аймақта коронавирусқа қарсы вакциналау 276 егу пунктінде жүргізіледі. Оның ішінде 72 көшпелі бригада жұмыс істейді. Бүгінгі таң­да облыста эпидемиялық көр­сет­кіш бойынша 406 мың адам екпе қабылдаған», дей­ді Краснодар өлкесіндегі Роспот­ребнадзордың жетекші маманы Виолетта Троеглазова.