Осылайша, оңтүстікастаналық ұжым өз тарихында тұңғыш рет Еуродода бәсекесінің топтық кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ «Қайрат» қазақ футболы тарихында Конференция лигасының топтық сатысына шыққан бірінші клуб болды. Ал жалпы қазақстандық командалар арасында Еурокубоктың күзгі маусымына жолдама алған үш команданың қатарына қосылды. Естеріңізде болса, бұған дейін Қарағандының «Шахтері» (Еуропа лигасы, 2013/2014 жылғы маусым) мен елорданың «Астана» клубы (Чемпиондар лигасы – 2015/2016 жыл, Еуропа лигасы – 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019 және 2019/2020 жылдары) топтық кезеңде өнер көрсеткен болатын. Сонымен қатар «Астана» Еуропа лигасының 2018/2017 жылғы маусымында турнирдің 1/16 кезеңіне дейін жеткен бірінші қазақстандық команда атанған еді. Енді міне, сол жетістікті алматылық клубтың қайталауына зор мүмкіндік туып тұр.
«Қайраттың» биылғы Еурокубок ойындарында жүріп өткен жолына зер салар болсақ, алматылық клуб үшін іріктеу кезеңі оңайға соқты деп айта алмаймыз. «Өткелден өтерде ат ауыстырмайды» десе де, «Қайрат» іріктеу кезеңі аяқталғанға дейін үш бапкер ауыстырып үлгерді. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі басталар тұста футболшылардың қыр-сырын жақсы білетін, бірнеше жылдан бері клубта жұмыс істеп келе жатқан бас бапкер Алексей Шпилевский қызметінен кетіп, оның орнына «Қайрат-Жастар» командасының жаттықтырушысы Кирилл Кекер тағайындалды. «Қайрат» секілді ірі клубтарды жаттықтырып көрмеген, Вагнер Лав секілді жұлдыз футболшылармен қоян-қолтық араласып жұмыс істейтіндей тәжірибесі жоқ жас маман осылайша «Қайратты» Чемпиондар лигасы дейтін маңызды жарысқа дайындады. Көпшілік күткендей «Қайрат» «ә» дегеннен турнирді сәтті бастағанымен, кейінгі кезеңде деңгейі белгілі бола бастады. Екінші іріктеу кезеңінде Сербияның «Црвена Звезда» клубынан екі ойын қорытындысы бойынша 6:2 (2:1, 5:0) есебімен оңбай жеңіліп, Еуропа лигасына түсіп қалды. Кирилл Кекер шәкірттері бұл айналымда да өздерінің ойынын көрсете алмады. Деңгей жағынан әлдеқайда төмен болған Арменияның «Алашкерт» ұжымымен кездесіп, бұл ойында да 3:2 (0:0, 3:2) нәтижесімен қарсыластарына жол берді.
Сөйтіп «Қайрат» үшінші дәрежелі Конференция лигасына жол алды. «Алашкерттен» жеңілген соң Кирилл Кекер өз қызметінен кеткенін мәлімдеп, оның орнына тағы да жас балаларды баптайтын Артем Гавриленко бас бапкердің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Абырой болғанда Гавриленко топтық кезеңге жолдама беретін соңғы ойында сүрінген жоқ. Қайта жігіттерге жігер беріп, команданы тұңғыш рет Еурокубоктың топтық кезеңіне алып шықты. Плей-офф кезеңінде «Қайрат» екі ойын қорытындысы бойынша Люксембургтің «Фола» командасынан басым түсті. Сырт алаңда өткен алғашқы ойында алматылықтар 4:1 есебімен жеңіске жетіп, топтық кезеңнің мәселесін сол кезде-ақ шешіп қойып еді.
Алматыда өтетін матч алдында «Қайраттың» бұрынғы белді ойыншысы, тәжірибелі маман Құрбан Бердыев клубтың жаңа бас бапкері болып шыға келді. Сөйтіп іріктеу кезеңнің соңғы ойынын үшінші бапкермен бірге ойнаған алаң иелері бұл матчта да өз мықтылығын дәлелдеп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ойынның 13-минутында Артур Шушеначев қақпашымен жеке-дара шығып, өз мүмкіндігін голға айналдырды. 28-минутта Вагнер Лав қақпаның оң бұрышын дәл көздеп, есепті еселеді. Ал 36-минутта Артур Шушеначев командасының үшінші голын соқты. Бірақ кездесудің 44-минутында Мустафич айып алаңының сыртынан тамаша соққы жасап, жұбаныш голын соқты. Осылайша, «Қайрат» екі ойынның нәтижесі бойынша 7:2 есебімен жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, Конференция лигасының плей-офф кезеңінде ойнаған Қарағандының «Шахтері» топтық кезеңге шыға алмады. Тель-Авивтің «Маккабиімен» кездескен жерлестеріміз екі ойынның қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңіліп, Еурокубок ойындарын осы жерден аяқтауға мәжбүр болды. «Шахтер» елордада өткен бірінші ойында қарсыластарына 2:1 есебімен жол берсе, бір аптадан кейін Тель-Авивтегі кездесуде 2:0 нәтижесімен жеңілді. Алаң иелерінен голдарды бірінші таймда Идан Нахмиас (18-минут) және Дан Глазер (40) салды. «Шахтер» бұған дейінгі іріктеу кезеңінде Румынияның «Стяуа» клубынан (0:1, 2:1, пенальти бойынша – 5:3) және Украинаның «Колос» ұжымынан (0:0, 0:0, пенальти бойынша – 3:1) басым түскен болатын.
Осылайша биылғы Еурокубок ойындарына Қазақстанның төрт командасы қатысып, тек бір ғана клубымызға топтық кезеңде ойнау бақыты бұйырды. Әрине, бұл Қазақстан үшін жаман нәтиже емес. Бірақ жоқ дегенде екі клубымыздың топтық кезеңде өнер көрсетуге мүмкіндігі де, әлеуеті де жетер еді. Өкінішке қарай, елорданың «Астанасы» Конференция лигасының үшінші кезеңінде өз алаңында финляндиялық команданы 3:1 есебімен жеңіп жатып, матч соңында 4:3 нәтижесімен жеңіліп, жанкүйерлерін жерге қаратса, Қостанайдың «Тобылы» жас балалардан құралған Словакияның «Жилинасынан» масқара болып жеңілді – 0:6.
Күзгі маусымды жаңа белеспен, жаңа бас бапкермен бастағалы тұрған Алматының «Қайраты» енді алдағы үш ай бойы қазақстандық футбол жанкүйерлеріне нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады деген үміт бар.
27 тамызда өткен Конференция лигасының топтық кезеңіне жеребе тарту рәсімінің нәтижесі бойынша «Қайрат» Швейцарияның «Базель», Әзербайжанның «Карабах» және Кипрдің «Омония» клубтарымен Н тобында ойнайтын болды.
Айта кетейік, әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар жарысты көктемгі маусымда одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алады. Топтың жеңімпазы 1/8 кезеңге жолдама алса, екінші орындағы команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алған клубпен жолығады.