Аймақтар • 30 Тамыз, 2021

Алматы облысында жаңа мектеп қолданысқа берілді

667 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Конституция күніне орай Алматы облысында жаңа мектеп қолдануға берілді. Заманауи білім ошағы Панфилов ауданына қарасты Аққұдық ауылында ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында жаңа мектеп қолданысқа берілді

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі  хабарлағандай, қолданыстағы мектеп 2020 жылдың желтоқсан айында апатты деп танылған. 120 орынға арналған жаңа ғимарат құрылысын "Нұр-Шапағат Құрылыс" ЖШС жүргізді. 2 жылға кепілдікпен салынған білім ошағы барлық материалдық-техникалық жабдықпен қамтылған. Жалпы ауданы 2736,84 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 126 оқушыға 28 ұстаз сабақ береді.

Аудан әкімі Талғат Өмірәлиев жерлестерін Конституция күнімен құттықтай отырып, өңірдегі білім саласының дамуына тоқталды.

«Жыл сайын ауданды кезек-кезегімен 2-3 мектептен жаңартып отырмыз. Биылғы жылы ғана 2 жаңа мектеп салынуда. Кейбір білім ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңа мектептің кілтін табыстау мерейлі мерекемен тұспа-тұс келді. Бұл - барлығымыз үшін қуанышты жаңалық. Жиналған қауымды Конституция күнімен және келе жатқан Білім күні мерекесімен құттықтаймын»,  деп атап өтті аудан басшысы.

Айта кетейік, Панфилов ауданында шет елді мекендердегі мектептер де жаңалаудан өтіп жатыр. Қазіргі уақытта Басқұншы ауылындағы 300 орынды және Қорғас ауылындағы орта мектептерге күрделі жөндеу басталды. Сондай-ақ, облыс бюджетінен Кіші шыған ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасына қаражат бөлініп, конкурс жарияланды. Келесі жылы екі мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Аудан мектептерінде 27100 оқушы білім алады.

Еске салсақ, Алматы облысында биыл 33 мектеп салынып жатыр. Биыл оның тоғызы және бір қосымша ғимарат қолданысқа беріледі. Оның ішінде 1 қыркүйек күні Қарасай, Іле, Ескелді және Панфилов ауданында 6 жаңа мектептің кілті табысталады. Одан бөлек 3 жеке мектеп қолданысқа беріледі деп жоспаранған. Оның екеуі Білім күні есігін айқара ашады.