Қазақстан • 31 Тамыз, 2021

Конституция және Президент

1238 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Конституция күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі аясында атап өтілді. Әрине, тарихи тұрғыдан алғанда жиырма алты жыл да, отыз жыл да көп уақыт емес. Ал осы кезеңнің әрбір жылына, тоқсанына, айына, күніне зер сала қарасақ, мемлекеттің қалыптасу жолында сан алуан сын сағаттың болғанын көреміз.

Конституция және Президент

Төрткүл дүниеде орын алып жат­қан небір қиын оқиғалар мен жа­­һандану үрдісінің ықпалы біздің елге де тигені белгілі. Соның ішінде ке­зең-кезеңімен қайталана отырып соққан дүниежүзілік экономикалық дағдарыстардың салдары ерекше болды. Тосыннан туындаған осын­дай қиындықтарды еңсеру жа­уап­кершілігі, әрине, халық үмітін ар­қалаған Мемлекет басшысына түсе­тіні белгілі. Міне, дәл осындай жауапты сәттерде, Қазақстан Ре­с­пуб­ликасының Президенті – Мем­ле­кет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі ба­­ғыт­­тарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қа­зақ­стан­ның атынан өкілдік ететін ең жо­ға­ры лауазымды тұлға ретінде Қазақ­стан Конституциясының қуаты мен күшіне жүгіне отырып, қажетті әрі қабілетті ұлттық заңдарды дер ке­зінде қабылдатып, барлық қи­ын­дық­ты еңсеріп, болашаққа айқын жол ашып бергені ел-жұртқа мәлім.

Осы процесте Президент үшін Конституцияның көмегі мен ықпалы қа­лай болды? Ата Заңның қандай нор­малары қуаттылығын көрсетті? Оның нәтижесі қандай? Осы сұрақ­тар­ға құқықтық тұрғыдан жауап қарас­тырғанымыз орынды болар деп ой­лаймын.

Конституцияның 40-бабының 2 және 3-тармақтарында Қазақстан Республикасы Президентінің халық және мем­лекеттік билік бірлігінің, Конс­ти­туцияның мызғымас­ты­ғы­ның, адам және азамат құқықтары мен бостан­дықтарының нышаны әрі ке­пілі екендігі және ол мемлекеттік би­лік­тің барлық тармағының (заң шы­ғарушы, атқарушы және сот билігі) келісіп жұмыс істеуін және өкі­мет органдарының халық алдын­да­ғы жауапкершілігін қамтамасыз ету мәртебесі мен басшылық құзыры қа­ралған.

Президенттің осы аталған өте жа­уап­ты өкілеттілікті атқару ныша­ны ретіндегі конституциялық си­пат­тамасы оның мемлекет пен қо­ғам арасындағы ілгері­­леу құн­ды­лық­тарын тек қазақс­тан­дық­тардың мүддесі үшін пайдаға жаратуды қам­тамасыз етіп, Конституцияның кіріс­песінде қаралған түпкі мін­дет­терге абыроймен қол жеткізуге адал әрекет жасап, өзінің тікелей үлгі болуында деп түсінгеніміз жөн. Ал Президенттің кепіл ретіндегі конституциялық сипаттамасы оның мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға мәртебесі мен айрықша заңдық құзыретіне тікелей байланысты болып, әр саланы ұлттық заңнамамен қа­м­туды ұйымдастыра білуінен ай­қын көрінеді.

Конституцияда көзделген осы және басқа да мәртебелі міндеттерін іске асыру жолында Президент әрбір іс-әрекетін және шешімін Кон­с­ти­­туция талаптарына сай мүлт­ік­­сіз іске асырады. Сонымен қа­тар Мемлекет басшысы ретінде өзіне ті­ке­лей бағыныстағы және жауапты мемлекеттік құрылымдардан да осыны талап етеді. Нәтижесінде, үй­ле­сімді қарым-қатынас орнап, мем­лекеттік басқару жүйесі біркел­­кі қыз­мет атқарып, азамат­тардың құ­қықтары мен бостан­дық­та­ры­ның сақталуына, жеке өмір­леріне қарсы заңсыз әрекет­тер жасалуына жол бермеуге, әркімнің ар-намысы мен қадір-қасие­тінің қорғалуына, заң мен сот алдында тең болу құқығы және басқа Конс­ти­туцияда қаралған ке­піл­дік­тер­дің шы­найы орындалуына мүм­­кін­дік туындайды.

Мемлекет басшысының елді де­мок­ратиялық жолмен өркендетіп, мықты экономика мен бәсекеге қабі­летті ұлттық заңнама жүйесін қалып­тас­тыру арқылы ілгерілетудегі көш­бас­­шылық рөлі ерекше. Сонымен қатар Президент елдегі бейбіт өмір мен конституциялық тұрақтылықты қамта­масыз ету мақсатында Консти­ту­цияға орынды өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізудің тәртібін қам­та­масыз етуде шешуші тұлға болып табылады.

Қарқынды дамып жатқан қоғам мен мемлекет өміріндегі әрқилы аса маңызды қоғамдық қатынастар ұлт­­тық заңнаманың да жағдайына ті­ке­лей әсер етеді. Өзінің тарихи мін­­детін атқарғанымен, жаңа талап­тар­ға бейімсіз болған жағдайда, қан­дай салаға қатысты болсын, қол­­­да­ныстағы заңдардың өзгеріске ұшы­­­рап отыруы қажетті құбылыс. Заң қатып қалған құжат болмауы керек. Халықтың мүддесін шешу қажет болған уақытта ол өзге­ріске ұшы­райды. Дәл осындай жағдай Конс­ти­ту­цияға да қатысты. Сондық­тан да елдегі қарқынды өзгерістердің ық­палымен ел Конституциясына төрт рет өзгерістер мен толықтырулар ен­гі­зілді.

Алғашқы Конституциялық реформа 1998 жылы «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның аясында іске асты. Онда Парламент Палаталарының өкілеттік мерзімдері өзгертілді, 77 депутаттан тұратын Мәжіліске 10 орын қосылды. Пар­ла­менттің өкілеттілігі кеңейтіліп, Үкімет мүшелерінің Парламент ал­дын­дағы жауапкершілігі бекітілді. Сот төрелігін жетілдіру бағытында алқа­билер жүйесі енгізілді.

Екінші конституциялық реформа 2007 жылы ел ішіндегі терең эко­номикалық, саяси, әлеуметтік-мә­дени өзгерістерге байланысты өтті. Атап айтқанда, Парламент Мә­жілісінің сайлауы кезінде про­по­рциялық сайлау жүйесі толық бекітілді. Парламенттің өкілеттілігі кеңейтіліп, Үкіметті жасақтаудың жаңа рәсімін енгізу және биліктің атқарушы тармағына қатысты заң шығарушы тармақтың бақылау тетік­терін оңайлату есебінен Пар­ла­­мент мәртебесі нығайтылды. Премьер-Министрді парламенттік көп­шіліктің бекітуі туралы норма және Президенттің Үкімет басшысын та­ғайындау кезінде партиялық фракциялармен кеңесу рәсімі енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. Сондай-ақ өлім жазасын қолдану шектері, тек соттың қамауға алуға және қамауда ұстауға санкция беруі айқындалды. Мемлекеттік басқа­ру процесіне кеңінен қатысу құ­қы­ғын қамтамасыз ететін және үй­лес­ті­ретін мемлекеттік жүйе негіз­дерін қалыптастыру процесі аяқ­тал­ды.

Үшінші Конституциялық реформа 2011 жылы жүргізіліп, ел Пре­­зидентінің кезектен тыс сайла­уын тағайындау мен өткізудің конс­ти­ту­циялық негіздерін белгілеу­ге бағыт­тал­ған өзгерістер енгізілді.

Төртінші конституциялық реформа 2017 жылы өткізіліп, онда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді ауқымды қайта бөлу, Парламент пен Үкі­меттің дербестігі мен жауап­кер­ші­лігін арттыруға қатысты нормалар қабылданды.

Тұтастай алғанда, бұл реформалар көздеген тарихи міндеттерін жүзеге асырып, нәтижесінде елдің алға қарай дамудағы бағыт-бағдарын ай­­қындауға сүбелі үлес қосып отыр деуге толық негіз бар. Оған дәлел, құ­қықтық бағытта қызмет атқаратын бел­­сенді халықаралық ұйымдардың ара­сында беделі жоғары, пікірі өтімді Еуропа Кеңесінің Құқық арқы­­лы демократия үшін Еуропалық ко­мис­­сиясы (Венеция комиссиясы) бұл реформаларға оң бағасын бер­геніне төрткүл дүние куә болды. Бұл жөнінде осы Комиссияның Пре­зиденті, әлемдік деңгейдегі қо­ғам қайраткері, доктор Джанни Букик­­кионың: «Мемлекет басшысы Н.Назар­­баевтың тікелей басшы­лы­­ғы­мен әзірленген Қазақстан Рес­­публи­касының қолданыстағы Конс­­­титуциясы Қазақстан табы­сы­­ның аса маңызды факторы болды деп сеніммен айтуға болады. Конституция экономикалық, сая­си, әлеуметтік өзгерістер үшін бе­рік іргетас бола отырып, мемле­кет пен қоғамда болып жатқан бар­лық про­цесті жандандырды. Қазақ­стан­ның демократия жолында жасау­ға тиіс маңызды қадамдары әлі де бар. Демократия жағдайында тұрақтылық қоғамды ілгері жылжыту мақсатында ашық пікірталастар, саяси диалогтар және идеялармен алмасу арқылы қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстан осы жолда одан әрі прогрес­ке қол жеткізетініне сенемін», деген пікір айтқаны белгілі.

Конституция – ел дамуының арқа­уы, мықты қозғаушы күші. Конс­­титуцияны құрметтеп, оның әле­уетін түсіне білу өте пайдалы болмақ. Себебі халықтың басым көпшілігінің құқықтық сауаттылығы көтеріліп, әркім өз мүддесін қорғауда тек заңның күшіне жүгінудің, оның ішінде Конституцияға басымдық танытудың тиімді әрі пайдалы екен­ді­гіне көздері жетіп келеді. Бұл ке­ң­­інен орын алып келе жатқан құ­б­ы­лыс екендігі белгілі. Өйткені Конс­титуцияның қағи­­даттарын жақ­сы түсініп, меңге­ру­­дің арқасында елі­міз­де өмір сүріп жатқан кім болса да өзінің құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруге жол бермейді. Заң талаптарын түсіне білген адам өзі­не қиянат жасатпайды, әрі өзі де басқаны сыйлап, қоғам тәртібін сақтауға бейім болады.

 

Рамазан СӘРПЕКОВ,

Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, профессор