
Бұл қайғылы оқиға бүкіл халқымызды дүр сілкіндіріп, үлкен алаңдаушылық туындатқаны мәлім. Бәрінің көкейінде: «Бұл төтенше жағдайдың себебі неде? Мұндай оқиғалар біздің елімізде неге жиілеп кетті? Бұған кім кінәлі?» деген сауалдар бар. Сондықтан бұл мәселе жөніндегі өз пікірімді еліміздің бас басылымы арқылы білдіруді жөн санадым.
Қазіргі жағдайда болған оқиға туралы бірнеше болжам айтуға болады:
– қоймада сақталған заттар талан-таражға түсіп, оның ізін жасыру үшін істелген әрекет;
– әскери қоймада өрт пен жарылысты болдырмауға арналған жұмыстардың тиісті деңгейде болмауы;
– әскери қоймада жұмыс істейтін адамның (адамдардың) өзінің басшысына (басшыларына) жасаған қастығы;
– әскери қоймада қауіпсіздік ережелерін белден басып, істеуге болмайтын жұмыстарды жүргізу немесе тағы басқа да келеңсіздіктердің орын алуы.
Ресми деректерге қарағанда, аталған әскери қойма – инженерлік-саперлік қойма, ол өткен ғасырдың 70-жылдары салынған, онда инженерлік-саперлік жұмыстарға қажетті снарядтар, құрал-саймандар және Арыс болған жарылыстан аман қалған әртүрлі снарядтармен қатар, 500 тонна тротил сақталған. Өрт кешкі 18 сағат 45 минутта басталған, оны сол әскери қоймадағы өрт сөндірушілер сөндіруге тырысқан, біршама уақыттан кейін ол жерге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері, полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері және әскери прокурор өз жүргізушісімен бірге барған. Сол кезде жарылыстар басталып, снарядтар жан-жаққа ұшқан. Сол жарылыстардан адамдар мерт болып, көптеген ғимаратқа зиян келген, қойма аумағындағы адамдар мемлекет тарапынан ұйымдастырылған арнаулы орындар мен туған-туыстарының үйлеріне барып паналаған, автомобиль және темір жол қатынастары тоқтатылған, облыс орталығында арнайы штаб құрылып, жарылыстың салдарынан туындаған жағдайды қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен.
Осы айтылған деректердің негізінде, өзімнің қауіпсіздік саласында қызмет істеген отыз жылдан астам уақытта осындай төтенше жағдайларды зерттеу барысында жинаған тәжірибеме сүйеніп отырып, төмендегідей қорытынды жасауға болады деп ойлаймын.
Әскери қоймада орын алған төтенше жағдай жауапты лауазымды адамдардың қауіпсіздік шараларын белден басуының салдарынан туындаған. Олай дейтінім, ол жерге екі жыл бұрын Арыстағы жарылыстан аман қалған снарядтар апарылып, олар 500 тонна тротил тұрған қоймалардың жанында сақталған (қазірге дейін қоймада не жарылып, не қалғаны беймәлім).
Менің білуімше, Арыстағы жарылыстан аман қалған снарядтар, барлық қауіпсіздік шараларын қолдана отырып, арнайы полигонға апарылып, сол жерде залалсыздандырылып, жойылуға тиіс еді. Ол туралы еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаевтың Арысқа арнайы барған сапарлары кезінде екі мәрте нақты айтылған болатын. Сонда бұл аса жауапты тапсырма неге орындалмай қалған? Сондай тапсырма бола тұрып, қазіргі кезде ешқандай әскери қажеттілікке жарамайтын, ауған соғысы кезінде жасалып, ол соғыс біткеннен кейін Арыстағы арсеналға әкелінген өте ескі және жарылуға бейім тұрған снарядтар неге Жамбылдағы қоймаларға апарылып, аса қауіпті жарылғыш болып саналатын тротилмен бірге сақталған? Мұндай шешімді кім және не үшін қабылдаған?
Меніңше, бұл сауалдарға бір ғана жауап бар. Ол – снарядтарды Жамбылдағы арнайы инженерлік-саперлік әскери қоймаға апарып, бөлшектеп, олардағы мыс пен қорғасынды және жарылғыш заттарды бөліп алып, сатып, ақша табу.
Мұндай жұмыстарды, көпшілік жағдайда, арнайы білімі мен ешқандай жауапкершілігі жоқ, болар-болмас жалақыға көнетін адамдар атқарады. Сондықтан ондай адамдар қауіпсіздік шаралары мен еңбек заңдарын сақтамайды, олардың жұмыстары көп жағдайда төтенше жағдайларға алып келеді. Айтылған деректер бұдан бұрын Арыс пен Отарда орын алған бірнеше жарылысты тергеу кезінде анықталған болатын.
Сондықтан Жамбылдағы болған оқиға, өрт пен одан кейін болған жарылыстардың хроникасына қарағанда, ондағы қалыптасқан жағдай да осылай өрбіген деп айтуға негіз бар. Өйткені әскери қойма – анау-мынау ғимарат емес, оны арнайы әскери адамдар күзетеді, ондағы қоймалар өрт болғанын дереу арада білдіретін және орын алған өртті лезде сөндіретін арнаулы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс (өкінішке қарай, Арыстағы арсеналға бөлінген қаржының жарым-жартысы талан-таражға түсіп, ондағы жабдықтар 2019 жылы болған өрт пен жарылыс кезінде істемей тұрған). Сонымен қатар ол қоймада арнаулы өрт сөндіретін бөлім болу керек. Ол бөлімнің әскери қызметшілері жарылғыш заттар мен снарядтар сақталған қоймада өрт шыққанда оны қалай өшіруді білулері қажет. Өрт сөндіру үшін және жарылыс болып жатқан жерге барып жұмыс істей алатын брондалған құрал-жабдықтары да болуы керек.
Ресми дерек бойынша, Жамбыл облысындағы өрт жұмыс уақытынан кейін, яғни 18 сағат 45 минутта инженерлік қоймалардың біреуінде шыққан. Жұмыс соңында, яғни 18.00-де қолданыстағы ережеге сәйкес, барлық жұмыс тоқтатылып, жауапты адамдар қоймаларды тексеріп, содан соң жауып, олардың есіктеріне өздерінің мөрлерін басып, қоймалардың кілттерін кезекшіге тапсырып, қоймадан шығып кетулері керек.
Менің пікірімше, өрт снарядтарды бөлшектейтін қоймалардың біреуінен шыққан болса керек, ол жерде сол уақытта жарылғыш заттар (оқ-дәрі және басқа да жанғыш бұйымдар) болған, олар қауіпсіздік шараларының сақталмауынан тұтанып, өртке айналған. Ол қоймада қажетті өрт сөндіргіштерінің істемеуіне немесе болмауына байланысты, шыққан өртті дер кезінде сөндіре алмаған. Өрт шыққан қоймада жарылыс болып, өрт басқа қоймаларға өтіп, ол қоймаларда да жарылыс басталған. Соның нәтижесінде, ол жерге келген, ештеңеден хабарсыз және бейқам, ол қоймада нендей заттар сақталып жатқанын білмейтін әскери прокурор мен Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мерт болған, жарақат алған немесе із-түзсіз жоғалып кеткен.
Енді жарылыс болған әскери қоймада тергеу жұмыстары басталады. Бірақ одан аса дұрыс нәтиже шықпайды деп ойлаймын. Өйткені болған жарылыстардан кейін ол жерде шұңқырлардан басқа ештеңе қалған жоқ.
Әскерилер мен әскерилерге теңестірілген құрылым қызметкерлері командирдің бұйрығына бағынып, жарғыға сәйкес әрекет жасайтыны белгілі. Сондықтан тергеу кезінде бұл ескерілсе, дұрыс болар еді. Жазықсыз адамдар жапа шекпеуі керек.
Бұл айтылғандар – менің жеке пікірім, мүмкін мен қателесемін. Олай болған жағдайда алдын ала кешірім сұраймын.
Осы айтылғандарды қорытындылай келе, алдағы кезде мұндай төтенше жағдайларды болдырмау үшін төмендегідей іс-шараларды ұсынамын:
- Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың дер кезінде әрі сапалы орындалуын қадағалап, ол туралы ақпарат дайындайтын адамдардың жауапкершілігін күшейту қажет. Олар мемлекеттік органдар мен өңір басшыларына Мемлекет басшысының тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуын өз көздерімен көріп, тексеріп, олардың анық-қанығына көз жеткізулері керек. (Менің бұл ұсынысымды кейбіреулердің дұрыс түсінбеуі және қабылдамауы мүмкін. Бірақ осы мәселе, мемлекеттік органдардың функцияларына тайға таңба басқандай етіліп жазылып қойылғанына қарамастан, көп жағдайда көзбояушылыққа әкелетіні күнделікті өмірден көпшілікке мәлім екені белгілі). Өйтпеген жағдайда, оның салдары жоғарыда айтылғандай төтенше жағдайларға алып келеді;
- Тез арада барлық әскери қойманы қайтадан тексеру керек. Ол жұмыстарға Парламент депутаттары мен күштік мемлекеттік органдардың білімді әрі адал мамандарын тартып, олардан комиссия құрып, оны тек Мемлекет басшысына бағындыру керек. Олар қысқа мерзімде барлық қойманы тексеріп, әр қоймада қалыптасқан жағдай жөнінде өз пікірлерін жазып, Президентке баяндап, қабылданған шешімнің іске асуын қадағалап, оның барысы туралы өз қорытындысын берулері керек. Бұл ұсынысты мен Арыста болған жарылыстан кейін газет арқылы ұсынған болатынмын. Бірақ естуімше, әскери қоймаларды Қорғаныс министрлігі өзі тексеріп, өзі қорытынды жасаған. Ал оның нәтижесі мен салдарын біз Жамбылда болған жарылыстан көріп-біліп отырмыз;
- Арыстағы әскери арсеналда сақталған снарядтар мен жарылғыш заттардың қаншасы залалсыздандырылып, қаншасы жойылғаны, қаншасы қандай қоймаларға апарылғаны халқымызға әлі күнге дейін мәлім емес. Сондықтан оны құзырлы органдар тексеріп, қорытындысын жарияласа дұрыс болар еді;
- Барлық қоймадағы залалсыздандырумен және снарядтарды бөлшектеумен айналысатын бизнес құрылымдардың жұмысын тоқтатып, ол жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге қажетті мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылдау керек.
- Алдағы уақытта Жамбылдағы әскери қоймада болған төтенше жағдайларға ұқсас оқиғалар бола қалса, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерін ондай жерге жақындатпау керек. Ол үшін әр қоймада қандай жарылғыш заттар барын, оларды қалай залалсыздандыруды білетін, керекті брондалған құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген, арнаулы әскери бөлімдер құру қажет. Аса қауіпті өртті сөндірумен тек солар ғана айналысуы керек. Олай болмаған жағдайда Жамбылдағы сияқты, азаматтарды ажалға итермелейміз.
Ержан ИСАКУЛОВ,
генерал-майор, Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері