Президент не айтты?
Шикізат экспортымен алысқа бармасымыз ақиқат ретінде айқындала бастаған соң-ақ апыл-ғұпыл кәсіпкерлікті дамытуға ден қоя бастадық. Рас, кәсіпкерлік бұрыннан бар. Бірақ оларды қолдау жеткілікті деңгейде болмай жүрген. Аяғынан тұрып, еңсесін тіктеп кету үшін жеңілдетілген несие беру, салық жүктемесін азайту, жалдау төлемін төмендету сияқты толып жатқан жеңілдіктер ұсыну қолға алынған. Бірақ соның өзінде бір түйткіл көлденеңдей бергендей еді. Сол жайтты Президент былтырғы Жолдауында айтып еді.
– Бәсекелі ортаны айтарлықтай түрлендіріп, әр кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүмкіндік қалыптастыру қажет. Нарықтарды монополияландыруды тоқтату керек. Нарықтағы көптеген сала нарықтық емес әдіс-тәсілдер арқылы «тас қамалға» айналғаны жасырын емес. Кәсіпкерлер нарыққа кіре алмайды, ал егер кіре қалса, жеке монополистерге бағынуға мәжбүр болады, – деген еді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Қ.Тоқаев бәсекеге қарсы әрекет барлық салада – көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, байланыс, дәрі-дәрмек, әуежай қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері, логистика нарықтарында белең алып отыр, бұл тізімді жалғастыра беруге болады деді. Кейін Президент жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселеге қайта оралды. «Қазір ел экономикасы мемлекеттің шектен тыс араласуынан ғана емес, жеке монополистердің бәсекелестік емес әрекеттерінен де зардап шегіп отыр. Олардың біразы – мемлекет құрған бірыңғай операторлар болса, біразы – жай ғана жеке монополистер. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне аталған құрылымдардың жұмысын жалғастыру қаншалықты дұрыс екендігіне қатысты талдау жасауды тапсырамын», деген еді. Сөйтіп 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке бәсекелестікке залал тигізіп отырған негізгі проблемаларды шешуге бағытталған заң жобасын дайындауға тапсырма берді.
Жаңа заң не береді?
Осы мәселелерді өзек етіп, Серік Жұманғарин басқаратын агенттікке сауал бердік.
«Тәуелсіздік алғалы бері 4 антимонополиялық пакет (заң) қабылданды. Президент атап өткен нарықтық билік шоғырлануының сын көтермес деңгейі және экономиканың базалық секторларындағы монополиялау бесінші пакетті әзірлеуге негіз болды. Мұнда үздік әлемдік практика ескеріледі. Заң жобасын қабылдау бәсекелестік саладағы тауарлық нарықтың жүйелік проблемаларын шешуге және кедергілерді жоюға бағытталады. Бесінші пакет негізінен үш кедергіні құртуға бағытталмақ: негізгі қуатқа қол жеткізуді шектеу, бағаны бұрмалау және таңдамалы қамқоршылық немесе фаворитизм» дейді агенттік басшысы.
С.Жұманғариннің айтуынша, қазір республикада тауарлық нарықтардағы үш ірі ойыншының нарықтық үлесі 70 пен 100 пайыз аралығында екен. Нарықтың көбінде нарықтық емес әдістер үстемдік құрып тұр. Кәсіпкерлер онда кіре алмайды. Кірді екен, жеке монополистің айтқанымен жүріп тұруға мәжбүр болады. Сонымен қатар экономикадағы мемлекет үлесінің де әзір төмендей қояр түрі байқалмайды. 2021 жылы ІЖӨ-дегі мемлекет үлесі 14,8 пайызды құрап тұр.
Қазір елдегі әрбір нарықтың өзінше заң қалыптастырып, жазылмаған ережелермен билеп-төстейтіні, бұл өз кезегінде ауқымды көлеңкелі экономиканы қалыптастырып отырғаны өтірік емес. Соның салдарынан кәсіпкерлер жемқорлыққа бейім болады, тиісінше кәсіпкер болуға деген ынта да төмендейді. Сарапшы Жақып Хайрушев монополия қатты өрістеп отырған салаларды атады және шешу жолын ұсынып көрді.
– Біркелкі, сондай-ақ өмірлік маңызы бар тауарлар мен қызметтер ұсынатын кәсіпкерлер өзара кеңесіп бағаны негізсіз көтерер болса немесе өзге кәсіпкерлердің бұл нарыққа кіруіне мүмкіндік бермесе, бұл халықтың өмір сапасына бірден әсер етеді. Өйткені таңдау еркіндігі болмайды және бұл тауардың сапасына да қатысты болмақ. Қазір мұндай ахуал жаңа пәтерлер мен әуе билеттерінің бағасынан қатты байқалып отыр, – деген сарапшы «нарықты монополиялауды тоқтату үшін бір ғана нұсқа бар, ол – «ашық аспан» ұстанымы» дейді. https://t.me/ekxkz
– Бұл тек әуе компаниялары үшін ғана емес, банк құрылымы, девелопер және өзге де кәсіпкерлік салаларына қатысты. Жалпы, қандай да бір салаға билік ететін шенеуніктің туыс-туған, дос-жарандарының бәсекелестікті тұншықтырып отырғаны жасырын емес. Сол себепті арнайы заң және рейдерлікке байланысты қатаң шаралар қабылдау керек. Қаншама бизнесмен осы рейдерліктің кесірінен кәсібінен айырылды. Ондай адамдардың кейін кәсіпке қайта оралуға деген құлшынысы да болмай қалады. Ал біз бірнеше жүздеген талантты кәсіпкерді жоғалтып жатырмыз, – деді Ж.Хайрушев.
Биржалық сауда монополияның жолын кесе ме?
Әділ бәсекелестікті әбігерге түсіріп отырған, жоғарыда айтылған үш кедергінің үлесін азайту үшін не істеледі? Агенттік оған қатысты 8 базалық бағыт дайындағандарын айтады. Алғашқысы – негізгі қуатқа қол жеткізу. Екіншісі – мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу. Үшіншісі – экономикадағы мемлекет үлесін азайту. Төртіншісі – мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бесіншісі – цифрлы экономиканы реттеудің жаңа тәсілдерін енгізу. Алтыншысы – бәсекелестік әсерін бағалауды енгізу. Жетіншісі – электр энергиясы нарығындағы бәсекені дамыту. Сегізіншісі – дәрілік заттар нарығындағы бәсекені дамыту.
Осы айтылғандар іске асып, Президенттің: «Мемлекеттік және жекеменшік саладағы «монополистердің» жұмысын ретке келтіру керек. Нақты ережелерді бекіткен жөн: олар қандай жағдайда және қандай нысанда құрылады, түскен табыс қайда жұмсалады. Қатаң қоғамдық мониторинг жүргізу қажет» деген талабы орындалса игі. Сондай-ақ Қ.Тоқаев биржадағы сауда-саттықты тәртіпке келтіру керек дегенді де айтып еді. Агенттік Президент тапсырмасын бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба және заң жобасы негізінде жүзеге асыруға ниетті сияқты.
Еске салсақ, Президент Жарлығымен 2020 жылдың 5 қазанында тауарлық биржа саласындағы мемлекеттік бақылау мен лицензиялау функциясы және өкілеттілігі осы агенттікке берілген еді. Осыған орай агенттік ішінде биржалық комитет құрылып, аталған комитет әуе отыны, газ және мұнай өнімдерінің биржалық саудасы бойынша бірнеше отырыс өткізіп, оған сол нарықтың нақты сатушылары мен сатып алушылары қатысқан. Сөйтіп жаңа әдіс-тәсілдер талқыға түскен. Нарық қатысушыларын биржалық сауданың қыр-сырына үйрету оқуы әлі жалғасып жатыр, дейді агенттік.
31 наурызда битум және бензин бойынша биржалық сауда басталды. 31 наурыз бен 6 сәуір аралығында 18 265 тонна Аи-92 бензині биржаға шығарылған. Бұл Энергетика министрлігінің сәуір айында ішкі нарыққа жеткізетін бүкіл бензиннің (275 787 тонна) 6,6 пайызы. 24 мамырда коммуналдық-тұрмыстық көмірдің шағын партиялары бойынша биржалық сауда басталған. Мұндайда делдал араласпай, өңірлік операторлар көмірді тікелей разрездің өзінен сатып алады. Әлбетте, бұл жағдайда көмірдің соңғы бағасы да төмен болады. Агенттіктің хабарлауынша, алда дизельді отын, авиациялық керосин өнімдері бойынша биржалық сауда жасау жоспарланып отыр.
Бәрін айт та бірін айт, электр энергиясы саласындағы монополия жұрт аузына жиі ілігеді. Ондай монополиялар электр энергиясының бағасын өзге жұрттан қымбат етіп қояды. Ал жалп етіп жарық сөнсе, оның себеп-салдарымен күресуді ойламайды. Оларға ешкім арыз-шағым айтпауы керек. Тап қазір электр энергиясының 99 пайызы ашық емес тікелей келісімдер арқылы саудаланады екен. Агенттік бұл шаруаның да етек-жеңін жиямыз дейді. Айтуларынша, 2025 жылға таман электр энергиясының ұйымдастырылған саудасын кем дегенде 30 пайызға жеткізбек.
Инвестициясыз игеру қиын
– Отандық электр энергетикасы саласында энергия беруші ұйымдар немесе жай ғана электр желілері компаниялары таза монополия болып саналады. Қызметі монополияға қарсы заңмен бекітілгендіктен олар табиғи монополиялар қатарына жатады. Сонымен қатар табиғи монополиялар қызметі кез келген елдің экономикалық өсуіне айтарлықтай әсер етеді, әлемдік нарықта экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл компаниялардың активтерін тиімді және жаңартылған күйде ұстау өте маңызды. Дәл қазір электр желілері шаруашылығы тым қатты тозып кеткен. Бұл ретте монополияға қарсы ведомство табиғи монополиялардың инвестициялық бағдарламасын аса мұқият қарауға тиіс. Өйткені ақша табудың басқалай жолы жоқ, – дейді электр энергиясы саласының сарапшысы Ж.Хайрушев.
Оның айтуынша, қазіргі бекітілген шекті тарифтер толыққанды жаңғырту, реконструкция жүргізуге мүмкіндік бермейді.
«Жаңа электр стансалары құрылысына да шетелдік инвестиция тартылып отырған жоқ. Кез келген жаңғырту шетелдік инвестициялаусыз жүзеге аспайды және мемлекеттік органдардың – жаңа өндіру қуаттылығына, электр желі шаруашылығының нысандарына, жаңғыртылған энергия көздеріне, энергия тиімділік және энергия жабдықтау бойынша бағдарламаға қатысты бүгінгі жоспары бұл салаға инвестиция тарту механизмдерінсіз қарастырылатын сияқты» деп қынжылады сарапшы.
Төрт жыл қалды...
Сондай-ақ транспорт, әсіресе, темір жолдағы жүк тасымалы бойынша да бәсекені дамыту жоспарланған. Қазір 40 лицензия беріліп, нарықта 3 тасымалдаушы жұмыс істеп жатыр екен. Екеуі жекеменшік тасымалдаушы әрі қанатқақты режімде істеуде. Агенттік мұндай тасымалдаушылар санын 5 жылдан соң 10-ға жеткіземіз деген уәде береді. Өз қазанында қайнап жатқан жабық нарықтар дегенде әуежайлар мен дәрі-дәрмек нарығы ойға оралады. Агенттік бұл салаға да «ауыз саламыз» және жолаушылар тасымалы нарығын толықтай жекешелендіреміз дегенді айтады. Ал фармацевтика нарығында 2020 жылдың өзінде 109 тергеу аяқталған, 29-ы әлі жалғасып жатыр екен. Сондықтан болар, мемлекет мейлінше тезірек препарат бағасын реттеуді азайтуға ниетті.
Агенттіктің хабарлауынша, биржалық саудада 2022 жылы сығымдалған газдың сатылуы 100 пайызға жетсе, 2025 жылға таман мұнай өнімдерінің саудасы 20 пайызға иек артса, бұдан 1,9 трлн теңге табыс түспек. Жоғарыда айтылғандай, электр энергиясының биржалық саудасы 2025 жылға таман 30 пайызды қамтып жатса, 350 млрд теңге табыс алып келуге қауқарлы. Егер бұл сауда әрі қарай сәтті жалғасса, жыл сайын бюджет қаржысын үнемдеу 20 млрд теңгеге ұлғаяды және шағын және орта бизнес үшін 31 млрд-қа көбейетін көрінеді.
Қысқасы, агенттік беріп отырған уәде мол. Сарапшылардың көңілі күмәнға толы. Халықтың да. Бір байқағанымыз, шаруаның бәрі 2025 жылға таман оңғарыла бастайды. 2025 дегеніңіз қыр астында тұр. Бір талпынсақ оған да жетеміз. Тым жақын уақыт. Көп жерде көкенің қоңырауы шешетін, өзіне емес «жоғарыға» құлай сенетін, қайсарлық пен табандылық, ептілік пен талант емес, беті жылтыраған ақша ғана қадірленетін қоғамды мибатпақтан арылту да оңайға түспес. Ал оған төрт жыл жете ме?