Ал енді дәстүрлі «Алғашқы қоңырау» салтанаты тек бірінші сынып оқушылары үшін ғана өтеді. Бұл күні балдырғандарға Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етіледі. Сонымен бірге, 1 қыркүйекте барлық мектептерде «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында сынып сағаттарын өткізу жоспарланған.
Ал ең басты жаңалық – Қарағанды облысында жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталмақшы. Оқушылардың мектеп формасын киюі міндетті емес: классикалық және іскерлік үлгідегі киімге рұқсат етіледі.
Биылдан бастап 5-8-сынып оқушылары үшін «Парасаттылық және этика», «Экология», «Эмоциялық ақыл-ой және сыни ойлау», «Медиасауаттылық» сынды жаңа курстар енгізілмек. Бұл жерде таңдауды оқушылардың өздері жасайды.
Әлеуметтік осал отбасылардың балаларына деген қамқорлық биыл да жалғасын табады. Бұл мақсатта жалпыға міндетті оқу қоры есебінен 22 мыңнан астам оқушы мектеп формасымен және керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 16 мыңнан астам оқушыға тегін түскі ас беріледі. Бюджеттен барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қаражат бөлінді. Ал «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 3 899 балаға көмек көрсетілген.
Биыл облыстағы колледждер де дәстүрлі форматқа оралатын болды. Оқу-өндірістік шеберханалар мен зертханалар жұмысын қайта бастайды. Студенттер жатақханаға орналастырылады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова барлық білім беру ұйымдары Ashyq жобасының қатысушылары болатынын айтады. Атап айтқанда, барлық санитарлық талаптар мүлтіксіз орындалатын болады. Оқу басталғанда кабинеттік жүйе алынып тасталады және түрлі сыныптар үшін үзіліс әртүрлі уақытқа бөлінеді. Сабақтарды бірнеше ауысыммен өткізу де қауіпсіздікті сақтау шараларының нәтижесінде туындаған.
Жаңа оқу жылында ұстаздар қауымының вакцина алу мәселесі де жіті назарда болмақ. Білім басқармасы берген ресми мәліметке сенсек, қазіргі уақытта аталған ведомство қызметкерлерінің 90%-дан астамы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырған екен.
Қарағанды облысы