Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2021

Харьков маңында қазақ жауынгерлерінің жүзден астам сүйегі табылды

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Украина мен Қазақстанның іздеу топтары Харьков түбінде 116 сарбаздың сүйегін тапты. Олардың кейбіреулері Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтарға тиесілі болуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Харьков маңында қазақ жауынгерлерінің жүзден астам сүйегі табылды

Қазба жұмыстары 106-шы Ақмола кавалериялық дивизиясының жауынгерлері соғысқан аумақта жүргізілуде. Екі апта бойы қазақстандық арнайы жасақ украиндық әріптестерімен бірге сарбаздардың сүйектерін іздеумен айналысты. Іздеушілер 116 дененің сүйегін тапты.

«Мемориалдық аймақ» бірлестігінің жетекшісі Майдан Құсайынов қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде басқа да қалдықтар болуы мүмкін деп есептейді.

«Мұнда біз тек шетіне жеттік. Ал ядросына әлі жеткен жоқпыз. Тереңде ондаған мың қалдықтар болуы мүмкін. Онда сарбаздардың есімдері мен жеке заттары анықталады. Алдағы уақытта осы жерде мемориалдық аймақ құрғымыз келеді», деді Құсайынов.

Бұл экспедиция Украинада өткізіліп жатқан Қазақстанның тарихи-мұрағаттық жобасының алғашқы кезеңі болып есептеледі.

«Хабар 24» мәліметі бойынша, украиналық іздеушілер бұл аймақта бес жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде олар 500 сарбаздың сүйегін тапты.