01 Мамыр, 2010

ЖАН ЖАДЫРАТАР “ЖАСЫЛ ОРМАН”

567 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бурабайдағы “Жасыл ор­ман” шипажайы өнегелі істері­мен жұртшылық назарын ауда­рып келеді. Мәселен, 80 адам­дық ұжым өзінің биылғы қыз­метінің басты бағыты Ұлы Же­ңістің 65 жылдығына арнал­ған­дығын айшықты көрсете білуде. – ­Біз көктемгі-жазғы мау­сымда Солтүстік Қазақстан об­лы­сының 400 тұрғынына қызмет көрсетуді міндетімізге алғанбыз, –дейді шипажай директоры Дүйсенбек Аман­жолов. – Жуырда алғашқы 40 қонағымыз қоныстанды. Олар­дың барлығы соғыс және еңбек ардагерлері. Дайындық жұмыстарын ерте бастап, барлық қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуге тырыстық, тіпті жиырма жылдан бері жұмыс істемей тұрған лифтті де қозғалысқа қостық. Арда­гер­леріміз ем-домның 40 және туристік маршруттардың 19 түрін пайдалана алады. Кезекті іссапар барысында “Жасыл орманға” біздің де жолымыз түскен. Бұл күні Жеңістің 65 жылдығына арнал­ған еркін күрестен аймақтық жарыс қызып жатыр екен. Оған Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан облыстары мен Астана қаласы­ның 170 балғын спорт­шысы қатысып, бес салмақ дәреже­сінде бақ сынасты. Жарыстың бас төрешісі Болат Әбділдин бірінші рет өткізіліп отырған сайыста Солтүстік Қазақстан облысының Уәли­ханов және Тайынша аудан­дары­ның, Ақмола облысының Есіл және Астрахан аудан­дарының өкілдері ерекше көзге түскенін айтты. Ал, танымал бапкерлердің бірі КСРО чемпионы Бекім Жапаров екі күнге созылған жарыстың тәрбиелік мәні зор екендігін атап көрсетті. Жарыс­ты ұйымдастыру шығы­нын өз мойнына алған шипа­жай басшылығы ауыл бала­ларына ұмытылмас қуаныш сыйлады. Оның ашылуында демалушы соғыс және еңбек ардагерлері­нің ақ батасын беруі балғын спортшыларды қанат­тан­дырғаны анық. Үздік балуан­дарға шипажайдың арнайы төсбелгілері тапсыры­лып, сый-сияпаттар үлестірілді. Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы.