Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2021

Заңбұзушылық: 20 пәтер мемлекет игілігіне қайтарылды

181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысының прокуратурасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер бөлу кезінде бірқатар заңбұзушылық фактілерін анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңбұзушылық: 20 пәтер мемлекет игілігіне қайтарылды

Ведомство ұсынған мәліметке сәйкес, облыстың барлық аудандарында прокурорлық тексеріс жүргізілуде. Тексеру шаралары барысында Көкшетау қаласында бюджеттік ұйымның қызметкері 2017 жылы мемлекеттен алған пәтерді үшінші тұлғаларға жалға беретіндігі анықталды.

«Көкшетау қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша аталған тұлға пәтерден көшіріліп, пәтер көпбалалы отбасына берілді. Астрахан ауданында 2017 жылы бюджеттік ұйымның қызметкеріне мемлекет қорынан пәтер ұсынылған болатын. 2020 жылы қызметкер өз атына бұдан басқа пәтерді мұра ретінде қабылдағаны анықталды. Бүгінгі таңда мемлекет қорындағы пәтер 11 жыл кезекте тұрған жетім баланың пайдалануына берілді», деп түсіндірді ведомстводан.

Тексеру қорытындысы бойынша мемлекет игілігіне 20 пәтер қайтарылды.

«Жақын арада пәтерлер қайта бөлініп, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Бұл бағытта жұмыс әрі қарай жалғасын табатын болады», деп толықтырды ведомстводан.