Білім • 01 Қыркүйек, 2021

Асхат Аймағамбетов мың мектепті салу қалай орындалатынын айтты

794 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президенттің мың мектеп салу туралы тапсырмасы қалай орындалатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асхат Аймағамбетов мың мектепті салу қалай орындалатынын айтты

Министр Президенттің білім және ғылым саласы бойынша да бірқатар маңызды әрі өзекті міндеттер жүктегенін атап өтті.

«Президент Жолдауында көзделген тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданатын болады. Жолдауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн орын қажет болады. Бұл мәселені шешу үшін мың жаңа мектеп салынады. Осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп, 4 тетік пайдаланылады. Атап айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу», деп жазды министр Facebook желісінде.

Оның айтуынша, оқушылар біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру және оқу бағдарламаларын бейімдеу бойынша шаралар жоспарланған. Сонымен қатар 5 мың мектепті модернизациялау, пәндік кабинеттермен жабдықтау, қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс бөлу жоспарда бар.

«Педагогтердің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Әлем қарыштап дамып келе жатқанда бұл өте маңызды. Мұғалімдердің біліктілігін қазіргідей бес жылда бір рет емес, үш жылда кемінде бір рет арттыру көзделетін болады. Президент сондай-ақ педагогтерді тегін курстармен толық қамтамасыз ету қажеттігі туралы мәлімдеді», дейді А. Аймағамбетов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін елімізде 1000 мектеп салу міндетін қойды.