Күн тәртібіндегі мәселеге кіріспес бұрын Мәжіліс Төрағасы депутаттық корпустың назарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басымдықтарға аударды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы – Қазақстанымыздың тұрақтылығын сақтай отырып, елді одан әрі дамытуға арналған стратегиялық құжат. Себебі Жолдауда саяси, әлеуметтік, экономикалық өсіп-өркендеудің нақты жолдары, нақты қадамдары көрсетілді. Оның ішінде, әсіресе, агроөнеркәсіп, денсаулық, білім, аймақтар дамуы және басқа да бағыттарды нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал біздің депутаттық корпустың ендігі басты мақсаты – ол осы барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету, – деді Нұрлан Нығматулин.
Cонымен қатар Мәжіліс Төрағасы бюджет-қаржы жүйесін жақсарту, елді саяси жаңғыртуды жалғастыру сияқты міндеттерге де назар аударды. Осы тапсырмалардың барлығы Парламенттің алдағы кезеңдегі заң шығару жұмысы үшін де айқын бағыт бергенін атап өтті. Қазақстан Президентінің Жолдауында белгіленген елді жүйелі жаңғырту үшін мықты заңнамалық базаны сапалы және жедел құру қажеттігіне тоқталды.
Мәжіліс Спикері депутаттар қарауындағы заң жобалары туралы айта келіп, қазір Палатада қаралып жатқан өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасына, ел Президенті әзірлеп, қабылдауды тапсырған агломерацияны дамыту, кәсіби біліктілік туралы заң жобаларына да назар аударды.
Нұрлан Нығматулин депутаттар алдында Әлеуметтік кодекс жобасымен жұмыс тұрғанына назар аударды. Осы және басқа да заң жобалары бойынша барлық жұмыс, әдеттегідей, ашық және транспарентті түрде жүргізілетінін, ол азаматтық қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің белсенді түрде қатысуымен өткізілетінін атап өтті.
Жалпы отырыста Палата комитеттері қорытынды әзірлеу үшін бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олар: Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары.
Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы да жұмысқа алынды.
– Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 29 қазандағы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ізгілік қағидаты негізінде қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жазадан әрі қылмыстық жауаптылықтан босатуға, жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуға бағытталған, – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.
Оның айтуынша, қоғам және мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарды, оның ішінде әлеуметтік осал топ санатындағы ел азаматтарын жазадан босатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірленеді.
Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы және оған ілеспе заң жобалары, бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша және көлік мәселелері туралы жаңа заң жобаларын да Палата комитеттері жұмысқа алды.
Жұмысқа алынған жаңа заң жобаларының қатарында бірқатар ратификациялық құжат бар. Атап айтқанда, дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама, Қазақстан мен Қырғызстан және Тәжікстан үкіметтері арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімдерді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қаралатын құжаттар қатарында Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі және Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әралуандылықты сақтау туралы хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобалары бар.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Мақсат Раманқұлов, Ерлан Саиров, Ерлан Смайлов, Александр Милютин, Берік Дүйсенбинов, Екатерина Смышляева, Наталья Дементьева, Құдайберген Ержан, Мәди Ахметов, Айжан Сқақова, Альберт Рау, Артур Платонов.
Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Сембиновтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, Мәжіліс депутаты Азат Сембинов міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген.
– Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға заңнамаға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Сембиновтің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр, – деді А. Смағұлов.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев ант беріп, Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды.