Президент • 02 Қыркүйек, 2021

Мың жаңа мектеп салынады

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етіп, мемлекеттің тиімділігін және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар мен міндеттерді атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы білім және ғылым саласы бойынша да бірқатар маңызды әрі өзекті міндет жүктеді. Президент Жолдауында көзделген тапсырмалардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданады.

Мың жаңа мектеп салынады

Жолдауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн орын қажет болады. Бұл мәселені шешу үшін 1 мың жаңа мектеп салынады. Осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. 

Оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру және оқу бағдарламаларын бейімдеу бойынша шаралар жос­пар­ланған. Сонымен қатар 5 мың мектепті жаңғырту, пәндік каби­неттермен жаб­дықтау, қо­сым­­ша білім беруге мемле­кет­тік тапсырыс бөлу жос­парда бар. Педагогтердің білікті­лігін арт­ты­ру­ға ерекше назар аудары­лады. Әлем қарыштап дамып келе жат­қан жағдайда бұл өте маңызды.

Мемлекет басшысы әлеу­меттік осал топтағы балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлді. Оларға «Цифрлы тәлім­гер» жобасы аясында қосым­ша сабақтар алу мүмкіндігі беріледі.

Қашықтан оқытуға қара­мас­тан, біздің оқушыларымыз әлемдік шыңдарды бағындырып, халықаралық олимпиадаларда өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты. Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес конкурс­қа қатыс­пай-ақ гранттар беру, сондай-ақ біржолғы ақшалай сыйлықақылар көзделетін болады.

Президент сондай-ақ толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына шаққандағы қар­жы­ландыруға кезең-кезеңмен көшіру жөнінде шаралар қабыл­дауды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылдан бастап барлық қала­лық мектеп жан басына қар­жы­ландыруға көшті. Бұл шара әртүрлі өңірлерде қаржылан­дыруды теңестіру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, алым-салықтармен байланысты тәуекелдерді едәуір төмендету, мектеп­тердің қаржылық дербес­ті­гін арттыру және бюджет қаража­тын жұмсау тиімділігін жақсарт­уға мүмкіндік берді. Бұл бас­тама білім беру және жекемен­шік мектептер ашуға жеке инвести­цияларды тартуды ынталандырды.

Жолдауға сәйкес ғылым сала­сында да елеулі өзгерістер бол­мақ. Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ғылым туралы заң­намаға өзгеріс­тер енгізуді тапсырды. Түзету­лер ғалымдарымыз тұрақ­ты және лайықты еңбек­ақы алуын қамтамасыз етуге бағытта­луға тиіс. Ол үшін жетекші ға­лым­­дардың жалақысы базалық қар­жыландыруға қосылуы керек.

Біз Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндетті іске асыру үшін жоспарлы және жүйелі жұмыс істейтін боламыз.

 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,

Білім және ғылым министрі