Президент • 03 Қыркүйек, 2021

Зиялы жүгі – зіл батпан

863 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты үшінші Жолдауы Тәуелсіздіктің отыз жылдығын түйіндейтін сәтпен тұспа-тұс келді. «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран, жалынды сөз емес» екенін айтқан Президент азат Қазақстанның алдағы бағыт-бағдары мен болашақ даму жолының бағыт-бағдарын айқындап берді. Өйткені әрбір қазақстандық Тәуелсіздіктің игілігін сезініп, бейбіт өмірде, тұрақтылық пен тыныштықта өмір сүріп, тұрмысы түзу тіршілік кешуі қажет. Бүгінгі қолға алынған бастамалардың барлығы осы мақсатты орындауға бағытталған.

Зиялы жүгі – зіл батпан

Иә, қазір қай елге де оңай емес. Екі өкпеден қысқан пандемия жер жүзіндегі мемлекеттердің барлығын тығырыққа тіреп тастады. Бүгінде барша адамзат баласын індеттен кейінгі өмір алаңдататыны ақиқат. Әлемнің жетекші державалары арасындағы технологиялық қақтығыс, мемлекеттердің бір-біріне сенімсіздігі, індеттің жаңа толқындарының пайда болуы және басқа да жайттар тұтасып кетті.

Президент дәстүрлі Жолдауында пан­демиядан кейінгі кезеңдегі даму, эконо­миканы өркендету тәсілдері, ауылша­руашылық саласының еңсесін тіктеу, денсаулық сақтау және білім-ғылым салаларын заманның жаңа талаптарына бейімдеу секілді қадау-қадау мәселелерге басымдық берді. Бұл өте өзекті, күн тәртібінен түспей тұрған мәселелер. Жолдауда осының бәрі жүйелі түрде қамтылды. Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдардың алдына нақты міндеттер қойылды. Тиянақты тапсырмалар берілді.  Біз қазіргі қиындықтың барлығы өтпелі екенін, нақты іс пен батыл әрекет жасасақ, індетті және басқа да қиындықтардың бәрін жеңіп, дамудың даңғылына жылдам түсеміз. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттің мәңгілік мұраттары үнемі қаперде тұруы қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы бағдарлы Жолдауында бұл бағыттағы бастамаларды толық қамтыды.

Дүрмек пен дүрбелеңге толы қазіргі уақытта қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың рөлі ерекше. Бейбітшілік берекесіздікке айналса, қалған дүниенің барлығы өз-өзінен маңызын жояды емес пе?! Бейбіт өмірдің бесігін қарумен емес, сөз дәруімен қорғау – әрбір саналы азаматтың парызы. Бүгінде кейбір топтардың ел ішіне іріткі салып, алатайдай бүлдіргісі келетін ниеті байқалып қалады. Тәуелсіздіктің тірегі, мемлекеттік саясаттың басым бағыты тыныштық пен тұрақтылықты көкпарға салып, көк серкедей  тартқысы келген пиғыл көрінгенде тұтас ел болып оған қарсы тұру міндет. Бұл ретте зиялы қауымның орны ерекше.

Аузы дуалы, сөзі уәлі зиялы қауым парасатты пайымымен, бәтуалы бастамасымен елге жөн сілтеп, дұрыс бағыт беруі қажет. Жолдауда Президент бұл мәселеге айрықша тоқталды.

– Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиет­тер дәріптелуі керек. Сондықтан зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан алдымызда халқымыздың жүріп өткен тарихи қиын жолын түсініп, ұғыну, одан рухани күш алып, жаңа ғасырдың шақыруларына лайықты жауап беру үшін ұлтты ұйыстыру мақсаты тұр.

Президент өз Жолдауында зиялы қауым өкілдерін сын сағатта сыр бермеу­ге, сындарлы сәтте көпке үлгі болуға шақырып отыр. Ұлтты ұйыстыруда, жұрт­ты жұмылдыруда зиялылардың атқа­рар ісін айқындап, елдікке, бірлікке үндеді. Енді елге ес, жатқа сес болатын халқы­мыздың белгілі тұлғалары осы тарапта әрекеттенуі қажет. Осы орайда соңғы 20 жылда толағай тірлік атқарған Ақұштап Бақтыгерееваның іс-әрекетін мысалға келтіргім келеді. Алаштың аяулы ақын қызы Алматыдағы жайлы өмірін тас­тап, туған елі Ақжайыққа қоныс аударып, туған жерінде ұрпақ тәрбиесіне, ұлт­тық салт-дәстүрді сақтауға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге қатысты үлкен бастамалардың басында жүр. «Қыз тәр­биесі – мемлекет беріктігінің негізі» деген ұстанымдағы ақын жергілікті оқу орындарында арнайы дәріс оқып, жастардың ұлттық тамырымыздан ажырап қалмауы үшін еңбектеніп келеді. Ұлтымыздың мәдени мұрасын насихаттауда ерекше еңбек сіңіруде. Бір сөзбен айтқанда, Ақұштап Бақтыгереева сөзімен де, ісімен де елге бағыт беріп, дұрыс жол нұсқап өнеге көрсетіп отыр. Ел алдында жүрген барлық азамат осындай ұстанымда болуы керек деп санаймыз.

Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе ретінде мәдени-рухани сала қыз­мет­керлерінің жалақысының көтерілетіні дер едік. Елге қызмет етіп жүрген сала ма­мандарының еңбегі өз деңгейінде баға­ланатын болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайыздан өседі. Бұл бастама тұтастай алғанда 600 мың адамды қамтиды.

Осы арада Президенттің, әсіресе, ана ті­лімізге қатысты ұстанымын да айтпай ке­туге болмайды. Қасым-Жомарт Ке­мел­­­ұлы мемлекеттік тілге байланысты мем­ле­­­кет­тің ұстанымын тағы бір мәрте айтып кетті.

– Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағы­тының бірі болып қала береді. ...Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің бас­ты үрдісі. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Тіл – тұтастық тетігі. Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екені бұл күнде ешкімге де дау тудырмаса керек. Ал тілдік жарасым жоқ жерде әлеуметтік жарасым болмайды. Осыны есте ұстаған абзал. Сондықтан туған тіліміздің өркендеуіне, қанат жаюына, көкжиегін кеңейтуге қатысты шаруалар жалғаса береді.

Мемлекет басшысының Жолдауы жыл бойы терең зерделеуді, заңдық-құқықтық негізде бірқатар жаңа заңдар­дың қабылдануы мен сындарлы іс-әре­кет­ті қажет етеді. Сондықтан жұрт жұмы­сына жұмыла кірісу, нақты тапсырмаларды жедел жүзеге асыру негізгі міндет.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы