Қазақстан халқы да осындай алмағайып уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықаралық сыннан өткен саясаткер екендігіне көз жеткізіп отыр. Оған қиын кезеңде халықты әлеуметтік жағынан қорғау жөніндегі шұғыл іс-шаралар дәлел бола алады.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын халықтың асыға күтетіні де осыдан шығар. Өйткені Президенттің әр Жолдауынан кейін экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани, білім-ғылым салалары тың серпін алып, жаңа міндеттермен толығатыны белгілі.
Міне, 1 қыркүйекте қос Палаталы Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа дәстүрлі Жолдауын жариялады.
Президент ең алдымен індет пен экономикалық қиындықтар тұсында халқымызға бірлік пен төзімділік таныту қажет екенін айта отырып, Үкіметке осы жолдағы жұмыстарды күшейту бойынша жаңа тапсырмалар берді. Бүгін де індетті жеңудің бірден-бір жолы – екпе алу екені белгілі. Осыған орай, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Бұл өз жемісін берді деп нық сеніммен айтуға болады. Қазір 5 миллионнан астам адам екпенің екінші компонентін алды. Мұның оң шешім болғанын өмір көрсетіп отыр. Бүгіннен бастап 3 миллионнан астам жасөспірім мектеп партасына отырды.
Шынын айту керек, балаларымыздың мектепті онлайн жағдайында оқуы ұстаздарды да, ата-аналарды да қатты алаңдатқан еді. Қалай болғанда да, қашықтан оқыту білім сапасына айтарлықтай әсер етті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қатынас алшақтады. Ал бала ұстазға қарап өсетінін ұмытпауымыз керек. Сонда ғана баланың өресі жетіледі, тәрбиесі нығаяды. Ал ұстаз шәкіртіне қарап қуаттанады. Олардың мейірім шуағы ұстаздарды қанаттандырады. Қалыптасқан дәстүрлі оқу форматына қайта оралу халықты ерекше қуантып отыр деп нық сеніммен айта аламын.
Адами капитал білімді ұрпақтан басталады. Мектеп білімі жоғары мектепте жалғасады. Біз де жүздеген мың студенттердің колледждердің, институттар мен университеттердің аудиториясына кіргеніне ерекше қуанып отырмыз.
Иә, Мемлекет басшысы Жолдауда әдеттегідей отандық білім мен ғылымның маңызды проблемаларына тоқталып, оларды шешу жөнінде нақты жаңа міндеттер қойды.
Әлемде техника мен цифрландырудың, нанотехнологияның жылдам дамуы барлық салада мақсат пен басымдықты жедел өзгертуде. Осыған орай, Президентіміз оқыту бағдарламаларын тез арада заман талабына сай қайта бейімдеу жұмыстарын қолға алу қажеттігін атап көрсетті.
Сол сияқты жедел өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін педагогтерді қайта даярлауды қазіргі кездегідей 5 жылда емес, әр 3 жыл сайын жүргізуді тапсырды. Мұндай өзгеріс өз кезегінде біздің педагогтер корпусының жаңашыл, ізденімпаз толқынын қалыптастыруға зор мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы мектептерде орын жетіспеушілігі болып отыр. Бүгінде тапшылық 225 мың орынды құрайды. Егер шұғыл шаралар қолданылмаса, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген едім. Бүгін мен бұл санды 1000 мектепке дейін жеткізу міндетін қойып отырмын», деді.
Расында да орын тапшылығы – білім саласында ұзақ жылдардан бері шешімін таппай жүрген, кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Сондықтан Президенттің бұл тапсырмасын жауапты органдар тез арада жүзеге асыруға тиіс деп білемін. Себебі балаларды оқу орнымен толық қамтамасыз етпей тұрып, заман талабына сай білім беру жөнінде сөз қозғау мүмкін емес.
Президентіміз биыл бірнеше қазақстандық оқушының халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанғанын зор қуанышпен жеткізді және мұндай дарынды балаларға қолдау білдіруді, сондай-ақ оларға жоғары оқу орындарына түсу үшін конкурстан тыс гранттар беріп, біржолғы ақшалай сыйақылар төлеуді, балаларды тәрбиелеген мұғалімдерді моральдық және материалдық көтермелеуді тапсырды.
Президенттің биылғы Жолдауы өткен жылғы Жолдауының заңды жалғасы деп айтуға болады. Өйткені Мемлекет басшысы үшін халықты әлеуметтік жағынан қорғау басым бағыттардың санатында тұрады.
Айталық, егер қазір ең төменгі жалақы 42500 теңгені құрайтын болса, енді 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 60 мың теңге болмақ. Бұл Президент қадап айтқандай, 1 миллион адамды қамтиды.
Жолдауда Мемлекет басшысы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға артып отырғанын атап өтті. Ал 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог, дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өскен болатын.
– Бірақ бюджеттен қаржыландыратын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды, – деді Қ.К.Тоқаев. – Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді.
Әрине, ұстаз, педагог ретінде мен мұндай ұсыныстарды өте жылы қабылдадым. Сондай-ақ мұғалімдерді одан әрі қолдау жалғасатыны маған ерекше әсер етті.
Шынында, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап, педагогтердің жалақысы 25 пайызға өскен болатын. Президент «келесі 3 жылда осы мақсатқа 1,2 триллион теңге бөлінеді», деді. Демек, педагог мамандардың беделі ғана емес, оларды тиісті еңбекақымен қолдау да ойдағыдай қалыптасуы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының санатында тұр. Әрине, бұл әр ұстаздың жүрегіне өз мамандығына деген мақтаныш сезімін ұялататыны сөзсіз.
Ғалым ретінде де мен көкейде жүрген көп сұрақтарға жауап алдым.
– Ғылымды дамыту біздің аса маңызды басымдығымыз, – деді Мемлекет басшысы. – Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін осы жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн.
Иә, Президент көптен бері ғалымдарды, ғылыми-зерттеу институттарының басшыларын толғантып жүрген мәселелердің түйткілін шешті. Болашақта іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары тікелей қаржыландырылатын болады. Бұл Қазақстан ғылымын қолдаудағы жаңа қадам болып отыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан ғалымдары көптен бері айтып, жазып жүрген мәселені оңтайлы шешіп берді. Мәселен, бұрын грант мерзімі 3 жылмен шектелетін. Ол іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отырғанын Президент өз Жолдауында атап өтті.
Расында, қысқа мерзімде іргелі ғылымда үлкен жетістіктерге қол жеткізу мүмкін бе? Енді Президент тапсырмасына сәйкес гранттық жоба мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Бұл Қазақстан ғылымының өрлеу кезеңінің басы болатынына сенімдімін.
Жолдаудағы әр жол, әр шешім халық жүрегінен шығатынына сенімім мол. Айталық, руханият саласына басымдық берген мемлекет нығаяды. Ұлттық бірлік болған жерде қоғам ілгері дамиды.
Мемлекет басшысы тарихи және мәдени мұраны тиімді қолдану қажеттігіне ерекше мән берді. Мәдениетті дамытудың, оны жаңаша құрудың тұжырымдамасын жасауды Үкіметке тапсырды.
Жолдау Қазақстанның жаңа даму жолының арналарын айқындап берді.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты