01 Мамыр, 2010

ЖЕҢІС ҚҰНЫ

678 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
“Жеңіс, Жеңіс” – желісі дастанымның, Жырым бөлек, сырым да басқа бүгін. Туғандар 45-тің көктемінде, Немере көріп сүйер жаста бүгін. Тұрғандай болғанда өмір сең үстінде, Хабары жеткен жұртқа жеңістің де. “Біз жеңдік!”, “Жау жеңілді!”, “Жеңіс!” деген, Шаттық үн шарықтаған ел үстінде. Қаһарлы, қатал күндер дауылды еді, Жайратқан жауын жаншып жалынды ері. Жеңіс құны – ел үшін құрбан болған, Одақтың 20 миллион жауынгері. Аямай аяулы өмір – жүрек қанын, Жүрді әкелер ішінде сын-оттардың. Жеңіс құны – Сұлтандар кеткен өліп, Төсін төсеп аузына ДЗОТ-тардың. Ел үшін ер ашуы тасып қайнар, Кек кернеп қас дұшпанын басып байлар. Жеңіс құны – атақты жиырма сегіз, Панфилов, Клочков, Нарсұтбайлар. От кешіп, Отан үшін алысқандар, Солар мәңгі елімен табысқандар, Жеңіс құны – лаулаған самолетпен, Жауға түскен Әбдіров арыстандар. Ұран сап: “Жау жағасын жыртысып қал!” Шайқасқан қалғанша әлі жұлқысып бар. Жеңіс құны – Жаннасын жырлап жатып, Көз жұмған арманда боп Бұлқышовтар. Қайғысы мен мұңы көп жариялар, Бар әлі ұлын күткен қариялар. Жеңіс құны – бір гүлі ашылмастан, Шаһит болған Мәншүк пен Әлиялар. Көп сырды шертер әлі сыршыл көктем, Күпті ғып жүректі бар дүрсілдеткен. Жеңіс құны – қыз сүймей құшып бір де, Боз өрім бозбалалар қыршын кеткен. Айтарым сол: – сыр ұққан, жыр ұққандар, Күн сайын ата бергей күліп таңдар. Жеңіс күні желмен бірге жетеді үн: “Ей, ұрпақ, – деген, – бізді ұмытпаңдар!” Жұма-Назар СОМЖҮРЕК.