Федор Достоевскийдің 200 жылдығына арналған бұл туындыда Дунай Еспаев Шоқан Уәлихановтың рөлін сомдады.
– Менің түрім Шоқан Уәлихановқа ұқсамайды. Рөлді гримсіз және офицер киімінсіз ойнадым. Режиссердің шешімі осындай болды. Ең басты мақсат – кейіпкерімнің жарқын болашаққа ұмтылысын, оның патриотизмін, өз идеяларын қалай қорғай алғанын көрсете білу керек болды, – дейді Дунай Еспаев.
Ал Галина Турчина болса, әйгілі жазушының әйелі Мария Исаеваның рөлін ойнады.
– Достоевскийдің бірінші әйелін ойнау мен үшін үлкен мәртебе болды. Фильмде менің кейіпкерім сөйлемейді, сол себепті оның образын шығару өте қиын болды. Фёдор Михайлович – менің сүйікті жазушым. Оның еңбектері мен өмірбаянын жақсы білемін. Кейде уақыт машинасына отырып, өткенге оралған сияқты күй кештім. Өте қызықты тәжірибе болды, – деп ағынан жарылды актриса.
Еске салар болсақ, жазушы болашақ жары Мария Исаевамен Семейде кездескен болатын. Сондай-ақ ол бұл қалада Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов-Тян-Шанский және Александр Врангель сынды өз заманының белгілі адамдарымен танысып, араласқан.
Семейде тұрған кезінде Федор Достоевский «Дядюшкин сон» және «Село Степанчиково и его обитатели» хикаяларын жазды, «Записки из Мёртвого дома» туындысын бастаған.
Аталған фильм Ресейдің бірнеше қаласында түсірілген. Қазақстанда түсіру алаңы ретінде әйгілі жазушының Семейдегі әдеби-мемориалдық мұражайы таңдалды.
ҚАРАҒАНДЫ