Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2021

Атырауда газ-химия кешені құрылысының бірінші кезеңі іске қосылады

987 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында 2022 жылы газ-химия кешені құрылысының бірінші кезеңі іске қосылып, 500 жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда газ-химия кешені құрылысының бірінші кезеңі іске қосылады

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылаған жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлім етті.

«Атырау облысында 2022 жылы газ-химия кешені құрылысының бірінші кезеңі іске қосылып, 500 жұмыс орны құрылады. Полипропилен өнімінің 90 пайызы экспорттау көзделіп отыр. Ал, 2024 жылы полиэтилентерефталат және терефтал қышқылы өндірісінің құрылысы іске қосылып, ​230 жұмыс орны ашылады», деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, биыл Атырау облысына «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен  650 млн теңге бөлінген. Қазір бұл қаржы толық игерілді. Сондай-ақ, 27,1 млрд теңгені құрайтын 67 жоба іске асырылып жатыр.

«Екінші деңгейлі банктер мен Аграрлық несие корпорациясы 11,2 млрд теңгенің 49 жобасын мақұлдады. Соның нәтижесінде 1175 жоба қаржыландырылып, 3513 жұмыс орны сақталды. Бұған қосымша 1 237 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен 1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыны 238 бизнес-жобаны қаржыландыруға жарату көзделіп отыр», деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.