Қоғам • 06 Қыркүйек, 2021

Көпбалалы отбасыларға тиесілі көмек талапқа сай емес

1684 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шалғайдағы шалқарлық аналарды Алматыға дейін әкелген мәселені баян­дамас бұрын, бірқатар жайтқа тоқтала кеткен жөн. Расында, мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды қолдауда аз жұмыс атқарып отырған жоқ. Алайда аманат неге адал орындалмайды? Қандай қиын заман болса да жетім мен жесірдің несібесіне ортақтасу әдет-ғұрпымызда бар ма еді? Обал мен сауапты аттаған мұндай оқиғаларға кім кінәлі? Өңірлерде қылаң беретін келеңсіздіктер неге елді шулатпай-ақ реттелмейді? 

Көпбалалы отбасыларға тиесілі көмек  талапқа сай емес

Көп жағдайда жергілікті мәселелер құзырлы мекемелер мен мүдделі тарап­тар­дың араласуымен түрлі кедер­гі­ге тап болатыны белгілі. Сон­дық­тан аталған мәселеге араласуды өтін­ген ай­мақ­та­ғы аналар бұған дейін редак­ция­мыз­ға бірнеше рет шағымданған еді. Енді осы ана­лардың арыз-мұңын арқалаған адам­дар­дың Алматыдағы бөлімшеге келіп отырған жайы бар.

Алдымен Қазақстанда қандай әлеу­м­е­т­тік көмектер қарастырылғанын кел­тіре кетейік. Жуырда ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­тр­лі­гі­нің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов елімізде көпбалалы 1,9 млн отбасы әлеуметтік жәрдемақы мен төлем алатынын айтқан еді. Ана мен балаға қарасу әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көпдеңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі және бюджеттен төленетін жәрдемақылардың 5 түрін және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін 2 төлем түрін қамтиды. Биыл бұл мақсаттарға 756 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен мү­гедек бала кәмелеттік жасқа тол­ған­ға дейін оның күтіміне байланыс­ты жәрдемақы төленеді. Мемлекеттік жәрдемақылар мен МӘСҚ-тан тө­ле­нетін әлеуметтік төлемдерден бас­қа, жергілікті атқарушы органдар көр­се­тетін әлеуметтік қолдау да көз­делген. Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің дирек­то­ры­ның айтуынша, жергілікті бюджет есебінен жетім балаларға, мүгедек балаларға жалпы сомасы 82,3 млн теңге материалдық көмек көрсетілді, табысы аз отбасылардың балаларына, көру қабі­леті нашар балаларға 57,1 млн теңге көле­мін­де демеушілік көмек көрсетілді.

Ал ақтөбелік аналар Egemen Qazaqstan газетінің редакциясына әкел­ген хатында Шалқар аудандық білім бөлімінен әлеу­меттік мұқтаж отбасы балаларына мектепке барған кезде және қыста бері­ле­тін киімді тиісті жағдайда ала алмай жүргенін жазыпты.

«Бізде Шалқар ауданы бойынша
1 355 әлеуметтік жәрдемді қажет ететін бала бар екен. Осы балалардың күздік, қыстық киімдері үшін аяғының және үстінің өлшемін алса да, осы күнге дейін шақ келетін киім алып көрмеппіз. Әлеуметтік балаларға деп мектептерге келген қолпылдаған киімдердің көпшілігі балаларға емес, әке-шешелеріне тура келеді. Бірақ құжат толтырғанда сол балаға шақ күртке мен етік берілді деп толтырылады. Айналып келгенде бас-басына қаржы бөлінгенімен, бір үйде төрт-бес бала оқыса, олардың барлығы толық киім алмайды. Біреуіне күртке, екіншісіне етік беріліп келді. Бұған ешқандай ата-ана үндей алмады. Себебі «Тегін келіп жатқан жоқ па, ала бермейсіңдер ме? Мұны бермесе балаларыңды киіндірмейсіңдер ме?» деп ата-аналарды сөйлеттірмеді. Ол кезде әр балаға қандай қаражат бөлінетіні жөнінде және қай мезгілде киім берілетіні туралы анық білмедік. Әлі де қай мезгілге киім берілетіні туралы білмейміз», дейді әлеуметтік көмекке мұқтаж аналар.

Шағымданушы аналардың бірі Гүлбану Алпысбайдың бес баласы бар екен. Үлкені – жиырмада, екіншісі – әскерде, екі қызы – мектеп жасында. Кішкентайы биыл бірінші сыныпқа барды. Кезінде үлкен баласына берілген өлшемі үлкен күрткені әкесі әлі күнге дейін жұмысқа киіп жүр екен. Ол күрткені 7-8-сыныпта берген, баласы сол шақта 13-14-те болыпты.

«2019 жылы бес сәби бірдей қайтыс бол­ған қайғылы оқиғадан кейін респуб­ли­ка көлемінде дүмпу болып, бала­лар­дың тұрмыс жағдайы қайта қаралған еді. Сол кезде әлеуметтік желідегі чаттар­да бас көтерер әйелдер әлеуметтік кө­мек­ке бөлінетін қаржыны сұрастырып, әр балаға Үкіметтен қанша қаражат қарас­ты­рылатынын жеткізген. Осыдан кейін әр аудан, ауылдар өз білім бөлімінен тиісті қаржыға сұрау сала бастады. Бірақ осы уақытқа дейін бала басына қанша қаржы бөлінгені жөнінде білмей келдік. Енді былтырғы мамыр, маусым айларында жаңалықтардан бала басына 40 мың теңгеден қаржы қарастырылады деп хабарлады. Бұған қоса әр облыс бюджетіне қарай әртүрлі қаржы бөліп, облыстардың әкім­дігі мен білім бөлімі киім, оқу құрал­да­рын сататын дүкендермен келісімге келіп, қаржыны сол дүкендерге аудартып, оқушыларды дүкендерден керегін таңдатып алуға болатыны айтылды. Біз де осыны естіп, бірнеше ана білім бөліміндегі әлеуметтік маманға барып, естіген-көргенімізді айттық. Ол маман қанша қаржы қалай бөлінетіні белгісіз деп жауап берді, бірақ 33 мың теңгеден бөлінуі мүмкін деп ескертті. Оның
8 мың теңгесі оқу-құралға, 25 мың теңгесі киімге екен-міс. Сосын ол кезде карантин болғандықтан, балаларға мектеп формасынан гөрі спорттық киім мен күздік аяқкиімін алып беруін сұраған едік. Сондай-ақ қаржының қайда жұмсалғанын біліп отыру үшін комиссия мүшесіне осы ата-аналардан да адам қосуды айтқанбыз. Бірақ олай болмады. Ауданнан емес, басқа облыстардан тендерге салды. Қай жақ қашан ұтатыны белгісіз, бірақ былтыр қазан айының 10-на дейін беріледі деген киім 2021 жылдың қаңтар айында беріле бастады. Кей мектептерге 2020 жылдың киімдерін желтоқсан айында берген, бірақ толық емес. Сонымен сол киімдерге көңілі толмаған ата-аналар әр жерден шулай бастады. Берген киімдері тіпті масқара, сапасы өте төмен, 33 мың теңгеге тұрмайды», дейді Г.Алпысбай.

Содан көпбалалы аналар берілген киімдердің сапасы тым нашар, бөлінген қаржыға сай емес екенін айтып білім бөліміне де, аудан басшылығына да жүгінеді. Бірақ құзіретті мекемелер бұлардың арыз-шағымына құлақ аспай, өздерін қабылдамай біраз күн әурелепті. Ақырында білім бөлімінің бас есепшісі шығып, 33 мың теңге емес, 25 мың теңге бөлінгенін, оның 8 мыңы оқу құралдарына, 17 мыңы киімге бөлінгенін, әу баста дұрыс айтылмағанын айтады. Ал аналар болса берілген киімдер тіпті 17 мың теңгеге де татымайтынын айтып, одан сайын күйінеді.

«Осылай созылып жүріп «Анаға тағзым» орталығына мекеме басшыларын шақыртып, жиналыс жасаттық. Сол жерде білім бөлімінен келген маман мүлдем басқа уәж айтты. Аяқ астынан ақшаның 7 млн теңгесін мүлдем түсініксіз, жобаға келмейтін дүниеге ұстап қалды деді. Осы әлеуметтік көмектің жырымен арасында әрең дегенде аудандық білім бөлімінің басшысымен кездестік. Бас есепші еке­уі қабылдау жүргізді, екеуінің жауабы екі жаққа кетті», деп қынжылады Г.Алпысбай.

Оның айтуынша, 8-сыныпта оқитын қызға 1-2-сыныпта оқитын қыздың күрткесін берген. Тіпті қыздарға етік жоқ деп орнына 40-43 өлшемдегі ер адамның етіктерін де беріпті. Ал көпбалалы ана Гүлбану болса, екі қызына 42-43-ші өлшемді ер адамның екі етігін алып, құжатқа «екі қызына етік алдым», деп жазып кетіпті. Мекеме өкілдері ұлдарыңыз киіп тастар деген соң, амал жоқтығынан алыпты.

Қысқасы, ұзын-сонар хат мұнымен тоқтамайды. Өкпесі қара қазандай аналар лагерь, тамаққа, яғни басқа да әлеуметтік көмекке бөлінген қаражатқа сұрау салғандарын ерінбей баяндайды. Шалқарлық аналардың Президентке жолдамақ болған хатттары да ілесіп жүр. Онда да осы мәселелерді алға тартып, «Мектепке жол» акциясы аясында берілген киім-кешекке көңілдері толмайтынын, аудандық білім басшысы Абзал Абдыков мәселені анықтап түсіндірудің орнына «Аналар кеңесінің» мүшесіне дөрекілік танытқанын жеткізген.

Киім-кешек пен оқу құралдары аудан бойынша 1 355 балаға берілуі тиіс екен. Білім бөлімінің әлеуметтік жағдайды қарайтын маманы кейбір балалардың киімі сапалы екенін алға тартып отыр. Сонда аналардың түсінбей отырғаны – берілетін көмек бір, бірақ заттар әртүрлі.

Шалқарлық аналар Президент атына жазған хатында құзырлы мекеменің тендерге байланысты берген тізімдерін де жолдаған. Бұл істе Алматы қаласындағы «Аяулы алақан» ҚБ, «Зағиптар қоғамы» ҚБ, «Омаровтар ательесі» ЖШС, Пав­ло­дар­дағы «Береке Екібастұз», «Саурық» мүгедектер қоғамы аталады. Айтқандай, Қазақстан зағиптар қоғамы бұған дейін де тендер ісінде былыққа батып, «қара тізімге» ілінгенін еске сала кету керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл аналарды тыңдай келе түсінгеніміз, олардың ойы өздеріне тиесілі көмекті тиісті сапада алу ғана емес. Себебі айтысып-тартысып жүргенде балалары мектеп бітіріп кет­кендері де бар. Ең бас­­ты­сы, осындай жағдайлардың жолын кесу, ана мен баланың атын жамылған жемқорлықты тыю.