Руханият • 07 Қыркүйек, 2021

Саяси қуғын-сүргінге байланысты терминдер сөздігі жасалады

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия саяси репрессияға байланысты терминдер сөздігін жасамақшы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Саяси қуғын-сүргінге байланысты терминдер сөздігі жасалады

Бұл туралы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсе жетекшісі Сабыр Қасымов Нұр-Сұлтан қаласындағы топтық семинарда мәлім етті.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, көтеріліске қатысушыларды, оның ішінде ешбір тергеусіз, сотсыз атылғандарды толық ақтау мәселесі тың әрі күрделі жұмыс деуге болады. Бұған дейін көтеріліске қатысқаны үшін үстінен процессуалдық құжаттар рәсімделгендердің басым бөлігі ақталды. Олар негізінен 58-бап бойынша сотталған. Қалған санаттар бойынша заңдық тұрғыда пысықтап, саяси ақтау керек», деген жобалық кеңсе жетекшісі әрбір көтерілістің туындау себебіне мән беру керектігін ескертті.

«Көтерілістердің неден туындағанын айқындау өзекті мәселе болып тұр. Адамдар сол кездегі биліктің халыққа қарсы терроры мен озбырлығын, толассыз саяси науқандардың зардабын басынан өткізіп, қарсы жаппай наразылықтар және көтерілістерге шықты. Олар өздерінің табиғи әлеуметтік мүддесін қорғады. Жақындап келе жатқан трагедияға жол бермеуге тырысты», деді заңгер сарапшы.

Сондай-ақ ол аталмыш кезеңдегі көтерілістерге қатысушыларды саяси тұрғыдан ақтаудың құқықтық негізін қалыптастыру бойынша қандай жұмыстар жасалғанына тоқталды.

«Архивтерде сақталған құжаттар, совет ғалымдары тарапынан жасалған бағалаулар әдетте бұл көтерілістің бәрін барынша жағымсыз жағынан сипаттаған. Олар негізінен «бандиттік», «контрерволюциялық», «ұлтшыл» көтерілістер деп көрсетілген. Қазіргі зерттеушілердің міндеті – соларға шынайы, большевиктік, сталиндік тапшыл догматтардың пайымынан азат баға беру. Біз халықаралық құндылықтар мен стандарттарды негізге аламыз.

Жобалық кеңсе терминологиялық сөздік жасайды. Оны жасауда зерттеушілердің, өңірлік комиссиялардың, жұмыс топтарының пікір-ұстанымдары ескеріледі. Сіздерге негізгі терминдердің жаңа түсіндірмесін халықаралық стандарттар мен заманауи әдістемелерге сәйкес терминдер сөздігін ұсынып, кесте түрінде анықтамасын беру керек», деді Сабыр Қасымов.