ANTIKOR • 07 Қыркүйек, 2021

ANTIKOR: Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитетінен ши шықты

555 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің лауазымды тұлғалар тобын анықтады, олар кәсіпкерлерден малды шекарадан кедергісіз әкету үшін пара алудың сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырды. Бұл туралы Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ANTIKOR: Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитетінен ши шықты

Олжас Бектенов мәлімдегендей, 2021 жылдың маусым айынан бастап Президенттің тапсырмасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау саласына ауқымды талдау жүргізуде.

Оның мақсаты - субсидиялар берудің ашық, әділ жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнес жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою.

«Талдау аясында АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті мен оның аумақтық инспекцияларының лауазымды тұлғаларынан тұратын тұрақты қылмыстық топ қызметінің белгілері анықталды. Аталған топ кәсіпкерлерден малды шекарадан кедергісіз әкеткені үшін жүйелі түрде пара алудың сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырды. Бұл ретте мемлекет субсидиялаған асыл тұқымды малды әкету, жануарларды эпизоотиялық бақылаусыз тасымалдау фактілері анықталды, бұл эпидемиологиялық жағдайға теріс әсер етуі мүмкін», деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі.

Антикордың айтуынша, анықталған қылмыстық топта қатысушылар арасындағы рөлдер нақты бөлінген.

«Қолданыстағы ережелерге сәйкес экспортқа немесе импортқа рұқсат беруді бейінді комитеттің басшылығы жүзеге асырады. Ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлық схемасы шеңберінде Комитеттің екі бас сарапшысы осы құзыретке заңсыз ие болды. Қылмыстық схемаға Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Қостанай облыстары, Алматы және Шымкент қалалары бойынша өңірлік инспекциялардың инспекторлары да тартылды. Әрбір рұқсат үшін 10-нан 50 мың теңгеге дейін топ қатысушыларының немесе олардың туыстарының жеке карт-шоттарына ақша қаражаты аударылды. Мәселен, тек Түркістан облысы бойынша Комитеттің аумақтық инспекциясының бас маманының шотына 2020 жылдан бастап 45 млн теңгеден астам қаржы түскен. Комитеттің бас сарапшысы әйелінің карт-шотына 13,5 млн теңгеден астам қаржы түсті», деп толықтырды О.Бектенов.

25 тамызда басталған ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 10-нан астам кінәлі лауазымды тұлғаны анықтады. Үш айыпталушыға, оның ішінде Комитеттің орталық аппаратының қызметкерлеріне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

«Мұндай қылмыстық әрекеттер мал шаруашылығының дамуына айтарлықтай зиян келтіріп қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Тергеу жалғасуда», деп түйіндеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары.