01 Мамыр, 2010

ЕЛДІК ДӘСТҮРЛЕРГЕ АДАЛДЫҚ – БАУЫРЛАСТЫҚТЫҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

682 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Түркістан ауданындағы Иқан ауылының әкімі, Түркістан аймақтық өзбек этно­мәдени бірлестігінің төр­аға­сы Даныш МАННАТОВПЕН әңгімеде бү­гінгі өзбек бауырлардың шат-шадыман тыныс-тіршілігі жөнінде сөз болады. – Даныш ака, сіздің Иқан ауы­лының әкімі, Түркістандағы өзбек мәдени орталығының төрағасы ретінде атқарып жүрген азаматтық істеріңізді сырттай естіп жатамыз. Журналист ретінде өзіңізбен әңгімелессек деген ой бар еді. Соның реті бүгін түскен сияқты. – Иқан ауылы ежелден-ақ егіншілікпен, бау-бақша, мақта өсірумен айналысатын құт­ты мекен ғой. Қай жерде болса да диқандарды толғандыратын өзекті проблемалар, шешуін күтетін қат-қабат шаруалар аз болмайды. Осын­­дай мәселелер ауылымызда да кездесіп оты­рады. Бұрыннан маза бермей жүрген ұсыныс-пі­кірлерімізбен Ауыл шаруашылығы вице-министрінің қабыл­дау­ын­да болдым. Шаруаның ығын жақсы түсінетін, жаны жомарт, кеңпейіл азамат екен. Жылы қабылдай оты­рып, ұсыныстарыма көңіл бөлді. Барлық мәселелерімізді бас-аяғы жиырма минөтте шешіп берді. Ол кісінің осынша­лық­ты ілтипат-ықы­ласына риза болдым. Алғы­сым­ды айтып, шығуға оқталғанымда мені тоқтатты. “Даныш аға, – деді министр­дің орынбасары, – сіз – шаруа ада­мысыз. Бай тәжірибеңіз бар. Бірер мәселе жөнінде өзіңізбен ақылдассақ деп едік”. Осыдан кейін көмекшісіне бөлім меңгеру­ші­­лерін кабинетіне тез арада жинауға тапсыр­ма берді. Сонымен, министр орынбасары­ның кабинетіндегі бұл басқосу бір са­ғаттан астам уақытқа созылды. Бас­тапқыда әңгіменің негізі егіс алқаптарын тамшылатып суару мә­селесі жөнінде болды. Қазір ми­нистрлік тарапынан бұл проб­ле­маға баса назар аударылып отыр­ға­ны баршамызға белгілі. Маман­дар диқан ретіндегі менің пікір-ұсынысымды сұрады, бүкпесіз ашық айтуды өтінді. Сондай-ақ осы басқосуда бау-бақша өсіру­ші­лер­ге мемлекет тарапынан субсидия беру, көп­жылдық жеміс-жидек дақылдары мен жү­зім­діктер өсіруді жүзеге асыру, оны бюджеттік бағдарлама бойынша қаржыландыру мәселе­ле­рі де кеңінен сөз болды. Осы тұр­ғыда мен де өз ұсыныс-ой­ла­рымды айттым. Бау-бақша өсірушілерге субси­дия беруде қойылатын талап баршамыздың кө­кейі­мізден шығып отыр. Мұның көлемі бау-ба­қша­ның аумағына бай­ланысты болмақ, яғни ол ша­руашылықтарда он гектардан кем болмауы тиіс. Ал енді өзімізге келетін болсақ, иқандық­тар тек соңғы үш жылдың өзінде 1500 гектарға бау-бақша өсірді. Мұның негізі жеміс ағаш­тары, жүзімдік алқаптар. Біз өзіміз үш ағай­ын­дымыз. Соңғы жылдары бау-бағымыздың көлемі 450 гектарға жетті. Үкімет тарапынан біздерге жасалып отырған қамқорлық жөнінде айтар болсақ, жүрегіміз қуаныш-шаттыққа бө­ленеді. – Өткен жылы күзде Түркістан аймағын­дағы өзбек этномәдени бір­лестігінің төрағасы болып сайлан­ға­ныңызды білеміз. Аталмыш бір­лестіктің алдында тұрған міндеттер тұрғы­сын­да таратып айтудың реті келіп тұрған сияқты. – Өзбек этномәдени бірлестігі атқаруға тиіс жұмыс ауқымы аса кең. Түркістан қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерде, өзі­міз­дің Иқан ауылында тұратын өзбектердің ата-бабалары бұл аймақтарға ежелден қоныс­танған байырғы тұрғындардан саналады. Ұлт­тық әдет-ғұрып, салт-дәстүр сабақтастығы қай этностың бол­са да ең басты құндылықтары бо­лып есеп­теледі ғой. Бірлестіктің негізгі ұста­нымдарының қатарына атадан балаға мирас болып келе жатқан осы сабақтастықты өркен жайдыра түсу сияқты жәйттер бар. Бұған ту­ған елімізде мол мүм­кіндік­тер жа­са­лып отыр­ғанын ризашылық се­зім­мен қолымызды жү­ре­гімізге қой­ып тұрып мақтанышпен айтамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың басшы­лы­ғымен он сегіз жыл ішінде еліміз қол жет­­кізген ауыз толтырып айтатындай жетіс­тік­терді тілге тиек еткенде өткен жылдарды еске түсірмей тұра алмайсың. Елбасының сын­дарлы да сали­қалы саясатының арқа­сын­да елімізде тыныштық пен татулық орнап отыр. Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлем танып, мой­ын­дауда, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі соның жарқын дәлелі болса керек. Дәл осындай елде тұрып, үрім-бұта­ғымызды өркен жайдырып отырған біздер, өзбектер бақыт­ты­мыз. Президенттің ішкі-сыртқы саясатын мақұлдап қана қоймай, ынтымақпен соңынан ерген Қа­зақ­стан халқының алдыңғы са­пын­да жүргенімізді әрдайым мақтан етеміз. Бұған толық құқығымыз бар. Қазір біздің ұста­нып отырған темірқазығымыз – “Ел бірлігі док­тринасы”. Онда “Қазақ тілін мек­тепке дейінгі ме­ке­мелерде, мек­теп­тер мен жоғары оқу орындарында оқы­ту сапасын жақсарту” керегі, сондай-ақ “Қа­зақстан этностары­ның мәдениетін әрі қарай өзара байыту” мәселесі баса айтылған. Қа­лай десек те бұл құжат Қа­зақ­стан­да тұратын қазақ халқы мен өзге эт­нос­тардың өзара қандай негіздерді басшы­лық­қа алу арқылы тату тұруы тиіс екенін жан-жақты қарастырған. Дәл сон­дықтан да док­тринада алға қойыл­ған міндет­терді күнделікті ісімізде басшы­лық­қа алып отыру біздің басты парызымыз болып та­былады. – Даныш ака, енді этномәдени бірлестіктің тіл мәселесі төңірегінде қолға алып отырған шаралары жөнінде хабардар ете кетсеңіз. – Біздің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіміз қазақ халқының кең пейілі мен қо­нақ­жай­лылығының, дарқан жүрегінің арқасында екенін халқымыз жақсы түсінеді. Еліміз тәуел­сіздік алғалы атқарылған тындырымды тірліктер нәтижесінде көптеген жергілікті ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы арта түскен. Қазақ тілін жете меңгерген ата-аналар балаларының да бұл тілді терең үйренулеріне барынша ден қоюда. Жоғарыда айтқаным­дай, жалпы Түр­кіс­тан аймағында, өз ауылымызда қазақ тілін­де сөй­лей алмайтындар жоқтың қасы десем, сірә да қателесе қоймаспын. Иә, Иқан ауылы­ның тұрғындары мемлекеттік тілдің мерейін сөзімен емес, нақты ісімен асқақтатуға бар ынта-жігерлерін жұмсауда. Біздің бастама­мыз­бен осыдан төрт жа­рым жыл бұрын “Иқан” өзбек орта мектебінде алғашқы қазақ сы­ны­бы ашылған болатын. Содан бергі уақытта жыл сайын бір сы­ныпты қазақша оқыту дәс­түр­ге ай­налып келеді. Алғашқы сыныптағы балалардың жетіс­ті­гіне көздері жеткен ата-ана­лар бұған өздері-ақ құл­шыныс танытуда. Соның ай­қын дәлелі сыныптардағы оқушы­лар саны­ның арта түсуі болып отыр. Еліміздегі үш тұғырлы тіл сая­сатына байланысты бірқатар өзбек мектептерінде үш тілде оқыту жүйе­сін жандандыра түсу мәселесі қолға алынуда. Айталық, Түркіс­тан­дағы Хамза атындағы өзбек орта мекте­бін­де қазақ, орыс, ағылшын тіл­де­рін тереңдетіп оқы­ту жүйесі жұмыс істеуде. Бесінші, ал­тын­шы сыныптар­дан бастап қо­сым­ша сабақтар жүйелі түрде жүргізілуде. Мұғалімдерге 15-20 пайыз үстеме ақы төленді. Мұн­дай материалдық ынталан­ды­ру мұға­лім­дердің жігерін жанып, олар осынау игі­лікті істердің кең өріс алуына бар қажыр-қайраттары мен жан жылуларын жұмсауда. – Этномәдени бірлестіктің ауқымы кең екендігіне көзіміз жетіп отыр. Бірқатар шараларды атқару барысында мәселенің қаржыға тірелері анық. Ал енді осы қаржыны қайдан, қалай табасыздар? – Орынды сұрақ. Бізге бюд­ж­еттен қаржы бөлінбейді. Оның көзін өзіміз табуымыз ке­рек. Жа­сыратыны жоқ, бір­қа­тар дәулетті кісі­лер, ата-ана­лар бар. Олар ел игі­лігі жолын­да­ғы ортақ іске көз­дері жетіп отырғандықтан, аянып қалмайды. Сөз реті келгенде айта кетейін, осы өзіміз туып-өскен Иқанда ерте­рек­те Сайтмұрат деген баба­мыз өткен. Өзі ел билеген, болыс болған. Иманды­лығымен аты шыққан. Жетім-жесірлерге, кә­ріп, мүсәпір­лер­ге, мүгедек, жа­рымжандарға қам­қорлық-көмегін еш аямаған. Әкесі мен өзінің бар байлығын халықтың игілігіне жа­ра­ту­мен даң­қы асқақтаған. Қо­лын­да байлығы бар­лардан осындай имандылықты талап еткен, бай­лығын жасырып, көмек беруден қашқақта­ған­дарды кінәларын мой­нына қойып, халық алдын­да жа­залаған, тіпті ағашқа байлап қой­ған, дүре соқтырған. Қазір Иқан ауылында Сайтмұрат бабамызға орнатылған ескерткіш бар. Осы баба ескерткіші кім-кімді болса да тәубесіне келтіріп тұрғандай. Мұны халқымыз жақсы түсінеді... Сондай-ақ, ауылымызда барлық сән-салтанатымен үлкен мешіт бой көтерді. Оны еліміздің бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі арнайы келіп, ашып берді. Өткен жылдың желтоқсан айында Түркістандағы өзбек этно­мәдени бірлестігін көркейтуге бағытталған акция өткіздік. Оған іске жаны ашитын азаматтар көп келді. Жақсы-жақсы тілектер айтылды, жүрекжарды ой-пікірлер ортаға салынды. Қолма-қол 2 200 000 теңге қаржы жиналды. Қала әкімі Қайрат Молдасейітов 100 000 теңге, облыстық мәслихаттың де­путаты, ауыл ақсақалы Жақан Шалбаев 100 000 теңге ұсынды. Осындай жаны жайсаң, жомарт жандар аз болған жоқ. Қаржы мәселесінде осындай әрекеттеріміз бар. Ол өз нәтижесін беруде. – Әр халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өздеріне тән ұлттық құндылықтары болады. Ұлттық ар-намыстың өлшеуіші іспеттес осынау құндылықтардың бәрінен де жоғары тұ­ратыны­мен ешкім де дауласа ал­майды. Қазақстанның ежелгі тұр­ғындарының бірінен саналатын өзбек бауырларымыздың осы тұрғыдағы жай-күйінен хабардар ете кетсеңіз. – Қазақстандық өзбектер ұлт­тық салт-дәстүрді барынша гүл­дендіре түсу жолында зор ұйым­шылдық көрсетуде. Айталық, бұр­нағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында өткен өзбектердің рес­пуб­ликалық құрылтайында бұл маңызды мәсе­леге айрықша көңіл бөлінді. Осы басқосуға еліміздің 10 облысынан 215 делегат қатысты. Құрылтайда “Дустлик” республикалық ассо­циа­циясының президенті, Парла­мент Мәжі­лісінің депутаты Роза­құл Халмұрадов баян­дама жасап, Қазақ еліндегі өзбек этносының қол жеткізген жетістіктері мен ат­қарып отыр­ған сан-салалы игілікті істеріне жан-жақты тоқталды. Ұлттық салт-дәстүрді берік ұстана оты­рып, кең өрге бастырудың жар­қын көк­жиек­тері нақтылана түсті, осы орайда алға жаңа мін­деттер қойылды. Бұрнағы жылы Сайрам ауы­лында өзбек драма театрының дү­ние­ге келуі біздің ұлттық мақта­ны­шымыз болып табылады. Осы рет­те айта кетер бір негізгі мәселеміз сол, таяу уақыт­та Түр­кістан қала­сы­нан өзбек тілінде газет шығаруға бел байлап отырмыз. Қазір оған әзір­лік жұмыстары жүргізілуде. Оны ұйым­дастыру танымал жур­налист, респуб­ли­калық “Жанубий Ко­зоғистон” газетінің Түркістан және Кентау қала­ларындағы мен­шік­ті тілшісі, Түркістан өзбек мә­де­­ни бір­лес­тігінің атқарушы ди­ректоры Ша­мырза Мада­ли­мовқа жүктелді. Біздің газет шы­ғару жөнін­дегі өтініш-тілегімізге Түр­кіс­тан қала­лық әкімдігі түсініс­тікпен қарап, қолдап отыр. Жыл сайын қазақстандық өз­бек­тердің өнер шеберлері ара­сында республикалық конкурстар өткізіп отыру дәстүрге айналып келеді. Бір ғана мысал келтіре ке­тейік. Бұрнағы жылы Сайрам ауы­лында өзбектің ежелгі халық юмо­ры – аския бойынша ІІІ халық­ара­лық фестиваль өткен болатын. Бұған еліміздің Оңтүстік Қазақ­стан және Жамбыл облыстары мен Өзбекстанның аския шеберлері қатысып, сөз сайысында бақ сы­насты. Бес команданың арасынан Түркістанның сөз шеберлері үздік шықты. Ал сайрамдық аския­шы­лар екінші орынды иеленсе, үшін­ші орынға Жамбыл облысы мен Қарамұрт ауылдық округінің командалары көтерілді. Мәдени бірлестік үстіміздегі жылы Түркістан қаласында өзбек халық әндерінің “Қасиетті әндерді қадірлейік” атты республикалық бай­қауы мен өзбек ақындарының республикалық мүшәйрасын өт­кізуді көздеуде. – Даныш ака, әңгімеміздің соңында осындағы ұлы қақпа кешені жөнінде айта кетсеңіз. – Иқан ауылы – қасиетті Түркістанның ір­ге­сіндегі елді мекен, жиырма шақты шақы­рым­дай жерде. Киелі шаһарға апара­тын күре жол біздің ауылымызды қақ жарып өтеді. Түркістанға қарай бет алған жолаушылар мен қо­нақтардың, зиярат етушілердің қа­сиетті қалаға алғашқы қадам­дарын ұғындыру мақсатында ұлы қақпа кешенін тұрғызу уақыт та­ла­бынан туындаған идея еді. Қаржыны өз қал­тамыздан шығар­дық, халқымыз ниетімізді қоштап, дем беріп отырды. Ұлы қақпа бой көте­ріп, зәулім ғимарат салынды. Қызыл кірпіштен өрілген осы сәулетті үйді ұлттар достығының сим­­волына айналдыруға күш сал­дық. Нәти­же­сінде қазақ, өзбек, қырғыз, түрік, әзірбайжан, түркі­мен, татар ұлттарына арналған жеті бөлмені жасақтап, ұлттық нақыштарымен сәулеттен­дір­дік. Бұларды безендіру үшін сәулет­шілер мен ұлттық шеберлерді сырттан алдырдық. Бұл ғимаратта ұлттық бөлме­лерден өзге ақ­ниет залы, намаз оқитын, бата беретін және неке қиятын арнаулы орындар, дөң­гелек үстел өткізетін бөлме бар. Кезінде осы ұлы қақпа кеше­нінде Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов болып, дәм татты. Қос президент ғибратты сөздер айтып, бөлмелерді тамашалады, ризашылықтарын білдірді. Иқан ауылының тұрғындары мұны әрдайым мақтаныш сезімімен еске алып жүреді. – Даныш ака, жүрекжарды әң­гі­меңізге рахмет. Иқандық бауыр­ларымызға шат өмір тілейміз. Әңгімелескен Сейдулла САДЫҚОВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Өзбекстандағы республикалық “Нұрлы жол” газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы штаттан тыс тілшісі. Оңтүстік Қазақстан облысы.