Руханият • 07 Қыркүйек, 2021

Ана туралы жыр

1118 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Ана туралы жыр

«Қалыбекті 25 жылы жаз көрдім.

Біз күйеудің қасында едік. Қайын да бай ауыл еді. Күйеу жағалаған жеңге, балдыз, құдашалар әзілшіл, қалжыңшыл келеді ғой, біз біраз әзілдескеннен соң томсара бастадық:

– Әй, Қалыбек керек еді, – деседі.

– Қалыбек келсе, бұл кісілерді ерік­тір­мес еді, – дейді біреуі.

– Иә, ол жындының жүрген жері думан ғой, – дейді тағы біреуі.

Бұрын білмейтін едім, енді Қалыбекті көруге құмарттым.

Бір кезде құдай жар болып, шырайы жылы, қой асығындай қолайлы жас жігіт кіріп келді. Оның «салау...малейкү-ү-үм...құдалар?» дегендегі ернінің емеуріні, құйқылжыған дауысы, өзімен ере кірген ақ тазысы, жабайы бос белбеуі көп бозбаланың бірі емес екендігіне куәлік бергендей болып тұр.

Бұл Қалыбек еді.

Біз біраздан соң Қалыбекпен мидай араластық. Ащы да, қою да, тәтті де, қойырқабат та сөздер сөйленіп жатыр. Біз күлкіден езу жия алмадық.

– Жарықтық Шөңгілтай қажының бауырсақ шайнасы былай ғой, – деп аузына бауырсақ сап, балпаңдата шайнағанда, біздің шай ішуге шамамыз келмейді.

Иә, Қалыбек – күлдіргі, қалжыңқой, қынаменде шілдехана жігіт екен».

Жүсіпбек Аймауытовтың 1927 жылы 21 қазанда «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қалыбек әртіс» атты мақаласы шу дегеннен осылай басталып, тарта жөнеледі. Қалыбектің көп қыр-сырын жазушы одан әрмен керемет детальдармен ашады. Әңгіме іспетті жазылған жазбаны желпініп отырып оқып шығасыз. Қалыбектердің қатары – Елағаң, Серағаңдар елестейді... Әлдебір сабақтастық, ұқсастық, әлде­бір табиғилық тарта ма білмеймін, Аймауытовтың атақты мақаласын кей-кейде оқып қоямын. Ұқсастық, үздік үрдіс дегеннен ойға түседі. Бүгінде сарыала сағынышқа айналған «самородок-сары алтындарды» еске алғанда сөз жоқ ортамызда жүрген Сәбеңдер көз алдыңа келе қалады. Себебі олар жөнінде Сәбит Оразбай мен Асанәлі Әшімұлынан артық жетемізге жеткізіп айтқандар кем де кем. Осынау қасиетті қара шалдар туралы дүниенің әңгімесін жиып, бір-бір кітап та жазып тастады. Кейде кісіге түрлі ой түседі. Аймауытовтың арада қанша жылдар өтсе де жырдай оқылатын жазбасы сол шіркіндермен өмірі де, өнері де рухтас Сәбең туралы тағы бір мәрте қалам тартуға сеп болды. Бұл ойыма бәлкім, төтеннен туған толғанысты оқып шыққан соң жауап алып та қаларсыз деген ойдан дәмелімін. Қайдан білейін...

* * *

Сәбеңдер де құдды солардай болды. Қаллекилерден аумай қалған. Мектеп қой. Отырған жері думан. Ән-күй, жыр, терме, әзіл әңгіме, сұңғыла сөз. Өзі де, досы Асанәлі де бұл шалдарсыз сөз бас­тамайды. Тыңдаған сайын бір рақат күй кешесің. Кеудесі бір күмбірлеп тұрған күйсандық. Шертпе күй шерткендей шертіп айтады ғой әңгімені.

Былай дер еді Сәбең.

– Қаллекидің Абызына орыстар жылады. Бірде осының жайын білмек болып Тоқпановтан сыр тартқан болдым.

– Әй, солар түсініп жылады ғой дейсің бе? Бұл ұлы өнердің, таланттың құдіреті ғой, – деді.

– Бүгінде өткеннің бір өнегелі сәттерін еске алғанда «бұрынғының адамдары-ай» дейтініміз бар ғой. Кейде «шіркін, бұрынғының әртістері-ай» деп көкірегің қарс айырылатын кез де болады. Бұл бүгінгілерді жоққа шығару емес, талантты жастар бар, бірақ мектеп ала-құла. Әнуарды айтамын да Молдабековті. Күші тасып, қаны қайнап тұратын еді. 57 жасында кетіп қалды. Есболған қалай есіңнен шығады. Небәрі 43 жыл өмір сүрді. Жан-жақты талант еді. Сол тұстың актерларында азаматтық, адамгершілік ұстаным биік болды. Сахнадан ебін та­уып ақиқатты айтатын. Марқұм Нұрмұхан Жантөрин сондай болатын. Қазіргі жанымда жүрген атақты Асанәліні былай қойғанда, ол кездің көрермендері театрға Фариданы, Сәбира мен Хадишаны, Ыды­ры­с­тарды көру үшін келетін. Чеховтың «Ваня ағайы» керемет жүрді. Әнуар бәрімізді таң қалдырды. Жұрт билет жоқ, сенделіп, сыртта театрға кіре алмай жүретін. Бүгінде олардың аты аңызға айналғанымен ішінде мүлдем ұмыт қалғандары да бар. Сол өкініш. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда» Баян бейнесін Жамал Жалмұхамбетова деген актриса ғажап ойнады. «Нөмірі бірінші Баян сол еді. Мұндай Баян болған жоқ», – дейтін Сәбира апам.

– Ал енді бар ғой, сол кездің адамдары бір-бірінің бағасын, қадірін білді және адам тануы да алабөтен болатын – деп Сәбең тағы да бір ағыс тілейтін арналы ойға бас қойды. Осы менің Сүйеу қартқа келуімнің өзі бір хикая. Талай айтып жүрмін ғой тағы бір есіме түсіп отырғаны. Бұл рөл әу баста Елағаңа тапсырылған. Ол кісі ауырып қалып, маған бір күні ұсыныс түскенде зәре-құтым қалмады. Отыздың о жақ бұ жағындағы жаспын ғой. Елағаң жуық арада келетін түрі жоқ. Репетиция кейінге қала берді. Бірде маған Әзекең ұсыныс жасады. Мен жөнінде жұбайы Ғазиза апамыз айтқан екен. Бұл бір өзі ерекше, аса зиялы, дарынды адам еді ғой. Біздің көп спектакльдерге музыка жазды және қандай музыка десеңізші. Әзекең менің көне қоймайтынымды, жүрексініп жүргенімді сезді. Өзінің зілі жоқ идиот деген сөзі бар еді. Бір күні түнгі үште телефон шалып, сол идиотына басып, біраз намысыма тиіп сөйледі. Сөйтіп, келісім бердім. Бірақ оңай болған жоқ. Көк базарға дейін барып, насыбай сататын шалдармен сұхбат құрып, характер, әрекет іздеген кезім көп болды. Жүдегенім соншалық, біртіндеп Сүйеудің бейнесіне кіріп кеттім. Ақыр соңында бұл рөл одақ көлеміндегі басылымдарда құбылыс ретінде бағаланып, дүркін-дүркін жазылды. Тіпті атақты Иннокентий Смоктуновский тәрізді актерлардың жоғары бағасын алдым. Әуелде аса сене қоймаған өте кірпияз, талғампаз Әбеңнің, Әбдіжәмил ағаның да кейіннен риза болғаны бар.

Мен мұны мақтан үшін айтып отыр­ға­ным жоқ, әрине. Мақтан тілейтін, жел­пі­нетін жастан асып кеттік. Гәп қазіргі режиссердің актерді дұрыс таңдауында және актердің жанкешті еңбегінде. Ізденіс дейді. Дұрыс қой. Бірақ қазіргі сахнада ән, би көп. Шоу секілді шу басым көрінеді. Менің түсінігімде актер деген бір іші-сырты келіскен, жанып тұратын әлгі немене еді, фактурасы келіскен дей ме, сондай болса керек қой. Әсіресе, сахна үшін жаралған драма әртісінің болмысын мен мүлдем басқаша елестетемін. Ол бір сахнаның патшасы, патшайымы ғой. Драма театры актерінің осы қасиетін терең сезінбегеннен соң ғой кейбіреулер сайқымазаққа айналады.

Сәбең әңгімесінің тақырыбы да алуан. Бірақ жалықтырмайды. Бір фальш жоқ. Өмірдің өзіндей өріліп отырады.

– Елде Нышанкүл деген жеңгем бар еді, – деп жымиды Сәбең. – Сол кісі Алматыға оқуға кетіп бара жатқанда «әй, жүгірмек үйленетін болсаң, мұғалімнің қызын ал» деді. Құдайдың құдіреті шынында мұғалімнің қызын алдым. Әуелде мұны неге айтты екен деп ойлаушы едім. Кейін түсіндім. Мұғалімнің қызының өмірінде мағына, мазмұн болады екен. Шіркін бұрынғының адамдары-ай! Кеудесі мұндай көмбе-қазына болар ма? Өмірдің өзі оқытады екен ғой. Жалпы, ер адамның өмірі, тағдырының қалай болуы да әйел адамға көп байланысты. Софокл деген данышпанның «Әйелі көп сөйлейтін еркектер қысқа өмір сүреді. Өйткені жүрегінің жалыны өше береді» деген сөзі бар. Осы дұрыс айтылған сөз.

Бұрынғының адамдары есіне түскен сайын Сәбең шабыттанып, буырқанып, әңгімесін барақаттандыра түседі.

– Баяғының шалдары дәрігер мен милицияның қолына түсіре көрме деп отырушы еді. Бала неме тағы да онысы несі екен дейтінбіз. «Адамнан милиция жасау оңай, милициядан адам жасау қиын» дейді тағы да. Жарайды делік, ал енді дәрігерді неге айтты деңізші. Оны да қазір түсініп жүрміз. Денсаулық сыр бергенде баратының дәрігердің алды. Әсіресе, қазір көбірек жүгінеміз. Көрер көзге жамандағаным емес. Бәріне бірдей топырақ шаша алмайсың. «Ақыл жұғыс» деген ғой. Сабақ болсын деп айтамын. Біздің кейбір дәрігерлерде дөрекілік басым. Тіпті өзіңе көзіңді бақырайтып қойып «неге ауыра бересіз?» дейтіні бар. Шетелдің дәрігерлерін көп көрдім. Бала да, дана да бола алады. Тіпті балдызың тәрізді еркелеп тұрады. Күнде бірдеңе тауып айтады. Біздің ағайындар шенеунік болып кеткен бе, сенен бір қарызын ала алмай жүргендей, құдды бір жойқын жиналыс өткізуге ия жауап алуға келгендей қабағы ашылмайды ғой. Дәрігер палатаға кіргенде күн шыққандай болса қанеки!

Сәбең осылай да осылай ақ нөсердей төпей береді. Бірде күлдіріп, бірде жылатып егіз стихияның сүрлеуіне салып жібереді. Өз бойында юморы жоқ адам қуанышты да, қайғыны да сезіне алмайды. Бұл кісі сол юмор арқылы осы қасиетті жетілдірген адам. Қазір біреуді сынасаң, кемшілігін айтсаң кәдуілгідей ренжіп қалады. Сәбең айтатын бұрынғының адамдары «бұл кісі неге бүй деді?» деп ойланатын. Бұрыс болса ғафу өтінетін. Әркім өз қателігінен қорытынды жасау, тіпті біреудің қателігінен үйрену қалып барады. Бұл өмірде ерлік те, ештеңе де жасап әуре болмай-ақ қой, тек иттік жасамау қолыңнан келеді ғой. Міне, Сәбеңнің көңіл райына қарай шамырқанып, шиыр­шық атып жататын әңгімелері осын­дай ой төр­кініне ден қойғызады.

Әрине, Сәбеңді бірден біле қойдыңыз. Кәдімгі Сәбит Мұқанов демекші, кәдімгі ой мен сезім сәулеткері Сәбит Оразбай. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Айтары жоқ, бұл бір тұла бойы тұнған тектілік, жүрегі толы мейірбан, рахман нұрындай таза адам. Өмірде де, өнерде де сол тазалықтың эталоны болып келеді. Өмірімде мұндай сөзге ұста, шебер әңгімеші адамды сирек кездестірдім. Біздің драма әртістерінің ішіндегі Бейімбеті дерсің. Әсіресе, қазақы қалжыңды, юморды биік өнер деңгейіне көтерген адам. «Алдаркөсені ойнайтын адамның тыныш жатқанына таңым бар» деп гастрольде жүргенде қалжыңдайтын Асқар Сүлейменовтің сөзінің де жаны бар. Шебердің аты шебер, әрине. Сәбең сол байсалды қалпымен, қоңыр мінезімен-ақ талай комедиялық бейнелердің бағын ашып, ұзақ жыл ұлы театрдың босағасына байлады ғой.

Кісі бойына ұлы мейірім-шапқат алдымен бір Алладан берілсе, одан соң ата-анадан дариды. Осынау жылдар ішіндегі шығармашылық тағдыр жолында қазақтың осындай бірегей болмысты тұлғаларымен пікірлес, сырлас болудың арқасында да саф сұлулықтың, мөлт еткен мейірімнің қайнарынан қанып ішіп, көп қасиет жидым, биіктедім, бекзаттандым. Олар менің егіз стихиям – өнер мен мәдениетке деген құштар көңілімді қанаттандырды, кісілік пен кішілік, парасат-пайым, зиялылық пен зипалық, мінез мектебінен өттім.

Адам өмірінің өнегелі тұстарының, шуақты сәттерінің көп болуында жақсы адамдардың ықпалы аз болмайды. Бү­гін­де көп қасиеті өмірімізден алыс­тап бара жатқан кешегі классикалық жур­на­лис­ти­каның жүйріктерінен біздің буын көп үйренді. Олар жөнінде әр кезде жазып, айтып жүрміз. Бұлай жасамасақ қазір кімді кім іздеп, керек етіп жатқандай.

Журналист болып ғұмыр кешудің өзі біле білгенге бір бақыт. Бұның өзі әу баста өз кәсібіңді сүймеген соң бекер сөз болып шығады. Ал оның айрықша бір сыйы сені сан түрлі тағдырлармен жолықтырады. Бұл ретте сенің университетте алған білімің жеткіліксіз болып, сол өмірдің өзінен үйренесің. Өмір сені оқытады. Оқулығың өмір. Өмір болғанда да өмірі өнегеге айналған тағылымға толы, тағдыры қиын, қызық адамдар арқылы сен толысасың. Ендігі жерде сен сол жандарды өзіңе өте жақын тұтып, тіпті ұстаз санай бастайсың. Ұстаз көру ол сенің міндетті түрде сол кісінің алдынан дәріс алуың деген тура түсінік емес. Жақсының бәрін өзіңе жақын тарту, содан үздіксіз үйрену, сырттай оқыған тәрізді ұстаз тұту. Мен үшін бір өзі бір мектеп, бір театр сондай жандар болды. Соның бірі де бірегейі – Сәбит Қоңырбайұлы Оразбай.

Сәбең алуан тағдырлы, сан қырлы өнер иесі. Сахна мен экранда 200-ден астам кейіпкер кескіндеп, әкемтеатрға 68 жыл өмірін арнап, отыздан асар жасында аса күрделі психологиялық образ Сүйеу қарттың бейнесін сомдауда құбылыс жасап, менменшіл Мәскеу марқасқаларының мысын басқан еді. Алла тағала бұл кісінің бір басына бірнеше өнер берген. Актерлігінің қос қанатындай әншілігі, термешілігі, жыршылығы, тіпті өлең оқығанда домбыра шертіп отыруы т.б. әлі зерттеушісі түрен сала қоймаған, ашылмай жатқан бір көмбе. Жұртқа танымал бірнеше әннің авторы. Қарапайымдылығы ғой, біреулер бір ән жазса жер-көкке сыймай төбеңді ойып жібере жаздайды, ал мұның өзін ол қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Оның сыртында ұзақ дастан, жырларды («Саурық батыр», «Өтеген батыр», «Сүйінбайдың батасы», «Төле бидің өсиеті» т.б.) одан әрмен жауһарға айналдырып, өз жанынан қосатын ұлы сарындардың рухани қуаты қандай десеңші! Ертеректе Ташкент жақта бір ақсақалдың аузынан жазып алған «Төле бидің өсиетіне» шығарған мақамы бүгінде халық туындысына айналып кетті. «Сүйінбайдың батасын» бұл кісідей айтатын жанды әзірге кездестірмедім. Ісмерлігін айтсаңызшы. Фотосуретшілігінің өзі бүтін бір бекзат әлем. Әкемтеатр мұражайындағы сарғайған суреттердің 50 пайызының иесі Сәбең болар-ау.

Сәбең шежіре, қазына.

Сәбең, Асағаң, Есағаң, Нүкетай апаларымыз ұлы театрдың ұстындары. Біз неге бұл кісілерді айналдыра береміз? Өйткені бұлар – Қаллекилердің тірі көзі, сөзі, өзі. Сол қасиетті қара шалдар негізін қалаған адамгершілік, ар академиясын бітірген түлектер. Міне, сол «самородок-сары алтындардан» қалған сара үрдіске, рухани мұратқа адалдықтың үздік үлгісін ұстанған ұстындардың арқасында әкемтеатр әлі күнге өзінің текті тұғырынан түскен емес. Ұлы үрдіс, сара сабақтастық талантты шоғырмен жалғасып жатыр.

Сәбең «Өмірдің өзі – театр», «Тазар­ғың келсе, театрға бар» атты екі кітап жазып, ұлт өнербаянына өлшеусіз үлес қосты. Осы кітаптарға редактор бол­ға­нымды да мақтан көремін. Ендігі жерде анасы Апақай (Аппақ ай) туралы ғажап кітап жазып жатыр. Алла бұйыртса бұл туынды да оқырманның көзайымына айналып, қолдан түспейтініне күмән жоқ.

Әңгімеге тұздық болсын.

Бір әпенділеу кластасым бар. «Құ­дайдың құдіреті өзің білесің мен өмірімде ыңылдап болса да ән салған адам емеспін. Шәмшінің «Ана туралы жырын» естісем болды, қалай қосылып кеткенімді білмей қаламын» дейді.

Сол пақыр қазақ газеттерін қалдыр­май оқиды. «Алматы ақшамынан» «Апақайды» да үзбей оқыпты. «Осы бір жазба жанымды жылытып, Апақай шешеміздің көп қасиеттері апамды есіме түсіріп, қу қатыннан көзімді ала беріп, оңашада сықсыңдап та жылап аламын» дегені бар. Қазір жалғасын сұрап қояды. Кітап болып бір-ақ шығады деп едім, қуанып күтіп жүр.

Рас, Сәбит Оразбайдың «Жақсыдан сөз қалсын» айдарымен жариялана бас­та­ған жазбасынан соң оқырман қа­ра­сы бұрынғыдан да көбейе түсті. Тіпті кей­бі­реулері әлеуметтік желілерде «сен­­біні күтпей-ақ, әр номер сайын бер­се­ңіздер болмай ма?» деген өтініш те айтатын. Бұл әңгіменің жұрт жанына тым жақын, ыстық болатын себебі –
ана, дара өнерпаздың апасы Апақай (аппақ ай деген мағына ғой) туралы. Әңгіме негізінен актердің анасы туралы болғанымен, онда халқымыздың аяу­лы­сына айналған ардақты аналарымыз туралы да небір қызықты, тартымды толғаныстар қатар өріледі.

Анадан артық дана бар ма? Дүниеде ананың құшағынан ыстық құшақ бар ма? Ананың иісінен артық иіс бар ма? Жұмақтың иісі де сондай болар. Өйткені біз білгенде жұмақ ананың табанының астында ғой. Апасын сағынбайтын перзент бола ма? Қолыңнан келсе, анаңа аспандағы айды алып бергің келеді-ау. Бірақ перзентін бәрінен де артық көретін анаға оның ешқайсы да керегі жоқ, оған сенің амандығың, азамат болғаның, ел қатарына қосылғаның керек.

Бұл барлық ананың арманы. Бұл жазбада сол құдіреті күшті Ана жүрегінің жыры, махаббаты, ұлы сағынышы бар. Бүгінде сексеннің бел ортасынан асып, алты Алаштың абызына айналған ағамыздың перзенттік махаббаты осы жазбаның әр жолынан сәуле шашады. Жүрегіңді ерекше бір сезім билейді, әлдилейді. Әлгінде осы жазбаға орай пікір білдіріп жатқан оқырмандар қарасы көбейіп тұрғанын айттық. Оқырманның да түр-түрі бар. Әрқайсысының талғамы, тануы бөлек. Бірақ солардың бәрінің Анаға деген махаббаты шексіз, арнасынан асып жатады.

Сүйегіне сөз сіңген, өнері де, өзі де дара, қара сөздің қаймағын сыпырып сөйлейтін, тұла бойынан дег­дарлық ұшқындап тұратын Досхан Жолжақ­сы­новтың Сәбеңнің айтуын­да­ғы мына бір тебіренісі де біздің айтпағымыздың толық хабаршысындай болса керек-ті.

– Досхан телефон шалды. Естелікті үзбей оқып жүр екен. Өзі сергек, көп оқитын, үнемі ізденіп жүретін, ерекше талантты азамат қой.

– Сәбе аға, естелігіңізді жібермей оқып жатырмын. Керемет. Шебер жазылған. Біресе күлдіреді, біресе көзіңе жас әкеледі. Әйтеуір оқыған жанды бей-жай қалдырмайды. Ең бастысы, анамызды есімізге түсірді. Дүниеде ең асыл адам ана ғой, шіркін. Әсіресе, анаңыздың әрбір ісін, әрекетін қалай есіңізде сақтай білгенсіз. Әлде бұрыннан жазып жүрген күнделігіңіз бар ма еді? Сізге Алла қуат берсін, осылай естелігіңізді жалғастыра беріңіз, – деді. Досханның сөзі кәдімгідей бойыма қуат берді, – дейді Сәбең.

Алматыдағы «Қалқаман-2» шағын ауданынан телефон шалған Дәурен Сәбитов деген азаматтың лебізі де бізді айрықша тебірентті.

– Апамды сағынып жүргенде белгілі адамның мына толғаныстары мені қилы ойға салды. Бір жылап та алдым. Шы­ным­ды айтсам, әңгіменің өн бойы­нан дүниеде теңдесі жоқ апамның исі аңқып тұрғандай әсерлендім. Апам маң­да­йымнан сипағандай, еміренгендей болдым. Шіркін, қолыңнан келсе, анаңа осындай бір дүние арнай алсаң, одан артық ескерткіш бола ма? Менің сол арманымды орындаған ұлы актерге мың да бір алғыс, – дейді ол.

Шебердің аты шебер. Әңгіме шынайы болғанда, оған шеберлік қосылғанда шедевр туатынына шүбә жоқ. Бүгінде «қарағым, шырағым, алтыным» деген алтын сөздер азайып тұрған заманда мұндай туындылардың сол олқылықтың орнын он есе толтыратыны сөзсіз. Осындай дүниелердің газет бетінен орын алуы кісіні де бір адами бақытқа бөлері хақ. Біз оқырмандар тарапынан соны шын сезіндік.

Бұл, бұл ма әйгілі Әбе-Әбді-Жамил Нұрпейіс бірде осы «Апақай» сенбі са­йын жарияланып жатқан тұста осыдан елу жыл бұрын Сүйеу қартқа сүйінгеніндей, «Әй, мына баланың әңгімесі мені баурап барады. Мынау «Ана туралы жыр ғой» деп еді.

Сәбең шапқан сайын шабандоз ша­быттың қанатына мініп алып, әр қыры­нан ашыла беретін теңіздей түпсіз терең, ортай­майтын қазына. Шетінен шертіп, кертіп ал да жаза бер.

Барының бағасын білетін, жоғының жақ­сылығын жадынан шығармай ұлық­тап отыратын бұрынғының адам­да­ры-ай, дала дәптері тәрізді дерсің. «Бұ­рын­ғының адамдары-ай!» деп тамсану­дан бір жалықпай, сол дала дәптерін парақтап отыратын Алаштың арда абызы, Апақайдай арлы ананың адал сүтін емген қазақ өнерінің қоңыр өлеңі, қоңыр сазы, қоңыр мұңы, Қоңырбайдың қоңыр ұлы Сіз аман болыңыз. Қазақ мұнайының атасы, жүз жасаған Сафи атамыздың аяулы қызы, асыл жарыңыз Сәуле апаймен бірге алдымызда ұзақ жүріңіздер!

Қали СӘРСЕНБАЙ