Сұхбат • 08 Қыркүйек, 2021

Талғат Мұсабаев: Ғарыш саласы – елді дамытатын заманауи сала

1537 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарындағы табыстарымызды сөз еткенде Қазақстанның ғарышты игеру бағытындағы ірі қадамдарын айтпай өте алмаймыз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, тікелей қолдауымен жүзеге асырылған игі істердің тұтас тарихы қалыптасты деуге болады. Әсіресе Елбасының қазақ ғарышкерлерінің ғарышқа аттануы­на кеңінен жол ашқан еңбегін ерекше атап өткіміз келеді. Сол азаматтарымыздың бірі – қазақтан шыққан екінші ғарышкер, Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаевпен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында әңгімелескен едік.

Талғат Мұсабаев:  Ғарыш саласы – елді дамытатын заманауи сала

– Талғат Аманкелдіұлы, ғарышқа бірнеше рет ұшып, құнды зерттеу­лер жүргізіп келгеніңіз мәлім. Сол сапар­ларыңыз жайлы не айтасыз?

– 1961 жылы 12 сәуірде мектебімізде оқушыларды салтанатты жиынға шақырып, «Жерден алғашқы адам Юрий Гагарин ғарышқа ұшты» деген таң­ға­ларлық жаңа­лық жарияланды. Балалар секіріп, «Ала­қай!», «Мен де ғарышкер боламын!» деп қуа­нып жатқанда, ашық аспанға қарап тұрып, күтпеген жерден «Талғат Мұсабаев – ға­рышта!» деп айқайлап жіберіппін.

Алға қойған мақсатыма жету үшін авиа­циялық радиоинженер дипломын иелен­дім. Азаматтық авиацияда инженер ре­тінде қызмет етіп, сонымен бірге авиа­клубта спорттық авиациямен шұғыл­дан­дым. Жоғары пилотаж бойынша КСРО спорт шебері деңгейіне, қазақ бала­сы ішін­де жоғары пилотаж бойынша бі­рінші КСРО чемпионы дәрежесіне жет­тім. Кейін­нен азаматтық авиацияның ұш­қы­шы қыз­метін атқардым. Сол кезеңде ұшақ басқа­рып жүріп, ғарышкер болсам де­ген арма­ным­ды ұмытқан жоқпын. Ұзақ уақыт іріктеуд­ен өттім. Бұл жолда да ай­тар­лықтай қиын­дықтарды жеңуге тура келді.

КСРО Ғарышкерлерді даярлау орта­лығына алғашқы үндеуімді 1981 жылы жаздым, бірақ жауап алған жоқпын. Тек 1986 жылы көктемде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов кездесуге шақырып, «Ғарышқа ұшқыңыз келе ме?», деп сұрақ қойды. «Әрине, ол – менің арманым», деп жауап бердім. «Ендеше, бұл мәселеге тіке кірісейік», деп уәде беріп, сөзінде тұрды. Сол жылдың 7 мамырында мені Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қабылдап, батасын беріп, Мәскеуге қолдау қағазын жолдады. Сол қолдаудың көмегімен мен 1986 жылдың аяғында ғарышкерлерді іріктеу бойынша алдын ала медициналық тексеруден өтуге Мәскеуге шақырту алдым да, одан сәтті өттім. Бірақ Қазақстан азаматтық авиация басқармасы басшылығының теріс ұстанымына байла­ныс­ты ғарышкерлер жасағына іріктеуге іліне алмай қалуым мүмкін еді. Ғарыш­к­ерлерді даярлау орталығы мені кезекті медициналық комиссияға шақырту же­делхатын жіберіпті. Бірақ оны алғаным жоқ. Бірақ маған бір жағдай көмектесті. «Энергия» ғылыми-өндірістік бірлестігін­дегі ғарышкерлер қызметінің бастығы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ғарышкер Александр Александров үйіме қоңырау шалып: «Неліктен медициналық тексерістен өтуге келмейсіз?», деп сұрады. Сонда Қазақ­станның жоғары басшылығына жүгін­бесем, ғарышкер болу жоспарым орын­далмай қалуы мүмкін екенін түсіндім. Сөйтіп, Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баруға шешім қабылдадым. Ол мені қабылдады. Кездесуден кейін Н.Назарбаев ұшқыш Мұсабаевты кеңестік ғарышкерлер жаса­ғына іріктеу бойынша медициналық комиссиядан өту үшін Мәскеуге іссапарға жіберуге тапсырма берді.

Мәскеулік мамандар бір ай бойы мені тексеруден өткізіп, дәрігерлік-сараптау комиссиясы ғарышкерлер жасағына кіруге толық жарамды деген қорытынды жасады. 1988 жылы өткен Мемлекеттік ме­ди­ци­налық комиссияға ұсыныс берді. Ғарыш­керлер жасағына енгізу туралы соңғы шешімді Ведомствоаралық мемлекеттік комиссия қабылдады. Егер комиссия оты­рысы кезінде ғарышкер Александр Алек­сандров тағы да тікелей телефон шалма­ған­да, маған келген шақыруды басшы­лық жа­сырып қалып, қатыса алмай қалар едім. Жа­ратушының шексіз құдіреті ғана ма­ған Алматыдан Ведомствоаралық мемле­кеттік комиссияның отырысына үлгеру­ге көмектесті. Мен бұл күнді, яғни 1990 жылғы 20 мамырды өзімнің нақты ғарыш­тық қызметімнің бастауы деп санаймын.

Бір қызығы, комиссия отырысында кә­сіби және медициналық деректер бо­йынша ешқандай сұрақ болмады. Ғарышкер әрі комиссия мүшесі Валерий Рюмин: «Сіз үшін республиканың үш бірінші басшысы – Қонаев, Колбин, Назарбаев өтініш бер­генін немен түсіндіресіз?», деген бір ғана сұрақ қойды.

Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығында 4 жылдық дайындықтан өттім. Дайындық 1991 жылдың аяғында, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубә­кіровтің ғарышқа ұшып келгенінен кейін үзіліп қала жаздады. Себебі Ғарышкерлерді даярлау орталығында маған: «Сіз жиналып, үйге қайта беріңіз. Қазақ ғарышқа ұшты, бағдарламаны орындады, барлығы қанағаттандырылды», деп ашық айтты. Бірақ Жаратушы сәтін салып, ғарышкер Алексей Леонов пен Ғарышкерлерді даярлау орталығының бастығы Владимир Шаталов мені қолдады. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып келгеннен кейін олар Президент Н.Назарбаевпен бірнеше рет кездесіп, маған мүмкіндік беру керектігі туралы әңгіме қозғады. Президент бұл ұсы­нысты бірден қолдады. Сөйтіп, «Мұсабаев ғарышкерлер жасағында әскери ретінде қалады және қызмет ету мен ұшуға дайындалуды жалғастырады» деген шешім қабылданды. Бұл шешімді заңдастыру үшін Қазақстан Президенті КСРО Қорғаныс министрі Язовқа запастағы офицер Мұса­баевты әскерге шақыруды сұрап хат жазды. Сонымен, ғарышкерлер жасағына қо­сылғанда мен 41 жаста едім, сондықтан 27 жастағы жас жігіттермен салыстырғанда ғарышқа ұшуға мүмкіндігім аз екенін тү­сін­дім және тез әрі сапалы да­йындалу ке­ректігін ұқтым. Мен күндіз-түні жұмыс іс­теп, жеке кесте бойынша дайындалдым жә­не ғарышкерлердің негізгі тобы үш-төрт айда тапсырған пәндер бойынша емтихандарды екі-үш аптада «өте жақсы» ба­ға­мен тапсырдым. 1993 жылдың басында барлық емтиханды тапсырғаннан кейін мен Қазақстан Президентіне еліміздің ғарыш бағдарламасын орындау үшін экипажға қо­сылуға толық дайын екенімді баяндадым. Одан кейін бір жарым жыл бойы жос­парланған экипаж құрамында ғарышқа ұшу бағдарламасы бойынша даярлықтан өтіп, емтихандарды үздік бағамен тапсыр­ғаннан кейін ғана Мемлекеттік комиссия менің ғарышқа ұшуым туралы шешім қабылдады.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш агенттігін құру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам қаншалықты тиімді болды?

– Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан ғарыштық қызметті дамыту жолында төртінші кезеңнен өтіп жатқанын айта кету керек. Ғарыштық қызметті дамы­ту­дағы бі­рін­ші кезеңді Тәуелсіз Қазақстан 1991-2004 жылдары аяқтады. Сол жылдары тек ғарыш­тық кеңістікті зерттеуге арналған ғылы­ми жұмыстар жүргізілді. Атап айт­қанда, ғылыми зерттеу­лер астро­физика, жер ионосферасы, жерді қашықтан зонд­тау бағыттарымен байланысты еді. Осы ғылыми зерттеулермен қатар, Тоқтар Әубә­кіров ғарышқа ұшқанда (1991 жылы) және мен үш рет ғарышқа ұшқанымда (1994, 1998, 2001), академик Ө.М.Сұл­тан­ғазиннің ғылыми жетек­шілігімен ғарыш­­тық жағдайда эксперимент­тер жүргі­зуге ар­налған Қазақстанның төрт ғарыштық ғылыми бағдарламалары орындалды.

Ғарыштық қызметті дамытудағы екінші кезеңді тәуелсіз Қазақстан 2005-2007 жылдары өткізді. Екінші кезеңде ғарыштық кеңіс­тікті зерттеумен қатар, ғарыштық кеңіс­тікті пайдалану жұмыстары басталды. Ғарыш аппараттарын жобалайтын ар­найы конструкторлық-технологиялық бюро ұйымдастырылды. Ғарыштық байланыс жүйесін, жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін, ғарыштық ғылыми зерттеу жүйесін, ғарыштық аппараттар ар­қылы навигация жүргізу жүйесін, ғарыш ап­параттарын жинақтау-сынау кешенін, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран жүйесін жо­балау жұмыстары басталды. Дегенмен ға­рыштық қызметті дамыту жұмыстары­ның қарқыны өте төмен еді. Өйткені мем­лекеттік бағдарламаны жүзеге асырып отыр­ған Аэроғарыш комитетінің құзыреті бұндай ауқымды және жауапты қызметті атқа­руға жеткіліксіз болды. Оған қоса, бір министрлік құрамынан екінші министрлік құрамына бірнеше рет ауысқанына байланысты стратегиялық бағыты тұрақты және анық емес-тұғын.

Елбасы 2006 жылдың желтоқсан айында күтпеген жерден мені өзіне шақырып, ғарыштық қызметті дамыту мемлекеттік бағдарламасын орындау барысы жайындағы пі­кірімді сұрады. Мені жылы жүзбен, көңілді қарсы алып, сұрақ қоя бастады. Еліміздегі ғарыштық қызметті дамыту жұмыстарының барысы туралы ойымды жасырмай, тура айттым. Сұрақтарына жауа­бымды естігенде Елбасының көңілі бұзыла бастады. Маған көптеген қосымша нақты сұрақ қойды, жоспарланған он минут орнына әңгіме бір жарым сағатқа созылып кетті. Әңгіменің соңында Елбасы маған: «Әкел­ген баяндамаңды маған қалдыр», деді.

Ғарыштық қызметті дамытудағы үшін­ші, ең үлкен, тиімді және ауқымды нәти­жеге жеткізген кезең 2007-2014 жылдары өтті. Менімен болған кездесуден кейін көп ұзамай, 2007 жылдың наурыз айында Елбасы Ұлттық ғарыш агенттігін (Қазғарышты) құру жөніндегі Жарлыққа қол қойып, оны басқаруды маған жүктеді. Содан бас­тап 2014 жылға дейін – жеті жарым жыл ішінде Қазақстан ғарыш саласын жасауда үлкен әрі күрделі жолдан өтті. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, мұндай жетістікке жету үшін дамыған елдер жиырма жылдан астам қажырлы еңбек еткен. Ұлттық ғарыш агенттігінің күн демей, түн демей жасаған жұмысының нәтижесінде жеті жарым жылда елімізде заманауи ғарыш­тық инфрақұрылым жасалды. Ғарыш сала­сының ғылыми технологиялық Ұлттық орта­лығы және арнайы конструкторлық-техно­логиялық бюросы ұйымдастырылып, ғарыш­тық байланыс жүйесі, жерді қашық­тан зондтау ғарыштық жүйесі, ғарыш­тық аппараттар арқылы навигация жүргізу жүйесі жасалып, 2014 жылы іске қосылды.

Ғарыштық қызметті дамытудың төр­тінші кезеңі 2015 жылдан бері жүзеге асы­рылып келеді. Бұл кезеңде бұған дейін іске қосылған ғарыштық жүйелерді және инфрақұрылым нысандарын ел эко­но­микасының мүддесіне тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Тәуелсіздіктің 30 жылында ғарыш саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала кетсеңіз...

– Ең бастысы – тәуелсіздіктің 30 жы­лын­да стратегиялық мәні өте зор мемле­кет­тік мәселе – біліктілігі жоғары мамандар даярлау мәселесі шешілді. Осы мақ­сатта 80 жас маман тобы құрылып, олар үш жыл мерзімінде Франция, Англия, Гер­мания және Ресей кәсіпорындарында сол елдердегі әріптестерімен бірлесе жұмыс істеп, өте құнды өндірістік тәжірибе жи­нақ­тап келді. Бұл шара арзанға түскен жоқ, бірақ оң нәтижесін берді. Олар 2015 жылдан бастап өз күшімен екі ғарыш аппаратын жасап, 2018 жылдың желтоқсанында ға­рышқа ұшырды. Бірінші аппарат – ғы­лыми зерттеу, екінші аппарат отандық м­а­мандар әзірлеген технологияларды сынақтан өткізу мақсатында жасалған. Екі ға­рыш аппараты ғарыш жағдайында сынақ­тан ойдағыдай өтіп, қазір белгілеген қызметін атқарып келеді. Оған қоса, екінші аппаратқа қосымша коммерциялық қызмет берілген. Бұл – ғарыш аппаратының сапасы жоспарланған деңгейден жоғары шық­қанына дәлел. Қазіргі таңда ғарыштағы Қазақстан аппараттарының саны алтауға жетті. Соның ішіндегі екі аппаратты қазақ­стандық мамандар өздері жобалап, әзірлеп, бөлшектерін жасап, құрастырып, сынақтан өткізіп, ғарышқа ұшырып, іске қосты.

Сонымен қатар отандық мамандар 2015 жылдан бастап өз күшімен ұлттық ға­рыштық мониторинг жүйесін әзірледі. Бұл жүйе ғарыш аппараттары түсірген жер­­дің суретін қабылдап, өңдеуден өт­кізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен эко­­­­но­мика салаларының күнделікті мә­се­ле­лерін шешуге қажетті ғарыштық ақ­па­рат­ты пайдалануға ыңғайлы түрде ұсынады.

– Байқоңыр космодромын Ресейдің пайдалануына беру жөніндегі шешім және осы ғарыш айлағының болашағы жайлы пікіріңізді білгіміз келеді.

– Байқоңыр – жер бетіндегі ең үлкен ғарыш айлағы, ол бұрынғы КСРО-ның эконо­микалық және ғылыми қуатты­лығы­ның арқасында жасалған өте үлкен техно­логиялық, өндірістік және зымыран тех­никасын сынауға арналған кешен. КСРО тарағанда кешенді игере алатын бір ғана мемлекет бар еді. Ол – Ресей, ал Қазақ­станның экономикалық қуаты және мамандар саны жеткіліксіз болатын. Сондықтан Қазақстанға Байқоңыр айлағын өз меншігі ретінде сақтап қалу үшін Ресейдің пайдалануына беруден басқа жол жоқ еді. Қазіргі жағдайда Жер бетінде 20-дан астам ғарыш айлағы бар, олардың саны күннен-күнге өсіп келеді. Оның үстіне, Ресей Қиыр Шығыста жаңа ғарыш айлағы құрылысын жүзеге асырып, өзінің жер серіктерін сол жақтан ұшырып жатыр. Осы себепке байланыс­ты Байқоңырдан ракета ұшыру саны қысқарып, оның мүлдем жабылу қаупі туындап тұр. Ондай жағдайға жеткізбеу үшін Байқоңырдың нысандарын заманның талабына сай жаңарту жобалары іске асырылып жатыр. Бірінші жоба – Ресеймен бірлесіп, «Бәйтерек» жаңа ғарыштық зымыран кешенін құру. Екінші жоба – Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп, ең алғашқы іске қосылған Гагарин атындағы зымыран ұшыратын кешенді жаңғырту. Осы екі үлкен жоба іске асырылса, Байқоңыр ғарыш айлағы екінші рет өмірге келеді десек, артық айтқандық емес.

– Ресей алда-жалда Байқоңырды Қазақ­станға қайтарып берсе, оны өзіміз бас­қа­рып, ел игілігіне жаратуға әлеуеті­міз жете ме? Осы сала мамандарын даяр­­лау жайы қалай?

– Байқоңыр ғарыш айлағын толық өзіміз басқару үшін елімізде зымыран өндірісі қажет. Ондай өндірісті жасау үшін көп қаражат пен көп маман, уақыт қажет. Сон­дықтан бұл мәселені шешудің қазіргі жағ­дайдағы тиімді жолы – басқа елдермен бір­лесіп ортақ жобаны іске асыру. Деген­мен бірлескен жобадағы Қазақстанның үлесі жоғары болуға тиіс, сонда ғана біз Байқоңырдың тағдырын өз мүддеміздің пайдасына шеше аламыз.

Бұл мақсатта мамандар даярлауға, олардың санын көбейту жұмыстарына зор көңіл бөлінген. Байқоңырда салынып жатқан «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені шеңберінде бір топ маман тікелей даярлықтан өтіп жатыр. Сонымен бірге Аэроғарыш комитетінің (қазіргі Қазғарыштың) салалық ғылыми зерттеу бағдарламалары шеңберінде отандық зымыран әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл ғылыми әзірлеу жұмыстары зымыран саласындағы Қазақстан мамандарының денгейі мен санын тез көтеріп, басқа елдермен бірлесіп жасайтын жобаларда Қазақстанның мүддесін толық қорғауға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ғарышкерлер күніне байланысты құттықтау сөзінде Қазақстан ғарыш саласына ден қоюды жалғастыра беретінін айтты. Осы орайда, алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Мемлекет басшысының ғарыш саласына ден қоюды жалғастыра беру керек деуіне толық негіз бар. Тәуелсіздіктің 30 жылында Елбасының тікелей қол­дауымен елімізде ғарыш саласының заман­­ауи инфрақұрылымы жасалды. Ғарыш аппараттарын жинақтау мен сынау ке­шені Еуропаның алдыңғы қатарлы кәсіп­орындары деңгейінде жасалған. Басқа ТМД елдерінде оған ұқсас нысан жоқ. 

Қазіргі таңда Қазақстан ғарыш сала­­сы­ның басты мақсаты – мол мүмкіндікті толық және тиімді пайдаланып, қол жеткізген ғарыш саласының даму қар­қынын жоғалтпай, оны әрі қарай ілгерілету. Келесі міндет – жасалған ғарыштық жүйелердің (байланыс жүйелері, жерді қа­шықтан зондтау жүйелері, ғарыштық аппараттар арқылы навигация жүргізу жүйесі) қызметін экономикаға тиімді пайдалану технологияларын әрі қарай дамыту. Үшінші мақсат – ғарыштық аппараттарды және оларды басқаратын жерде орналасқан кешендердің бөлшектерін әзірлеу, жобалау және өндіру технологияларын әрі қарай дамыту. Бұл жұмыстарды орындауда негізгі рөлді атқаратындар – дайындығы жоғары, тәжірибелі әрі дағды жинаған білікті мамандар. Ондай мамандарсыз басқа шаралар қандай болғанымен, нәтиже бермейді. Сондықтан алға қойған мақсаттарға жету үшін ең басты мәселе – даярланған мамандарды жоғалтып алмай, сақтап қалу қажет.

Өкінішке қарай, кейінгі кезде еліміз­дің ғарыш саласын құруға бірінші күн­дер­ден қатысқан жоғары білімі бар, тәжі­рибиелі әрі дағды жинаған білікті мамандар басқа салаларға ауысып, кетіп жатқан жағдайлар кездеседі. Мұның негізгі себебі – жоспарлаған ғарыштық жобалар мен бағдарламалардың уақтылы басталмауы. Мұндай жағдай елімізді өте үлкен шығынға әкелетіні анық, өйткені мол қаражат жұмсап даярлаған мамандардың орнын толтыру үшін тағы да көп қаржы әрі он екі жылдан астам уақыт керек.

Атап айтсам, бұған Ұлттық ғарыш агенттігі жасаған тиімді басқару жүйесінің бұзылуы, ғарыш саласы басшылығында ауызбіршілік болмай, өзара айтыс-тартыс орын алуы теріс әсер етіп отыр. Мысалы, жұмыс мерзімі аяқталған ғарыштық байланыс аппаратын, жерді қашықтан зондтау аппараттарын ауыстыру жұмыстары уақтылы басталмады. Сол себепті арнайы конструкторлық-технологиялық бюро мен ғарыш аппараттарын жинақтау-сынау кешенінің жұмысы тоқтап тұр.  

Сонымен қатар бюджеттік заңнама бұзылып, ғарыштық ғылыми бағдарламаға республиканың бюджетінен 2021 жылға бөлінген қаржы әлі пайдаланылған жоқ. Соның салдарынан жыл басынан бері ғарыш саласының ғалымдары жұмыссыз, айлықсыз отыр. Жоғары білікті ғалымдар басқа салаларға кетіп жатыр. Мұны Үкі­мет пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі мұ­қият қарап, тиісті шешім қабылдауға мін­дет­ті деп ойлаймын. Білікті мамандарды сақ­тап қалу мәселесін шұғыл шешсек қана, жо­ғарыда аталған мақсаттарға жете аламыз.

– Халқымыз қазақ ғарышкерлерінің қатары толыға түсуін күтетіні анық. Төртінші ғарышкеріміз кім болатыны анықталған жоқ па?

– Қазіргі таңда Ресей Ғарышкерлер даярлау орталығында қазақ жігіті Мұхтар Аймаханов Ресей азаматы ретінде ғарышқа ұшуға дайындалып жүр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»