– Талғат Аманкелдіұлы, ғарышқа бірнеше рет ұшып, құнды зерттеулер жүргізіп келгеніңіз мәлім. Сол сапарларыңыз жайлы не айтасыз?
– 1961 жылы 12 сәуірде мектебімізде оқушыларды салтанатты жиынға шақырып, «Жерден алғашқы адам Юрий Гагарин ғарышқа ұшты» деген таңғаларлық жаңалық жарияланды. Балалар секіріп, «Алақай!», «Мен де ғарышкер боламын!» деп қуанып жатқанда, ашық аспанға қарап тұрып, күтпеген жерден «Талғат Мұсабаев – ғарышта!» деп айқайлап жіберіппін.
Алға қойған мақсатыма жету үшін авиациялық радиоинженер дипломын иелендім. Азаматтық авиацияда инженер ретінде қызмет етіп, сонымен бірге авиаклубта спорттық авиациямен шұғылдандым. Жоғары пилотаж бойынша КСРО спорт шебері деңгейіне, қазақ баласы ішінде жоғары пилотаж бойынша бірінші КСРО чемпионы дәрежесіне жеттім. Кейіннен азаматтық авиацияның ұшқышы қызметін атқардым. Сол кезеңде ұшақ басқарып жүріп, ғарышкер болсам деген арманымды ұмытқан жоқпын. Ұзақ уақыт іріктеуден өттім. Бұл жолда да айтарлықтай қиындықтарды жеңуге тура келді.
КСРО Ғарышкерлерді даярлау орталығына алғашқы үндеуімді 1981 жылы жаздым, бірақ жауап алған жоқпын. Тек 1986 жылы көктемде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов кездесуге шақырып, «Ғарышқа ұшқыңыз келе ме?», деп сұрақ қойды. «Әрине, ол – менің арманым», деп жауап бердім. «Ендеше, бұл мәселеге тіке кірісейік», деп уәде беріп, сөзінде тұрды. Сол жылдың 7 мамырында мені Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қабылдап, батасын беріп, Мәскеуге қолдау қағазын жолдады. Сол қолдаудың көмегімен мен 1986 жылдың аяғында ғарышкерлерді іріктеу бойынша алдын ала медициналық тексеруден өтуге Мәскеуге шақырту алдым да, одан сәтті өттім. Бірақ Қазақстан азаматтық авиация басқармасы басшылығының теріс ұстанымына байланысты ғарышкерлер жасағына іріктеуге іліне алмай қалуым мүмкін еді. Ғарышкерлерді даярлау орталығы мені кезекті медициналық комиссияға шақырту жеделхатын жіберіпті. Бірақ оны алғаным жоқ. Бірақ маған бір жағдай көмектесті. «Энергия» ғылыми-өндірістік бірлестігіндегі ғарышкерлер қызметінің бастығы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ғарышкер Александр Александров үйіме қоңырау шалып: «Неліктен медициналық тексерістен өтуге келмейсіз?», деп сұрады. Сонда Қазақстанның жоғары басшылығына жүгінбесем, ғарышкер болу жоспарым орындалмай қалуы мүмкін екенін түсіндім. Сөйтіп, Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баруға шешім қабылдадым. Ол мені қабылдады. Кездесуден кейін Н.Назарбаев ұшқыш Мұсабаевты кеңестік ғарышкерлер жасағына іріктеу бойынша медициналық комиссиядан өту үшін Мәскеуге іссапарға жіберуге тапсырма берді.
Мәскеулік мамандар бір ай бойы мені тексеруден өткізіп, дәрігерлік-сараптау комиссиясы ғарышкерлер жасағына кіруге толық жарамды деген қорытынды жасады. 1988 жылы өткен Мемлекеттік медициналық комиссияға ұсыныс берді. Ғарышкерлер жасағына енгізу туралы соңғы шешімді Ведомствоаралық мемлекеттік комиссия қабылдады. Егер комиссия отырысы кезінде ғарышкер Александр Александров тағы да тікелей телефон шалмағанда, маған келген шақыруды басшылық жасырып қалып, қатыса алмай қалар едім. Жаратушының шексіз құдіреті ғана маған Алматыдан Ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысына үлгеруге көмектесті. Мен бұл күнді, яғни 1990 жылғы 20 мамырды өзімнің нақты ғарыштық қызметімнің бастауы деп санаймын.
Бір қызығы, комиссия отырысында кәсіби және медициналық деректер бойынша ешқандай сұрақ болмады. Ғарышкер әрі комиссия мүшесі Валерий Рюмин: «Сіз үшін республиканың үш бірінші басшысы – Қонаев, Колбин, Назарбаев өтініш бергенін немен түсіндіресіз?», деген бір ғана сұрақ қойды.
Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығында 4 жылдық дайындықтан өттім. Дайындық 1991 жылдың аяғында, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшып келгенінен кейін үзіліп қала жаздады. Себебі Ғарышкерлерді даярлау орталығында маған: «Сіз жиналып, үйге қайта беріңіз. Қазақ ғарышқа ұшты, бағдарламаны орындады, барлығы қанағаттандырылды», деп ашық айтты. Бірақ Жаратушы сәтін салып, ғарышкер Алексей Леонов пен Ғарышкерлерді даярлау орталығының бастығы Владимир Шаталов мені қолдады. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып келгеннен кейін олар Президент Н.Назарбаевпен бірнеше рет кездесіп, маған мүмкіндік беру керектігі туралы әңгіме қозғады. Президент бұл ұсынысты бірден қолдады. Сөйтіп, «Мұсабаев ғарышкерлер жасағында әскери ретінде қалады және қызмет ету мен ұшуға дайындалуды жалғастырады» деген шешім қабылданды. Бұл шешімді заңдастыру үшін Қазақстан Президенті КСРО Қорғаныс министрі Язовқа запастағы офицер Мұсабаевты әскерге шақыруды сұрап хат жазды. Сонымен, ғарышкерлер жасағына қосылғанда мен 41 жаста едім, сондықтан 27 жастағы жас жігіттермен салыстырғанда ғарышқа ұшуға мүмкіндігім аз екенін түсіндім және тез әрі сапалы дайындалу керектігін ұқтым. Мен күндіз-түні жұмыс істеп, жеке кесте бойынша дайындалдым және ғарышкерлердің негізгі тобы үш-төрт айда тапсырған пәндер бойынша емтихандарды екі-үш аптада «өте жақсы» бағамен тапсырдым. 1993 жылдың басында барлық емтиханды тапсырғаннан кейін мен Қазақстан Президентіне еліміздің ғарыш бағдарламасын орындау үшін экипажға қосылуға толық дайын екенімді баяндадым. Одан кейін бір жарым жыл бойы жоспарланған экипаж құрамында ғарышқа ұшу бағдарламасы бойынша даярлықтан өтіп, емтихандарды үздік бағамен тапсырғаннан кейін ғана Мемлекеттік комиссия менің ғарышқа ұшуым туралы шешім қабылдады.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш агенттігін құру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам қаншалықты тиімді болды?
– Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан ғарыштық қызметті дамыту жолында төртінші кезеңнен өтіп жатқанын айта кету керек. Ғарыштық қызметті дамытудағы бірінші кезеңді Тәуелсіз Қазақстан 1991-2004 жылдары аяқтады. Сол жылдары тек ғарыштық кеңістікті зерттеуге арналған ғылыми жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулер астрофизика, жер ионосферасы, жерді қашықтан зондтау бағыттарымен байланысты еді. Осы ғылыми зерттеулермен қатар, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанда (1991 жылы) және мен үш рет ғарышқа ұшқанымда (1994, 1998, 2001), академик Ө.М.Сұлтанғазиннің ғылыми жетекшілігімен ғарыштық жағдайда эксперименттер жүргізуге арналған Қазақстанның төрт ғарыштық ғылыми бағдарламалары орындалды.
Ғарыштық қызметті дамытудағы екінші кезеңді тәуелсіз Қазақстан 2005-2007 жылдары өткізді. Екінші кезеңде ғарыштық кеңістікті зерттеумен қатар, ғарыштық кеңістікті пайдалану жұмыстары басталды. Ғарыш аппараттарын жобалайтын арнайы конструкторлық-технологиялық бюро ұйымдастырылды. Ғарыштық байланыс жүйесін, жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін, ғарыштық ғылыми зерттеу жүйесін, ғарыштық аппараттар арқылы навигация жүргізу жүйесін, ғарыш аппараттарын жинақтау-сынау кешенін, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран жүйесін жобалау жұмыстары басталды. Дегенмен ғарыштық қызметті дамыту жұмыстарының қарқыны өте төмен еді. Өйткені мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып отырған Аэроғарыш комитетінің құзыреті бұндай ауқымды және жауапты қызметті атқаруға жеткіліксіз болды. Оған қоса, бір министрлік құрамынан екінші министрлік құрамына бірнеше рет ауысқанына байланысты стратегиялық бағыты тұрақты және анық емес-тұғын.
Елбасы 2006 жылдың желтоқсан айында күтпеген жерден мені өзіне шақырып, ғарыштық қызметті дамыту мемлекеттік бағдарламасын орындау барысы жайындағы пікірімді сұрады. Мені жылы жүзбен, көңілді қарсы алып, сұрақ қоя бастады. Еліміздегі ғарыштық қызметті дамыту жұмыстарының барысы туралы ойымды жасырмай, тура айттым. Сұрақтарына жауабымды естігенде Елбасының көңілі бұзыла бастады. Маған көптеген қосымша нақты сұрақ қойды, жоспарланған он минут орнына әңгіме бір жарым сағатқа созылып кетті. Әңгіменің соңында Елбасы маған: «Әкелген баяндамаңды маған қалдыр», деді.
Ғарыштық қызметті дамытудағы үшінші, ең үлкен, тиімді және ауқымды нәтижеге жеткізген кезең 2007-2014 жылдары өтті. Менімен болған кездесуден кейін көп ұзамай, 2007 жылдың наурыз айында Елбасы Ұлттық ғарыш агенттігін (Қазғарышты) құру жөніндегі Жарлыққа қол қойып, оны басқаруды маған жүктеді. Содан бастап 2014 жылға дейін – жеті жарым жыл ішінде Қазақстан ғарыш саласын жасауда үлкен әрі күрделі жолдан өтті. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, мұндай жетістікке жету үшін дамыған елдер жиырма жылдан астам қажырлы еңбек еткен. Ұлттық ғарыш агенттігінің күн демей, түн демей жасаған жұмысының нәтижесінде жеті жарым жылда елімізде заманауи ғарыштық инфрақұрылым жасалды. Ғарыш саласының ғылыми технологиялық Ұлттық орталығы және арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы ұйымдастырылып, ғарыштық байланыс жүйесі, жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі, ғарыштық аппараттар арқылы навигация жүргізу жүйесі жасалып, 2014 жылы іске қосылды.
Ғарыштық қызметті дамытудың төртінші кезеңі 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл кезеңде бұған дейін іске қосылған ғарыштық жүйелерді және инфрақұрылым нысандарын ел экономикасының мүддесіне тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Тәуелсіздіктің 30 жылында ғарыш саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала кетсеңіз...
– Ең бастысы – тәуелсіздіктің 30 жылында стратегиялық мәні өте зор мемлекеттік мәселе – біліктілігі жоғары мамандар даярлау мәселесі шешілді. Осы мақсатта 80 жас маман тобы құрылып, олар үш жыл мерзімінде Франция, Англия, Германия және Ресей кәсіпорындарында сол елдердегі әріптестерімен бірлесе жұмыс істеп, өте құнды өндірістік тәжірибе жинақтап келді. Бұл шара арзанға түскен жоқ, бірақ оң нәтижесін берді. Олар 2015 жылдан бастап өз күшімен екі ғарыш аппаратын жасап, 2018 жылдың желтоқсанында ғарышқа ұшырды. Бірінші аппарат – ғылыми зерттеу, екінші аппарат отандық мамандар әзірлеген технологияларды сынақтан өткізу мақсатында жасалған. Екі ғарыш аппараты ғарыш жағдайында сынақтан ойдағыдай өтіп, қазір белгілеген қызметін атқарып келеді. Оған қоса, екінші аппаратқа қосымша коммерциялық қызмет берілген. Бұл – ғарыш аппаратының сапасы жоспарланған деңгейден жоғары шыққанына дәлел. Қазіргі таңда ғарыштағы Қазақстан аппараттарының саны алтауға жетті. Соның ішіндегі екі аппаратты қазақстандық мамандар өздері жобалап, әзірлеп, бөлшектерін жасап, құрастырып, сынақтан өткізіп, ғарышқа ұшырып, іске қосты.
Сонымен қатар отандық мамандар 2015 жылдан бастап өз күшімен ұлттық ғарыштық мониторинг жүйесін әзірледі. Бұл жүйе ғарыш аппараттары түсірген жердің суретін қабылдап, өңдеуден өткізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен экономика салаларының күнделікті мәселелерін шешуге қажетті ғарыштық ақпаратты пайдалануға ыңғайлы түрде ұсынады.
– Байқоңыр космодромын Ресейдің пайдалануына беру жөніндегі шешім және осы ғарыш айлағының болашағы жайлы пікіріңізді білгіміз келеді.
– Байқоңыр – жер бетіндегі ең үлкен ғарыш айлағы, ол бұрынғы КСРО-ның экономикалық және ғылыми қуаттылығының арқасында жасалған өте үлкен технологиялық, өндірістік және зымыран техникасын сынауға арналған кешен. КСРО тарағанда кешенді игере алатын бір ғана мемлекет бар еді. Ол – Ресей, ал Қазақстанның экономикалық қуаты және мамандар саны жеткіліксіз болатын. Сондықтан Қазақстанға Байқоңыр айлағын өз меншігі ретінде сақтап қалу үшін Ресейдің пайдалануына беруден басқа жол жоқ еді. Қазіргі жағдайда Жер бетінде 20-дан астам ғарыш айлағы бар, олардың саны күннен-күнге өсіп келеді. Оның үстіне, Ресей Қиыр Шығыста жаңа ғарыш айлағы құрылысын жүзеге асырып, өзінің жер серіктерін сол жақтан ұшырып жатыр. Осы себепке байланысты Байқоңырдан ракета ұшыру саны қысқарып, оның мүлдем жабылу қаупі туындап тұр. Ондай жағдайға жеткізбеу үшін Байқоңырдың нысандарын заманның талабына сай жаңарту жобалары іске асырылып жатыр. Бірінші жоба – Ресеймен бірлесіп, «Бәйтерек» жаңа ғарыштық зымыран кешенін құру. Екінші жоба – Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп, ең алғашқы іске қосылған Гагарин атындағы зымыран ұшыратын кешенді жаңғырту. Осы екі үлкен жоба іске асырылса, Байқоңыр ғарыш айлағы екінші рет өмірге келеді десек, артық айтқандық емес.
– Ресей алда-жалда Байқоңырды Қазақстанға қайтарып берсе, оны өзіміз басқарып, ел игілігіне жаратуға әлеуетіміз жете ме? Осы сала мамандарын даярлау жайы қалай?
– Байқоңыр ғарыш айлағын толық өзіміз басқару үшін елімізде зымыран өндірісі қажет. Ондай өндірісті жасау үшін көп қаражат пен көп маман, уақыт қажет. Сондықтан бұл мәселені шешудің қазіргі жағдайдағы тиімді жолы – басқа елдермен бірлесіп ортақ жобаны іске асыру. Дегенмен бірлескен жобадағы Қазақстанның үлесі жоғары болуға тиіс, сонда ғана біз Байқоңырдың тағдырын өз мүддеміздің пайдасына шеше аламыз.
Бұл мақсатта мамандар даярлауға, олардың санын көбейту жұмыстарына зор көңіл бөлінген. Байқоңырда салынып жатқан «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені шеңберінде бір топ маман тікелей даярлықтан өтіп жатыр. Сонымен бірге Аэроғарыш комитетінің (қазіргі Қазғарыштың) салалық ғылыми зерттеу бағдарламалары шеңберінде отандық зымыран әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл ғылыми әзірлеу жұмыстары зымыран саласындағы Қазақстан мамандарының денгейі мен санын тез көтеріп, басқа елдермен бірлесіп жасайтын жобаларда Қазақстанның мүддесін толық қорғауға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ғарышкерлер күніне байланысты құттықтау сөзінде Қазақстан ғарыш саласына ден қоюды жалғастыра беретінін айтты. Осы орайда, алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Мемлекет басшысының ғарыш саласына ден қоюды жалғастыра беру керек деуіне толық негіз бар. Тәуелсіздіктің 30 жылында Елбасының тікелей қолдауымен елімізде ғарыш саласының заманауи инфрақұрылымы жасалды. Ғарыш аппараттарын жинақтау мен сынау кешені Еуропаның алдыңғы қатарлы кәсіпорындары деңгейінде жасалған. Басқа ТМД елдерінде оған ұқсас нысан жоқ.
Қазіргі таңда Қазақстан ғарыш саласының басты мақсаты – мол мүмкіндікті толық және тиімді пайдаланып, қол жеткізген ғарыш саласының даму қарқынын жоғалтпай, оны әрі қарай ілгерілету. Келесі міндет – жасалған ғарыштық жүйелердің (байланыс жүйелері, жерді қашықтан зондтау жүйелері, ғарыштық аппараттар арқылы навигация жүргізу жүйесі) қызметін экономикаға тиімді пайдалану технологияларын әрі қарай дамыту. Үшінші мақсат – ғарыштық аппараттарды және оларды басқаратын жерде орналасқан кешендердің бөлшектерін әзірлеу, жобалау және өндіру технологияларын әрі қарай дамыту. Бұл жұмыстарды орындауда негізгі рөлді атқаратындар – дайындығы жоғары, тәжірибелі әрі дағды жинаған білікті мамандар. Ондай мамандарсыз басқа шаралар қандай болғанымен, нәтиже бермейді. Сондықтан алға қойған мақсаттарға жету үшін ең басты мәселе – даярланған мамандарды жоғалтып алмай, сақтап қалу қажет.
Өкінішке қарай, кейінгі кезде еліміздің ғарыш саласын құруға бірінші күндерден қатысқан жоғары білімі бар, тәжірибиелі әрі дағды жинаған білікті мамандар басқа салаларға ауысып, кетіп жатқан жағдайлар кездеседі. Мұның негізгі себебі – жоспарлаған ғарыштық жобалар мен бағдарламалардың уақтылы басталмауы. Мұндай жағдай елімізді өте үлкен шығынға әкелетіні анық, өйткені мол қаражат жұмсап даярлаған мамандардың орнын толтыру үшін тағы да көп қаржы әрі он екі жылдан астам уақыт керек.
Атап айтсам, бұған Ұлттық ғарыш агенттігі жасаған тиімді басқару жүйесінің бұзылуы, ғарыш саласы басшылығында ауызбіршілік болмай, өзара айтыс-тартыс орын алуы теріс әсер етіп отыр. Мысалы, жұмыс мерзімі аяқталған ғарыштық байланыс аппаратын, жерді қашықтан зондтау аппараттарын ауыстыру жұмыстары уақтылы басталмады. Сол себепті арнайы конструкторлық-технологиялық бюро мен ғарыш аппараттарын жинақтау-сынау кешенінің жұмысы тоқтап тұр.
Сонымен қатар бюджеттік заңнама бұзылып, ғарыштық ғылыми бағдарламаға республиканың бюджетінен 2021 жылға бөлінген қаржы әлі пайдаланылған жоқ. Соның салдарынан жыл басынан бері ғарыш саласының ғалымдары жұмыссыз, айлықсыз отыр. Жоғары білікті ғалымдар басқа салаларға кетіп жатыр. Мұны Үкімет пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі мұқият қарап, тиісті шешім қабылдауға міндетті деп ойлаймын. Білікті мамандарды сақтап қалу мәселесін шұғыл шешсек қана, жоғарыда аталған мақсаттарға жете аламыз.
– Халқымыз қазақ ғарышкерлерінің қатары толыға түсуін күтетіні анық. Төртінші ғарышкеріміз кім болатыны анықталған жоқ па?
– Қазіргі таңда Ресей Ғарышкерлер даярлау орталығында қазақ жігіті Мұхтар Аймаханов Ресей азаматы ретінде ғарышқа ұшуға дайындалып жүр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»