Туризм • 17 Қыркүйек, 2024

«Қаралма» тағдыры алаңдатады

75 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шыны керек, бұрын өңірдің кейбір адамы туризмді «бейіт басындағы бизнес» секілді көретін. Мәселен, Алматыға барғанда ел аралап, жер көріп, таным көкжиегін кеңейтіп жүрген туристерді байқасақ, өңірге келген шетелдіктерді Айша бибі мазарының қасынан ғана көз шалатын. Оның өзінде аса көп емес. Көзімізге бөтендеу көрінетін үнді, араб секілді бірнеше ұлт өкілін байқаған кезіміз бар, әйтеуір...

«Қаралма» тағдыры алаңдатады

Суретті түсірген – Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Кейін туризм саласына там-тұмдап болсын жан біткендей кө­рінді. Өңір тізгінін Асқар Мыр­захметов ұстаған тұста «Жам­был­дың өз «Шымбұлағы» бо­лады.­ «Қаралма» тау-шаңғы кешені са­лы­нады. Демалыс аумағына тек жам­былдықтар ғана емес, еліміз­дің әр қиырынан мей­мандар ат басын бұрады, ты­нығады», деген дақ­пырты көп әңгіме басталған. Алай­да Қор­дай оқиғасынан кейін Асқар Мырзахметов қызметінен кетті. Ал оның ізін басқан әкімдер ірі жобаға бас ауырта қойған жоқ.

Ел «Қаралма» қашан ашылады?» деп жүргенде Жуалы жақта «Көксай» этнотуристік демалыс ай­ма­ғы ашылды. Жұрт арасында мега жоба ретінде дақпырты жайыл­ған «Қаралма» сол күйі қарау­сыз қалғандай көрінді. Марқұм Бер­дібек Сапарбаев пен Нұржан Нұр­жігітов әкім болып тұрған шақта назардан тыс қалған «Қаралманың» құрылысы Ербол Қарашөкеевтің тұсында аяқтала ма?

Кері шегініс жасасақ... «Айта-айта Ал­тайды, Жамал апа қар­тай­ды» де­мекші, жылдар бойы «жыр­­ланған» «Қаралманың» әң­гімесі был­­тырдан бері саябыр­си бас­­тағандай көрінген еді. Алай­да Ерболат Саурықов бас­та­ған Мәжі­ліс депутаттары осы жылдың нау­рыз айында мега жо­баға қатысты Үкімет бас­шы­­сының орынбасары Роман Склярға де­путаттық сауал жолдап, ұмыт бола бастаған тақы­рып­­ты қай­та тірілтті. Содан бері «Қаралманың» әңгімесі қайта жанданған секілді.

«Ұлы Жібек жолы» бойын­да орналасқан Жамбыл облысы­ның даму жоспарында туризмді дамы­туға басты назар аударылуы керек деп есептейміз. Осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестициялар тарту мүмкіндіктері пайда болатыны белгілі. Өкінішке қарай, туризмге байланысты көп мәселелер әлі де шешімін таппай отыр. Со­ның біреуі – Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы туризм кешені.

Біздің мәліметтер бойынша,­ аталған жоба 2018 жылы сол кез­­дегі облыс басшысы Асқар Мыр­­захметовтің ұсынысымен бас­тал­ған. Жамбыл облысының жұрт­шылығы бұл ұсынысты қуана мақұлдады. Жобаның инвесторы – «ТаразСтрой-2004» жауапкершілі­гі шектеулі серік­тестігі. Сол уақытта­ғы сметасы – 6,3 млрд теңге. Кешен құрылы­сы 2018 жылдың тамыз айында басталған.

Құрылыс жұмыстары 2020 жыл­дың 1 тоқсанында жоба бас­таушы­сының жеке қара­жа­ты­ның тапшы­лы­ғы­на байланысты тоқтаған. Бүгінгі күні уақыттың созылуына байланысты жобаның құны қайта есептеліп, 7,9 млрд теңгені құрап отыр. Осы күнге дейін игерілген сома – 4,8 млрд теңге. Кешеннің құрылысын то­лық аяқтау үшін 3,1 млрд теңге қажет.

Инфрақұрылым жобалары бойынша «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қытай» транзиттік көлік дә­лі­зінен тау етегіне дейінгі 7 ша­­қы­рымға асфальтталған автожол жүргізілген, газбен, электр жүйе­сімен қамтамасыз етілген. Тау шаңғысы кешеніндегі арқан жо­лы­ның құрылысы, ішкі алаң­дарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, ресторан, сервис орта­лы­ғы, тех­никалық бокс және өзге қа­жеттіліктер шамамен 80 пайыз­ға аяқталған.

Мемлекет тарапынан «Бизнес­тің жол картасы – 2025» бағдар­лама­сы арқылы 542 млн 600 мың теңгеге ауыз су мен кәріз жүйесі тартылған. Сол сияқты саяхаттаушылар мен демалушыларға және шаңғы тебушілерге арналған жекелеген инвесторлар тарапынан 20 коттедждің құрылысы 70-80 пайызға аяқталған.

«Бұл жерге Жамбыл облысы және іргелес жатқан, 300 мың­нан астам халқы бар Түркістан облы­сының 2 ауданы жақын. Жеке инвес­тордың қаражатымен халық игілігі үшін басталған осындай ір­гелі жобалар неге аяқталмай қала­ды? Кім кінәлі? Жүйе ме, әлде бір әкімнің ұсынысын екінші әкім жал­ғастырғысы келмейтіндігі ме? Жанымызда тау шаңғысы кешені тұрғанда, неге адамдар сабылып 500 шақырым жердегі саяхат орнына баруға тиіс? Қарапайым ха­лық­тың қалтасы бағасы шарықта­ған Шым­бұлақ пен Ақбұлақты қалай көтере­ді? Жергілікті басшылар немесе Туризм және спорт министрі неге осыны ойламайды», деген Е.Саурықов бастаған депутаттардың сауалынан кейін бұл әңгімені қайта ұмыта баста­ған едік. Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Қаралмаға» қатысты жаңа бір де­ректің шетін шығарды.

«Негізі «Қаралма» тау-шаң­ғы ке­шені жеке инвестордың қара­жа­ты есебінен салынған. Екі кәсіп­кер 4,3 млрд теңге қаржы құй­дық деп айтып жүр. Алайда ірі жоба аяқсыз қалған. Қазіргі кезде «Ақ­ниет групп» компаниясына өті­ніш жасап, қолқа салып, «Қа­рал­­маны» әрі қарай дамытсақ де­ген келісімге келдік. Соңғы 2-3 ай­дың бедерінде құрылысқа қанша қара­жат кеткені есептеліп жатыр. Жол­ға, инфрақұрылымға, арқан жол­ға тағы басқа жұмыстарға қан­ша қаржы жұмсалғаны таяу­да ғана нақтыланды. Енді «Ақ­ниет групп» тура жұмсалған мөл­шер­де қара­жат салады. Осы жыл­ғы мау­сым­ға үлгеру қиын екені түсінікті. Әйт­кенмен, келесі жылғы маусымға дейін аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Ең бастысы, ірі жобаны аяқсыз қалдырмай бітіруіміз керек» дейді Ә. Тамабек.

Қалай десек те, 5 жыл бойы құ­рылысы бітпеген ірі жобаға нүк­­те қойы­латын күн алыс емес се­кіл­ді. Өйт­кені облыс әкімі Ербол Қа­ра­шөкеев те жұрт көкейін­дегі мәсе­лені жеке бақылауына ал­ғанын айтты. Соған қарағанда, жергілікті билік «Қаралма» тау-шаңғы кеше­нін толықтай аяқтап, өңірге ту­рис­тер тартуға ниеттеніп отырған секілді. Әрине, іске сәт дейміз.

Бес жыл бұрын жұрт құлағын көтер­ген ірі жоба «Қаралма» тау-шаң­ғы кешені келесі жылы толық­қанды аяқтала ма? Облыс әкімінің орынбасары барлық құрылыс жұмы­сы уақтылы бітетініне бек се­німді. Не де болса, уақыт көрсе­тер. Қолға алған істің соңы сиыр­құйымшақтанып кетпесе болғаны.

 

Жамбыл облысы