Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 16 Қыркүйек, 2024

Дүниежүзілік көшпелілер ойындары: Ең көп көрермен жинаған жарыс түрі

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

8-13 қыркүйек аралығында елордада  5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтті. Жер-жаһанның 90-ға жуық мемлекетінен келген 2500-ге тарта спортшы бір аптаға жуық көшпелі халықтардың төл спортынан сынға түсіп, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындары: Ең көп көрермен жинаған жарыс түрі

Фото: Ащық дереккөз

Айта кетейік, байрақты бәсекеде Ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. 

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, дүбірлі дода аясында күрестен өткен жарыста әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынаған. Жүлде алған елдер қатарында көрші мемлекеттерден бөлек, Еуропа палуандары да бар. Атап айтқанда, қазақ күресінен белдесулерде Италия, Польша, Мажарстан, Нидерланд спортшылары жүлдеге қол жеткізген.

Ең қызығы Ұлы даланы дүбірге бөлеген 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ең көп көрермен көкпар мен көкбөрі жарыстарына келген. «Қазанат» ипподромында өткен екі сайыстың да финалдық бәсекесін 20 мың (әр финалға 10 000 көрермен келді) жанкүйер тамашалаған.

Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының спортшыларын есепке алмағанда, биылғы ойындарға ең көп спортшыны Қырғызстан құрамасы қосты( 172 спортшы).

Тағы бір айта кетерлік жайт алты күнгі аламанға қатысқан ең жас спортшы - Хамза Амангелді. Аламан бәйгеде бақ сынаған Хамза небәрі 10 жаста. Ал, ең егде спортшы - 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес Каррион. Ол дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсеткен.

Дүбірлі доданың өтуіне 1600 ерікті көмек көрсеткен. Оның ішінде 20 шетелдік ерікті бар.