Қоғам • 17 Қыркүйек, 2024

Әйелдер қанаты және ой таразысы

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден аса белсенді әйел «Amanat» партиясы Әйелдер қанатының «Tomiris» жобасы аясында ұйымдастырылған оқу курстарына қатысты. Осы орайда олармен партия төрағасы, АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб жетекшісі Ерлан Қошанов кездесті.

Әйелдер қанаты және ой таразысы

Суретті түсірген – Әли Ғалым

Іс-шараны ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйел­дер қоғам өміріне және елдің жан-жақты дамуына зор үлес қосатынын әрдайым айтып келе жатқанын атап өтті. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйел­дердің құқығын қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту – Президент пен «Amanat» партиясының басты назарында.

Партия төрағасы Әйел­дер қанаты бір жарым жылда «Amanat»-тың қозғаушы күштерінің біріне айналғанын атап өтті. Мәселен, Әйелдер қанатының алғашқы форумында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды. Парламент тиісті заң қабыл­­дап, жақында күшіне енді. Соны­мен қатар халықтың қарыз жүк­темесін азайту, құмар ойын­дарға қарсы күрес туралы жаңа заңдардағы мәселелер де Әйел­дер қанаты мүшелерінің бастамасымен көтерілді.

Кездесуге қатысушылар еліміз­дегі ең маңызды оқиға­лардың бірі – Мемлекет басшы­сының Жолдауын да талқылады. Е.Қошанов әр Жолдау халықтың қажеттілігі мен сұранысына негізделген нақты іс-қимыл жиынтығы екенін мәлімдеді. Соның бірі – кейінгі жылдары халық пен бизнес қатты сезініп отырған энергия тапшылығы мәселесі. Осыған байланысты Президент АЭС салу идеясын ұсынды. Қазіргі уақыт­та АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық­ штабы мүшелері өңірлерге барып, көпші­лікке бейбіт атом жұмысының аспектілерін түсін­діріп, тұрғындарды толғандыр­ған түрлі сұрақ-сауалға жауап беріп жүр.

«Бүгінде біз елдің одан әрі дамуына әсер ететін барлық маңызды шешім халық­пен бірге қабылданып жатқанын көріп отыр­мыз. Жаңа саяси мәдениеттің мәні – осын­да. Біз барлығымыз бірге жаңартыл­ған Конс­титуция үшін дауыс бердік. Қазір х­а­лық қабылдаған шешімнің дұрыс болға­нын көріп отырмыз. Бұл жолы да халық өз таң­­дауын жасап, елі­міз­де АЭС салу-салмау ту­ралы шешім қабылдауы керек», деді Е.Қошанов.

Өз кезегінде Ядролық физика институты­ның ғылыми хатшы­сы Қарлығаш Мұнас­баева, Ядролық физика институтының ядро­­лық және физикалық қауіп­сіздік оқу орталығының бастығы На­талья Измайлова сөз сөйледі. Ал Жетісу облысы Сар­қан ауылы­нан келген кәсіп­кер Кенжетай Таза­бекова АЭС құры­лысы бойын­ша референ­дум өткізу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасын жүзеге асы­ру­дың айқын көрінісі екенін атап өтті.

Партия төрағасы қазір кәсі­би маман­дардың дәлелді сөз­дері күмәншіл адамдар мен сыншылардың пікірінен басым түсіп, атом энергиясына қатысты халықтың қорқынышы мен үрейін сейілтуі өте маңызды екенін атап өтті. Қоғам АЭС құры­лысын ой таразысынан өткізіп, дұрыс шешім қабыл­дауы керек.