Спорт • 17 Қыркүйек, 2024

Спорттық бағдарламалау сыни пікірді дамытады

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақ­стан спорттық бағдар­ламалау федера­циясы­ның ұйытқы болуымен Астанада өтіп жатқан 48-інші International Collegiate Programming Contest (ICPC) әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты.

Спорттық бағдарламалау сыни пікірді дамытады

Палата спикері беделді са­йыс­тың финалдық кезеңіне қатысу­шыларға ілтипат білді­ріп, цифр­ландыру және IT-сала­сы елімізде ұлттық деңгейдегі басымдыққа ие екенін айтты. Қазіргі таңда өзімізде IT-мамандар даярлауға және бағдарламалау маманды­ғын оқытатын университеттерді дамытуға айтарлықтай инвестиция салынып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғаны да сөз болды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, ІТ, жасанды интеллектіні дамы­ту және инновацияларды ен­гізу мәсе­лелеріне үнемі баса мән бе­ріп келеді. Елімізде стартап­тар­ға қолдау көрсету және озық тех­но­логияларды енгізу бағыты да жү­йелі жолға қойылған. IT-хаб­тар мен технологиялық орта­лық­тар құрылып жатыр. Осы са­йыста Қазақстандағы жетек­ші тех­никалық жоғары оқу орын­дарының бес командасы ел намысын қорғайды», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат спикері бағ­­дарламалау адамзаттың әмбе­­бап тілі екенін, ол түрлі сала­ның да­муында маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Спорттық бағдарламалау – жай бәсеке ғана емес. Бұл – сыни ойлауды дамытуға, кәсіби дағ­дыларды жетілдіруге, күрде­лі міндеттерді орындауды үй­рену­ге және командамен тиімді жұ­мыс істеуге жол ашатын біре­гей мүмкіндік. Мұндай қабі­леттер кез келген салада табыс­қа жетудің негізі екені анық. ICPC қоры әлем бойынша жас­тарға жаңа мүмкіндіктер беру және цифрлық теңсіздікті еңсеру жолында маңызды миссия ат­қарып келеді. Сол үшін риза­шы­лығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да IСPC қоры­мен ын­ты­мақтастығымыз ныға­йып, бір­лесіп нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін», деген ол жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар Палата төра­ғасы ICPC қорының атқару­шы ди­ректоры Уильям Паучер­мен елі­мізде спорттық бағдарла­ма­лау­ды одан әрі дамыту келе­шегін тал­­қылады. Атап айтқан­да, қа­ты­су­­шыларды даяр­лау, жат­тық­­­­ты­рушылардың білікті­лігін арт­­­тыру, жоғары оқу орындарын қа­­жетті инфра­құрылым және мате­риалдық-техникалық тұр­ғы­­дан жабдық­тау және басқа да өзе­к­ті мәселе­лер сөз болды. Уильям Паучер өз тарапынан Мәу­лен Әшімбаевқа Қазақ­стан­­ның бағдарламалауды қол­да­ға­ны және елде кеңінен дә­ріп­те­гені үшін ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, International Collegiate Programming Contest (ICPC) – әлемдегі 110 ел­дің үздік жоғары оқу орындары­ның басын қо­сатын спорттық бағдарламалау бо­йынша ең көне, ең ірі және ең бе­­делді жарыс. Астанада 15-20 қыр­­­күйек аралығында өтетін 48-ін­ші чем­пионаттың финалына әлем­­нің әр түкпірінен 600 бағдар­ла­малаушы қатысып жатыр.

Финалдық кезеңде еліміз атынан Nazarbayev University, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Astana ІТ University және Қазақстан-Британ техникалық университеті өнер көрсетеді. Бұған дейін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің командалары ICPC World Finals әлемдік финалына 5 рет шығып, Солтүстік Еуразия аймағы бойынша үздік 12 жоғары оқу орны­ның қатарынан көрінген еді. Былтыр ICPC әлем чемпионатында отандасымыз Батыр Сардарбеков ел тарихындағы алғашқы алтынды жеңіп алды.