Саясат • 17 Қыркүйек, 2024

Қазақстан-Германия: Еларалық ынтымақтастықтың жаңа белесі

76 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге ресми сапармен келді. «Ақорда» резиденциясында Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстан-Германия: Еларалық ынтымақтастықтың жаңа белесі

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Тарихи мәні зор қадам

Алдымен Қазақстан Прези­денті мен Германия Федералдық канцлері бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бас­тығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц шағын құрамда келіссөз өткізді.

Мемлекет басшысы ша­қыруын қабыл алып, Қазақ­станға ресми сапармен кел­гені үшін Олаф Шольцке риза­шылығын білдірді.

– Германия Үкіметінің басшысы кейінгі 14 жылда елімізге алғаш рет сапармен келіп отыр. Сондықтан бұл қадамыңыздың тарихи мәні зор. Екіжақты ынты­мақтастықты дамытуға және тауар айналымының көлемін ұлғайтуға тың серпін береміз деп сенемін. Германия – біздің Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл – өте маңызды. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпқырлы ықпал­дастығымызға баса мән береміз. Өзара байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге және нығайтуға барлық жағдайды жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Германия Канцлері Олаф Шольц қонақ­жайлық танытқаны үшін Қазақ­стан Президентіне алғыс айтып, қазақ-герман қарым-қатынастарын өркен­детудің маңызды екенін жеткізді.

– Еліңізге сапармен келуге шақырғаныңызға, екіжақты байланыстарды талқылауға және ынтымақтастығымызды ілгерілетуге мүмкіндік жасаға­ны­ңызға ризашылығымды білді­ремін. Менімен бірге іскер топтардың белді өкілдері келді, – деді Федералдық канцлер.

а

Әңгімелесу барысында екі елдің саяси, сауда-эко­номикалық, мәдени-гума­нитарлық байланыстарын нығайту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, энергетика, «жасыл» трансформация, өнер­кәсіп, тау-кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді.

Кездесуде Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегін­дегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізді.

– Әскери тұрғыда Ресейдің жеңіл­мейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бас­тамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жос­пары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе, көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстан азаматтары украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

 

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтере­тініне сенім білдірді.

– Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақ­ты қарым-қатынасты одан әрі нығай­ту мәсе­лесін талқыладық. Сауда-эконо­мика, инвес­тиция салаларындағы ықпалдас­тықты те­реңдетуге ерекше назар аударылды. Бұған қоса өзекті халықаралық мәселе­лер туралы сөз қозғадық. Атап айтқан­да, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһан­дық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, кли­маттың өзгеруіне қатысты пікір алмас­тық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді.

– Былтыр екіжақты тауар айна­лымы 1,5 еседей өсіп, 4 млрд долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Кейінгі жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 млрд доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді, – деді Президент.

Өз кезегінде Германияның Федерал­дық канцлері қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байла­ныс­­тардың қарқынды дамып келе жат­қанына тоқталды.

– Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға бар­лық жағдай жасаймыз. Әрине эко­номикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энерге­тика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз, – деді Олаф Шольц.

Тараптар өзара тиімді сауда-экономи­ка­лық ынтымақтастықты арттыруға, әсіресе, энергетика, «жасыл» трансформа­ция, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, климат­ты қорғау, экология және ауыл шаруа­шылығы салаларындағы ықпалдас­тықты күшейтуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ қазақ-герман мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту перспективасы қарастырылды.

 

Қол қойылған құжаттар

Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады.

Сонымен қатар ресми делегация мү­ше­лері мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
  2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру жөніндегі ниет туралы меморандум.
  3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы меморандум.