Саясат • Бүгін, 07:45

Жауапты ынтымақтастық жалғасады

4 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен алғаш рет келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту келешегін талқылады.

Жауапты ынтымақтастық жалғасады

Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіре келе, өзара сенім мен достыққа негізделген жоғары деңгейдегі диалогтің арқасында қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Соның нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Осыған байланысты ол екі ел басшыларының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың және парламентаралық байланыстарды, соның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жандандырудың маңызына назар аударды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстан тек тату көрші емес, ғасырлармен өлшенетін ортақ тарих, мәдениет және дәстүр біріктіретін бауыр­лас халықтар екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде екі ел арасында сенімді саяси диалог­ке, өзара қолдау­ға және көпдең­гейлі ынты­мақ­тастыққа негіз­делген берік серіктестік дәйекті түрде дамып келеді. Мемле­кет бас­шыларының күш-жігерінің арқасында одақтастық қатынастарымыз нығайып, екіжақты ынтымақтастық сапа­лық тұр­­ғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Қырғыз­стан Президенті Садыр Жапаровтың 2024 жылы Астанаға және Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы тамыз­да Бішкекке жасаған ресми сапар­лары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ны­ғайтуға тың серпін берді. Бүгінде екі ел ара­сындағы парламентаралық байланыстар да қарқынды дамып отыр», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ палата төрағасы Өңірлік экологиялық саммитке, Халық­­аралық Аралды құтқару қоры­ның құ­рыл­тайшы мемлекеттері бас­шы­лары­ның отырысына қатыс­қаны және Түркі мемлекеттері ұйымы­ның Түркістандағы саммитінде көтеріл­ген бастамаларды қолдаға­ны үшін қырғыз тарапына алғыс білдірді.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға да тоқталып өтті. Соның ішінде конституциялық реформаның нәтижелеріне ерекше мән берілді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақ­станда ауқымды жаңғыру үдерістері жүзеге асырылып жатыр. Конститу­ция­лық реформа – сол ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы. Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан үшін тарихи оқиға екені анық. Конституциялық реформаның стратегиялық мақсаты – тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Жаңа Конституция – жаһандық сын-қатерлерге дер кезінде берілген жауап әрі мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығының берік негізі. Реформа азаматтардың құқықтарын қор­ғау­ға, адам капиталын дамытуға және елдегі қоғамдық келісімді сақтауға бағыт­талған заманауи әрі тиімді саяси жүйе қалыптас­тыруға жол ашып берді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар тараптар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы мен V Еуразиялық эконо­микалық форумның қорытын­дысы­на назар аударды. Бұл ретте Қазақ­стан мен Қырғызстан парла­мент­терінің алдында жоғары деңгей­де қол жеткізілген уағдалас­тықтар­ды заңнамалық тұрғыдан қамта­ма­сыз ету міндеті тұрғаны айтылды. Экономиканың негізгі салаларын цифрландыруға және жасанды интел­лект технологияларын өзара мүд­делерді ескере отырып қауіпсіз енгізуге арналған бірыңғай құқықтық базаны жедел қалыптастыру мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықтың әлеуетін дамытуға қатысты міндеттер айқындалды.

Өз кезегінде Марлен Маматалиев Қазақ­станда жүзеге асырылып жатқан әлеумет­тік-экономикалық және саяси рефор­маларға жоғары баға беріп, парламент­ара­лық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді, сондай-ақ сауда-экономи­калық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне қызығу­шылық танытты.

Соңғы жаңалықтар