Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Павлодар мұнай-химия зауыты аумағында сутегі өндіру бойынша қондырғы салынып жатыр. Инвестициялық жоба иесі – «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС. Жобаның жалпы құны 90 млн еуродан асады. Оны «Air Liquide» және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. Қондырғының өндірістік қуаты сағатына 12 500 қалыпты текше метр сутегіні құрайды. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Жобаның басты ерекшелігі – оның инновациялық сипаты. «Air Liquide» компаниясы әлемдік тәжірибеде алғаш рет FOIK (First of Its Kind) технологиясын енгізіп отыр. Бұл технология бутан-бутилен фракциясынан сутегі өндіруді көздейді. Ол жоғары тиімділігімен, зиянды шығарындылардың төмен деңгейімен ерекшеленеді және әлемде сенімді әрі сұранысқа ие технологиялардың бірі саналады. Бұл шешімді дәстүрлі түрде осындай өндірістерде қолданылатын табиғи газдың болмауына байланысты компанияның Майндағы Франкфурт қаласындағы инженерлік орталығының мамандары әзірлеген. Осылайша, Павлодар облысы аталған технология жүзеге асырылатын Қазақстандағы ғана емес, «Air Liquide» компаниясының әлемдік желісіндегі алғашқы өндірістік алаңына айналады, – деп мәлімдеді өңірлік әкімдіктен.
Қазір өңірге барлық технологиялық жабдықтар жеткізіліп, олар орнатылып жатыр. Бұған қоса риформинг пеші құрастырылып, металл құрылымдары дайындалады. Құрылыс кезеңінде шамамен 200 жұмыс орны ашылса, жоба іске қосылғаннан кейін 25 тұрақты жұмыс орны құрылуға тиіс.
Мамандардың айтуынша, жобаның стратегиялық маңызы зор. Өндірілетін сутегі қысқы дизель отынын шығаруда пайдаланылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңір экономикасына заманауи технологияларды тартуға жол ашады.
Павлодар облысы