Саясат • Бүгін, 07:55

Мәжіліске Қырғыз Парламентінің спикері келді

4 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиев Қазақ­станға алғаш рет ресми сапармен келді. Мәжіліс төр­ағасы Ерлан Қошанов­пен кездесуде тараптар пар­ламентаралық ынтымақ­тастықты нығайту мәсе­лелерін талқылады.

Мәжіліске Қырғыз Парламентінің спикері келді

Мәртебелі мейманды қарсы алған Ерлан Қошанов қазақ пен қырғыз халықтарын ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар, сондай-ақ ғасырлар бойғы бауыр­ластық біріктіретінін атап өтті. Сондықтан бүгінгі таңда екі ел арасында берік байланыс орнаған. Біздің халықтарымыздың болашағын да бөліп қарастыруға болмайды.

– Президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров­тың саяси ерік-жігерінің, сындарлы саясатының арқасында қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміздің басшылары достықты бекемдеп, бірлесе даму үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ынтымақтастықтың одақтастық сипатын жоғары деңгейдегі кездесулер айшықтап отыр. Біз өз тарапымыздан мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ықпал­дастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Мәжіліс спикері.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлі ерекше екеніне назар аударды. Онда парламенттер басшы­лары деңгейінде әріптестіктің маңыз­ды тақырыптары тұрақты түрде көтері­ліп жүр. Мәжіліс төрағасы­ның пікірінше, екі ел депутаттары туындаған барлық мәселені достық топтары мен салалық комитеттер дең­гейін­де талқылай отырып, уақты­лы ше­шілуіне елеулі үлес қосып келеді.

Әңгіме барысында тараптар ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және ТүркПА сияқты көпжақты парламенттік алаңдардағы тиімді ынтымақтастыққа да тоқталды.

Ерлан Қошанов қырғыз әріпте­сі­не кейінгі жылдары Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді. Осы бағыттағы негізгі қадамның бірі жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы және оның қағидаттарының кейіннен Пар­ламент қабылдаған заңдарда бекі­тілуі болды. Атап айтқанда, Жогорку Кенеш депутаттары «Президент туралы», «Құрылтай және оның де­пу­тат­тарының мәртебесі туралы», «Қазақ­стан Халық Кеңесі туралы» және басқа да конституциялық заң­дар­­дың негізгі ережелерімен танысты.

Өз кезегінде Марлен Маматалиев қазақ­стандық әріптестеріне қонақ­жайл­ығы үшін алғыс айтып, алдағы тамыз айындағы Құрылтай депутат­тарының сайлауына дайындық жүргізу және өткізу ісіне табыс тіледі.

Сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тықты сөз еткен Қырғызстан Пар­ламентінің басшысы екіжақты та­уар айналымының қазіргі серпініне қанағаттанатынын айтып, индустрия­ландыру, ауыл шаруашылығы, туризм және «жасыл» энергетика сала­ларындағы серіктестікті тереңдету перспективаларына тоқталды.

Кездесу барысында тараптар заң шығару саласында тәжірибе алмасуды және өңір үшін өзекті мәселелер бойынша диалогті жалғастыруға уағдаласты. Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігі, су және энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Екіжақты ынтымақтастықты ны­ғай­ту­дың тағы бір маңызды бағы­ты ретін­де цифрландыру және жа­санды интел­лектіні дамыту жайы айқындал­ды. Ерлан Қошанов ол үшін Қазақ­стан мен Қырғыз­станның қажетті құқықтық және институционалдық негізі дайын екенін атап өтті. Екі елде де Цифр­лық кодекс қабылданып, жасан­­­ды интеллектіге негізделген инно­ва­­ция­лық жобалар мемлекеттік орган­дар­­дың жұмысына белсенді түрде ен­гізі­­ліп жатыр. Бұл ретте тарап­тар осы салада да тәжірибе алмасуға келісті.

Қырғыз Парламенті делегация­сының бағдарламасында ресми кездесулерден бөлек, «Alem.ai» жасанды интеллект орталығына, «Астана» халықаралық қаржы орталығына бару және елордадағы мәдени нысандарды аралау жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар