Бағыты ақпараттық сайттардан бөлек муьтимедиалық деректер базасының таныстырылымы Астанада өтіп, тақырыпқа сай фотокөрме ашылды. Сайттың атауымен ұйымдастырылған көрмеде жобаның дерекқорына енген аң-құстардың жақыннан алынған фотосуреттері тізілген. Көрменің ашылу салтанатына осы жобаны үйлестіру үшін ел-жер аралап, тау-тас кезген кәсіпқой фотографтар да қатысты. Енді сапалы суреттер топтастырылған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары «Сарыарқа» ойын-сауық орталығының 2-қабатында 25 қыркүйекке дейін тамашалай алады.
Жоба авторларының айтуынша, сайт зоология бағытында талаптанып жүрген жастардың ғылымға қызығушылығын оятып қоймай, еліміздің биологиялық алуан түрге бай фаунасын сақтаудың маңызын жұртшылыққа насихаттайтын таптырмас құрал болуға тиіс. Жобаны «EcoForming» экология және білім беру қоры «Шеврон» компаниясының демеушілігімен, Қазақстанның Зоология институты және «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен іске асырады.
Авторлар осы сайт арқылы елімізде мекен ететін жануарлар дүниесін табиғатқа жанашыр қауымға жақынырақ танытып, аңдар мен құстардың бірегей фотоларын ұсынады. Сайтта әрбір тіршілік иесінің түр-сипаты мен ерекшеліктерін танытатын жоғары сапалы портреттік фотолардан бөлек, энциклопедиялық шағын ақпараттар ұсынылады. Фотогалерея жоба барысында әлі сан түрлі жаңа фотосуреттермен толығады.
«EcoForming» қорының өкілі Қанат Абашевтың айтуынша, «Қазақстанның тұмса табиғаты» веб-сайты келешекте студенттер мен оқушыларға ғана емес, еліміздің фаунасын зерттеуге қызығатындар үшін де көрнекті әрі бағалы дерекқор қызметін атқарады.
– Иә, бұл сайт ұзақмерзімді жоба. Сайтқа еліміздің әр аймағында кездесетін жануарлардың табиғатта түсірілген сапалы портреттік фотосуреті шағын ақпараттармен қосып жарияланып отырады. Жобаға кәсіби шебер фотографтар қатысты. Олардың еңбектерін көріп тәнті боласың, сүйсінесің. Сайт әуелдегі мақсаттан айнымай, дами береді деген үміттеміз, – дейді Қ.Абашев.
Деректер базасы енді ашылып, алғашқы фотосуреттер жуырда ғана жарияланғанымен, жобаның жұмысы одан ертерек басталып кеткен. Алдымен кәсіби фотографтар елдегі ең ірі саналатын Алматы мен Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағына барған. Онда кәсіби мамандар жойылудың алдында тұрған, өте сирек кездесетін аңдарды түсірген. Фотографтар мұнымен тоқтамай, Ақмола облысындағы «Қорғалжын» қорығындағы құстарды апта бойы бақылаған. Кейін Алакөл, Зайсан, Іле-Балқаш резерваттарына, «Алтынемел» Ұлттық табиғи паркіне барып, аң-құстардың бейнесін мейлінше жақыннан алуға тырысқан. Сөйтіп, фотографтар 150-ден астам аң мен құстың сапалы суретін сайлаған. Осының ішінде шамамен 70-ке жуық фотосурет жаңадан ашылған сайтқа жарияланған.
– Сайт қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқырмандарға қолжетімді. Құрылымы сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділер, балықтар, жәндіктер деп, 6 санатқа бөлінген. Яғни мұнда елімізде кездесетін әрбір аң-құс, жәндіктер биологиялық түрге қарай бөлек-бөлек топтастырылған. Мысалы, сайтта сүрқоректілерді ашатын болсаңыз, мониторға сүтқоректілердің түр-түрі шыға келеді. Олардың түрін, қайда мекендейтінін, санын бәрі-бәрін энциклопедиялық ақпараттан оқып қаныға аласыздар. Бұл – оқырмандардың белгілі бір жануар түрін лезде табуына жәрдемдеседі. Ел аумағында ұя басатыны бар, жыл құстары, өтпелі құстар – бәрін қосқанда 500-ден аса құстың түрі кездеседі екен. Ал оған даланың аңдарын қоссақ, тағы біразға барып қалады. Біз сол аң-құсты түгендеп, сапалы фотосуреттерін жариялауға кірістік. Әлі алда атқаратын жұмыс көп. Көпшілікке қолжетімді сайт оқушыларға, студенттерге және жалпы табиғат жанашыларына пайдалы болады деген үміттеміз, – дейді белгілі журналист, «National Geographic Qazaqstan» журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ.
Ескеретін жайт, сайтқа тек елдің аймағында кездесетін аң-құстардың сапалы фотосы мен деректері жарияланды. Жоба үйлестірушілері алда сайтты тағы көптеген фотосуретпен көмкеріп, дамытып, жоғары сапалы бейнежазбалармен толықтырамыз деп отыр. Елімізде алғаш рет ашылған бағыты, мақсат-мұраты бөлек сайт қолдаушылар мен қолданушылар үшін табысты болсын деп тілейміз.