Қазақстан • 16 Қыркүйек, 2024

WorldSkills-2024: Колледж студенттері 7 медальон жеңіп алды

84 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Француз қаласы Лионда өткен 47-ші WorldSkills-2024 жұмысшы мамандықтарының халықаралық чемпионатында еліміздің намысын 30 құзыреттілік бойынша 32 қатысушы және 30 халықаралық сарапшы қорғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

WorldSkills-2024: Колледж студенттері 7 медальон жеңіп алды

Фото: Oqu-agartu ministrligi

Оқу-ағарту министрлігінің мәлім етуінше тарихта тұңғыш рет еліміздің колледж студенттері 7 медальон жеңіп алып отыр. «Ұлт үздігі» номинациясы және құзыреттіліктер бойынша үздіктер:

• Руслан Юсупов – Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенті – «Веб-технологиялар»;

• Әйгерім Досова – Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі – «Сән технологиясы»;

• Данияр Әбікенов – Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенті — «Желілік және жүйелік әкімшілендіру»;

• Михаил Попов – Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенті – «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары»;

• Тимур Бабенко мен Эльнар Жуасбаев – Семей қаласының Радиотехника және байланыс колледжінің студенттері – «Мобильді робототехника»;

• Жанель Сағындық – Алматы қаласы «Әділет» колледжі – «Қонақ үй ресепшионисті»;

• Артур Лейман – Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті – «Мейрамхана сервисі» – «Ұлт үздігі» номинациясы.

WorldSkills Lyon – 2024 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатына 69 елден 1500-ге жуық колледж студенттері қатысқан.

Айта кетсек, WorldSkills International 25 жасқа дейінгі жас мамандардың кәсіби дағдыларын анықтауды және дамытуды көздейді. Чемпионат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық трансформация жағдайында жұмысшы мамандықтары мен заманауи техникалық білімнің маңыздылығын арттыруға бағытталған. Мақсаты – бүкіл әлем бойынша техникалық мамандықтар бойынша кәсіби даярлықтың мәртебесі мен стандарттарын насихаттау. Естеріңізге салайық, 2023 жылы Қазақстан құрамасы Гданьск қаласында өткен EuroSkills чемпионатында алғаш рет 2 медаль және 4 медальон жеңіп алған болатын.