01 Мамыр, 2010

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

959 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева бастаған депутаттар Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен бір топ тыл еңбеккерлерін салтанатты жағдайда құттықтады. Парламент Мәжілісі мен “Нұр Отан” партиясының осы палатадағы фракциясы ұйымдастырған бұл шара Алматы қаласында, бұрынғы Жоғарғы Кеңестің ғимаратында өтті. Динар Нөкетаева Мәжіліс Төрағасы, “Нұр Отан” ХДП фрак­циясының жетекшісі Орал Мұха­мед­жановтың құттықтау ле­бізін жеткізді. Ардақты ардагер­лер­дің жүріп өткен жолдары, май­дан даласында жасаған қай­сар­лық пен ерліктері өскелең ұр­паққа үлгі екенін айтты. “Қа­зақ­стан Прези­денті Нұрсұлтан На­зарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет, Пар­ламент депутаттары ардагер­лер­дің жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Қаһармандарымыздың ер­ліктерін құрметтеу, ардагерлердің қамын ойлау, жастарды патриот­тық рухта тәрбиелеу – біздің міндетіміз”, – деді депутат Д.Нө­кетаева. Мәжіліс депутаттары Тұрар­бек Асанов пен Гүлмира Исім­баева ардагерлерге арнаған ыстық лебіздерін білдірді. Айта кету керек, Алматы қа­ла­лық ардагерлер кеңесінің Пар­ла­менттегі бастауыш ұйымының мұ­рындық болуымен Ұлы Жеңіс­тің 65 жылдығына орай кітапша шығарылған. Онда ардагерлердің майдандағы ерліктері мен соғыс­тан кейінгі еңбек жолдары баяндалған. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхуддинов зейнеткерлерге жа­са­лып жатқан қолдауға ризашы­лығын білдірді. Соғыс және еңбек ардагерлері Ізгілік Дабаев, Ев­ге­ний Сафронов, Райхан Жал­мур­зина, Сара Базарқұлова және бас­қа­лар сөз сөйлеп, осы шараны ұйымдас­тырғандарға алғыстарын айтты. Ардагерлер құрметіне Өнер академиясының студенттері шағын концерт берді. Қадірлі меймандарға гүл шоқтары мен парламенттік сыйлықтар табыс етілді. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. АЛМАТЫ.