Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2021

Қаратастықтар неге қапалы?

522 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан шамамен 20-25 шақырым жерде Күреңбел дейтін ауылдық округ бар. Аталған округтің құрамына Қаратас елді мекені кіреді.

Қаратастықтар неге қапалы?

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Кедейлер», қырқыншы жылдары «Чапаев» колхозы болған ауылда 1937 жылдан бері халық тұрып келеді. Бұл күнде Қаратас елді мекенінің өзінде 46 үй болса, онда 200-ге тарта адам тұрады. Таңшығыс тауының саясында орналасқан шағын ауылдың табиғаты да тамаша. Тауды бөктерлей, қиялай халық қоныстанған ауылдың табанында Теріс өзені тұнып ағып жатыр. Жергілікті жұртшылық бүгінде негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысып, күн көреді.

 Сапарбаевтан жауап жоқ

Бірақ сол Қаратас ауылында қыс қатты болады. Атының өзі айтып тұр­ғандай, бұл ауылдың табиғаты соны­сымен де ерекше. Алайда қыс мез­гі­лі жақындаған сайын Қаратастағы қа­ра­пайым халықтан маза кетеді. Ауыл тұр­ғын­дары талай жылдан бері көгілдір отын мәселесін көтеріп, бірақ оның игілігін көре алмай келеді. Тіпті мұнда қардың қалың түсіп, күннің суық болатыны сонша, ауылдықтар қыста аудан орталығы түгілі, иек астында тұрған Күреңбелге де жете алмай әуреге түседі. Бұл жақта қазан айының соңын ала жауған қар келесі жылдың наурыз айы­на дейін ерімейді. Күн жылынып, тоң жібімейді. Жалпы, Жамбыл өңірінде ауа райы аса қатал болмағанымен, Жуалы аймағындағы табиғаттың тылсым сыры көпке мәлім. Ауыл тұрғындары болса, жергілікті билік бізге газ мәселесін шешіп берсе екен дейді.

«Міне, күз мезгілі де келді. Енді қар жауады. Жақында ауылдағы көпші­лік­пен ақылдасып, аудан әкімі Олжас Қаржауовтың атына хат жаздық. Кейіннен әкімнің орынбасары Асхат Жабағыдан биыл бюджеттің бекіп кетке­нін, енді Қаратас ауылындағы газ мәселесін келесі жылы бюджетке енгізетінін айтқан жауап келді. Бұл мәселе сөйтіп биыл да шешілмейін деп тұр. Әр үй қыста 7-8 тонна көмір жағамыз. Көмірдің әр тоннасы 20 мың теңге тұрады. Жүк көлігіне көмірді үйге әкеліп бергені үшін қосымша тағы да ақша төлейміз. Ағаш жағып отыра берейік десек, ағашқа үй жылынбайды. Біздің жақтың қысы белгілі ғой», дейді ауыл тұрғыны Алтынбек Қуанышов.

Бұл күнде жасы сексенге таяған қа­рия қорлықпен күн кешіп жатқанын ашы­на жеткізді. Бүгінгідей еліміз дамып, өркендеп жатқан кезде де Қаратас ауы­лына көңіл бөлінбей отырғанын айт­ты.

Қазіргі таңда ауылда негізінен жасы ұлғайған адамдар ғана қалған. Қыстың көзі қырауда олардың от жағып, күл шы­ға­руы да бір бейнет. Ал жастар жағы ауыл­ға көп тұрақтамайды. Көбі ауылдан көшіп кетіпті. Себебі, ауылда ешқандай жағдай жоқ. Қаратас ауылының тағы бір тұрғыны Пернебек Елемесовтің айтуынша, ауылдықтар қордаланған газ мәселесін көтеріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына да хат жолдапты. Бірақ ол хаттан да жауап келмепті. Сөйтіп, тау етегіндегі шағын ауылдың халқы кімнен, қайдан көмек сұрайтынын білмей дал болып отыр. «Біздің ауылда бірінші кезекте газ мәселесі өте қиын болып тұр. Біз сияқты жасы үлкен адамдарға от жағу да, күл шығару да азап жұмыс. Бізден үш шақырым жердегі Күреңбел ауылына өткен жылы газ кірді. Енді біз жетім баланың күйін кешкендей болып қалдық. Егер газ болса, өзге де мәсе­лелер шешімін тапса, жастар да ауыл­дан көшпес еді. Күн суытқанда көмір тасу да қиын. Жыл сайын аудан орталығына екі вагон көмір келеді. Бірақ ол кімге жетеді? Содан амал жоқ, Тараз қаласына қарай сабыламыз. Мұ­ның бәрі де қалтамызға артық шығын», дейді Пернебек Елемесов.

 

Ауыз суға да, интернетке де жарымай отыр

Ауылдықтардың арманы – көгілдір отын. Талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің нақты шешімі әлі біраз уақытқа созылатын сияқты. Себебі бұл жыл сайын келесі жылы шешіледі деген құрғақ сөзбен шұбатылып келе жатқан күрделі мәселе болып тұр. Жалпы, тұр­ғын­дармен кездесіп, ауыл ахуа­лын көзбен көргенімізде, Қаратас ауы­лын­да­ғы күрделі мәселе тек газ болмай шықты. Тұрғындармен кездесу барысында олар ауыз су мәселесінің де өте өзекті екенін айтты.

«Елдің есігінің алдынан қазып алған құдығы бар. Ол да біреуде бар, біреуде жоқ. Құдығы жоқтар өзге үйден суды тасып ішеді. Су төрт метр тереңдіктен шығады. Бірақ сапасы нашар. Суды тасып ішетін баяғыдай бастау да жоқ», дейді Пернебек Елемесов.

Оның айтуынша, осы күнге дейін ауыл сыртында бастау болған екен. Бұл да болса дәтке қуат еді. Өкінішке қарай, қазір ол да болмай тұр. Ал ауыл тұрғыны Рабиға Бүрібаеваның айтуынша, ауылда қарапайым телефон бай­ла­ны­сының өзі жоқ екен.

«Ауылда ұялы телефон тартпайды. Содан телефонымызды үнемі терезенің алдына қойып қоямыз. Кейде туыстарымыз хабарласса, хабарлама түседі. Содан телефонымызды қолға алып, қырға шығамыз. Не болмаса көше аралап кетеміз. Сыртта жүрген балаларымызбен сөйлесе алмаймыз. Сөйтіп әр күніміз терезе жағалаумен өтеді. Мектептің интернеті бір ай істесе, екі ай істемей қалады. Содан ел интернет іздеп қырға шығады, ойға түседі, әйтеуір бір әуре. Ал мұғалімдер толтыруға тиісті күнделіктерін Күреңбел ауылына немесе аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына барып толтырады. Бұл жерде толтыруға мүмкіндік жоқ. Балалар болса сабақ оқи алмайды. Жел тұрған күні интернет деген мүлде өшеді. Ауылда ешқандай жағдай жоқ. Болашағымыз жас­тар ғой. Жастар ауыл­да тұрсын десек, ауылды көркейтсін де­сек, қордаланған мәселелерді шешу керек. Мәселені шешу қарапайым елдің қолынан келмейді. Бұл іске лауазымды басшылар араласу керек. Оның үстіне мұнда жастарға жұмыс та жоқ», дейді тұрғын.

Жергілікті жұртшылық ауылдың бо­лашағы үшін алаңдайтындарын да жет­кізді. Кезінде бүгінгі Қаратас ауы­лының жоғары жағында Қоғалы деген ауыл болыпты. Сол ауылда жағдай бол­­ма­ғандықтан, өткен ғасыр­дың жет­пі­­сінші жылдары ел үдере көшкен екен. Бір кездері Жуалы ауданын­да­ғы Таңшығыс, Қызыл Жұлдыз ауыл­да­ры­ның да тағдыры солай болыпты. Енді қаратастықтар газы, суы, байланысы, интернеті жоқ ауылдан ел жаппай көшіп кете ме деп қауіптенеді.

Ал ауылдың ахуалына алаңдап, тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап жүрген басшылар тағы жоқ. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Жуалы ауданын басқарып кеткен Сер­ға­ли Айдапкеловтен кейін бірде-бір әкім ауыл­дағы көпшілікпен кездесіп, кө­кей­­кесті­ мәселесін тыңдамаған. Одан кейін де Жуалы ауданының жайлы орын­­тағына талай әкім жайғасты. Та­лай бас­шы жұмыс істеді. Талай әкім ауыс­ты. Бірақ «баяғы жартас – сол жар­тас» күйінде қалып тұр. Ал аудан әкімі болып тағайындалғанына көп бола қоймаған Олжас Қаржауов болса бір рет қана Қаратас ауылына барып, сондағы тоғыз сыныптық мектептің жағдайымен танысыпты. Алайда ол да жергілікті жұртшылықпен кездес­пей қайтқан. Көпшілік аудан әкіміне не жауапты орынбасарының, не тиісті бөлім басшысының ешқайсысының осы ауылдың мәселесін айтпайтынына қайран. Аудан әкімінің осы ауыл­дың жағдайын облыс басшылығына жет­кіз­бей­тініне налиды.

«Ауылымызға жетпісінші жылдан бері бірде-бір депутат келген емес. Ел ішінен Парламент депутаттарын Жуалы өңіріне жұмыс сапарымен келіпті деп естіп жатамыз. Бірақ олар да аудан орта­лы­ғынан қайтады. Облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары да мұнда ат ізін салмайды. Олар тек сайлау болатын кезде ғана келеді. Депутат болып сайланбай тұрған кездерінде көріп қа­ла­мыз. Біз де оларға дауыс бердік қой. Шыны керек, бізге депутаттарды көру арман болды. Ауылдың жағдайын, ше­шіл­мей жатқан мәселелерді айтайық десек, ешқайсысы жоқ», дейді Алтынбек Қуанышов.

Жергілікті биліктен де, депутаттар­дан да көңілі қалған қарапайым ха­лық осылайша газы, суы, байланысы, интернеті жоқ ауылда тұрып келеді. Көпшілік әлі де болса күрделі мәселенің күрмеуі шешілетінінен үмітті.

Олжас Қаржауов Жуалы ауданына әкім болып биылғы наурыз айында тағайындалды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тағайындау кезінде жас бас­шыға сенім артатынын да айтқан. Бірақ содан бері алты айға жуықтаса да, аудан әкімінің бұл ауылға арнайы келіп, елдің тілегін, мұң-мұқтажын тыңдамағанына көпшілік наразы. Қыр астында қоңыр тіршілік кешіп жатқан Қаратас тұрғындары бұл күнде қазан келмей тұрып тағы да көмір түсіріп алуға әрекет етуде. Жыл сайын көпшілік көгіл­дір отыннан үміт еткенімен, ол да көкжиекте бұлдыраған сағымдай же­т­кізбей отыр. Қазір ауылдағы аға­йын­ бір-біріне септесіп қана күн көруге мәжбүр. Енді бір айдан соң мұнда қар жауады. Биыл да Қаратас тұрғындары жыл сайынғы бейнетін бастан кешіргелі тұр...

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы