Тарих • 09 Қыркүйек, 2021

Тамұқтан өткен тағдырлар

667 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындардың тағдыры – әлемдік тарихтың ең бір қасіретті парақтарының бірі. Соғыстың зардабы орасан зор әрі ауыр болды. Тек 1942 жылдың ақпанына дейін фашистердің тұтқынына түскен Кеңес әскерлерінің саны 3,9 миллион адамға жетті. Оның 2,8 миллионы қырылып қалды. Бұл сұмдық дерек көпке дейін бүркемеленіп келді.

Тамұқтан өткен тағдырлар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс

Соғыс кезіндегі тұтқындар жөнінде Гаага (1899 ж., 1907 ж.) мен Женевада (1929 ж.) әскери тұтқындар туралы конвенция қабылданған болатын. Бұл конвенциялар шарты бойынша соғысушы мемлекеттер өз тараптарынан соған орай Бірінші, екінші дүниежүзілік соғыс жыл­дарында соғыс тұтқындарына адамгер­шілікпен қарады. Бірақ Кеңес өкіметінің тарапынан ұстанған қағидаға сәйкес «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстаным миллиондаған тұт­қындардың тағдырына сұмдық әрі қатал, тіпті ауыр зардабын тигізді.

Екінші дүниежүзілік соғыста тұт­қынға түскен түркістандықтардың еврейлермен пара-пар қорлық, сұмдық пен азапты бастан кешкенін архив деректері айғақтайды. Соғыстың алғашқы айларында түркістандықтарға (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, қарақалпақ) жетіп жатқан жағдайда ғана, қару ең соңғы кезекте берілді. Себебі олар екінші сорттағы жауынгерлер ретінде есептелді. Өмірі қолына бұрын қару ұстамаған 19 жас шамасындағы қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түрікмендер мен тәжіктер бақайына дейін қаруланған герман әскер­леріне қарсы қойылды. Осылайша тура өлімге айдап салынды.

Екінші дүниежүзілік соғыс бастал­ғанда Кеңес қоғамы саяси, этностық, не әлеу­меттік-экономикалық тұрғыдан біртұтас болмады. Елдегі ауқатты шаруаларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, діни қауыммен күрес, сая­си қуғын-сүргіндер мен Кеңес өкіметінің басқа да іс-шаралары ұрыс барысына теріс әсер етті. Әкелері немесе туыстары арнайы геноцид саясаты салдары­нан аштықтан өлген немесе Сібірге айдалған, «әлеуметтік тазартуға» ұшыраған сол­даттардан жанқиярлық ерлік күтуге бола ма?! Өйткені 19-20 жас­тағы бозбалалар Ке­ңес өкіметінің игілігін сезініп те үлгерген жоқ-ты.

Адамзат тарихындағы алапат соғыс ауыр зардаптарға ұшыратып, көп адамды Отанынан ажыратып, миллиондаған адамның өмірін қиды. Архив деректеріне сүйенетін болсақ, тек Атырау облысынан соғыста хабар-ошарсыз кеткен, қаза тапқан 26 мыңнан астам боздақтың тізімі жасақталған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің бірі ретінде соғыс тұтқындары туралы тереңірек қарастырған жөн. Бұл туралы өлкеміздің тарихында арнайы зерттеу жұмыстары жоқ.

Бізде көптеген оқиғаға, тіпті адам тағ­­дырына өз мақсат-мүддеміз емес, өзге­­лер­дің көзімен, қоғамдық құбылыс­тардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі. Бұл жағдай, әсіресе Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде тұт­қынға түскен боздақтарға көзқарастан айқын байқалады. Майдан даласында жараланған қазақ жігіттері­не көмек көрсе­тілмеді. Ұрыс даласынан әкелінсе де емдеу пунктіне қабылданба­ды. Не бас­қалардан кейін, ең соңынан қа­был­данды. Мұндай жағдайға назар аударған қазақ командирлері (көпшілігі кіші шен­дегі) «ұлтшыл» атанып, олардың ісі три­буналға дейін жеткен.

Жаудың қоршауына ұшырап, қолға түсіп қалған жауынгердің тағдыры қат­ты өкіндіреді. Неміс лагерьлерінде тұт­қындар ашық аспан астында ұсталды. Тамағы – үсіген қырыққабат пен қабығы ашылмаған картоп. Тұтқындар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, елге оралған соң кеңестік лагерь­лерде қорлық көрді. Алайда кеңес тұт­қынының тағдыры туралы сөз болмай келе жатыр. Олардың тағдыры ұрпағына, бала-шағасына әсер етті. Сондай адам­дардың айтылмай жатқан тағдыры қан­шама? Олардың тарихтағы лайықты орнын беру әділеттілік болмақ. Шетелдік ғы­лыми орталықтар әскери тұтқындардың тағ­дыры туралы тақырыпты зерттеумен жеткілікті айна­лысады. Қоғамдық ұйымдар түрлі жұмыс жүргізуде. Тұт­қын­дардың ағайын-туыстары архивтерге хабарласып, өлген, жерленген жері туралы ақпарат, оның тағдырын анық­тау үшін қандай ­да бір дерек іздеуі соғыс жаң­ғырығының әлі толық жойылмағанын бай­қатса керек.

Кейбір тұтқындар соғыстан кейін өзін күтпеген, сенімсіздік танытқан Ота­нына оралды. Оларды әуелі тексеріп, лагерьлерде ұстады. Тексергеннен және адалдығына көз жеткізгеннен кейін ер­кіндікке босатты. Дегенмен бұрынғы әс­кери тұтқындар тұрақты түрде бақылауда болғаны белгілі. Енді біреулер Ота­нында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды. Сөйтіп, өзі таңдаған тірліктің өкініш уын ішіп, күн кешті. Мұндай адамдар Отан тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ.

Оның бір мысалын Финляндия Рес­пуб­ликасының Ұлттық архив қорынан та­былған құжаттардан көреміз. Соның дәлелі – 1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысында тұтқынға түскен Құрман­ғазы ауданының тұрғындары Нұрым Сарах­метов, Сайын Зиналиев, Валит Ермаханов, Кемет Сарсенғали, Карим Жүнісов, Саты­балды Иманғалиев туралы деректер (Жағаға қайтқан толқындар. «Егемен Қазақстан» газеті. 22 сәуір, 2014 жыл).

...Сол сұрапыл жылдары Мұстафа Шо­қайға жерлесіміздің қолына түскен бір жапырақ қағазға жазып берген өтініші назар аударарлық. Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған бұл құжат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жігітінің өмірінен белгі береді. Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған бұл жасты тыңдап көрелік: «Сәлем бердік. Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін.

Мен Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай бо­лыстың туған немересі Жалғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым оқытушы, Гурьевтегі оқы­тушылар курсын бітірдім (мұғалім болар). Бірақ жасымнан газет-журнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым. Мұның қайнар бұлағы – ақын-жазушылық жұ­мысы. 30-жылдан жазушылық талап­пен қазақтың көркем әдебиетімен таныстым. 31-жылдан өз бетіммен қо­лы­ма қалам алып, түрлі жағдайға арнап өлең, әңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқы­­мы деп... менің шығармаларым керек­сіз пұлға айналып отырды. Мектеп бі­тір­геннен кейін облыстық газетке жұ­мысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Со­нымен «Алаш заманындағы ақын-жа­зу­шылардың сойылын соғушы» деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды. Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын. Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тас­тай қайғылы ауыр халде тұрмын. Бо­лашақ жас талантты өлім халінен алып қа­луыңызды сұраймын. 4-жұмысшы тобы, 2-барақ. Жалғасұлы Сембай. 19.Х.41» (Есмағамбетов К. Түркістандық әс­кери тұтқындар: Құжаттар мен материалдар жинағы – Алматы: «Арыс» баспасы, 2019. 14-15 бб.).

Осы тағдырлас соғыс тұтқындары­ның қилы тағдырларына тоқталсақ. Көктоғайлық Берекет Кенжебаев, таң­­дайлық Амандос Есенов, Бө­теш Бай­сұл­танов (Коми АССР-інде тұр­ды), бақ­­сайлық Ғай­пен Бейісов, индерліктер Тұқ­­патолла Қалымов, Айғали Көпжанов (Ресейдің Қорған облысында тұрды). Со­ғыс тұтқындарының бірі – жылыойлық Құ­райыш Таңатаров (1924-1961 жж.) соғыстың алғашқы жылында-ақ тұтқын­ға түскен. Фашистердің конц­лагерінде екі жылдай болып, жан азабын шеккен боздақтардың бірі 15 жылға сотталып, Магадан облысында алтын өндіре­тін лагерьде ауыр жұмыстарға жегілген. Ал тұтқында болған индерлік Сейілхан Ғаб­дуллиннің қилы тағдырын тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Ол кісі туралы 2007 жылы А.Жұмашұлы мен Н.Дүкенбайдың «Қилы тағдыр: Өмірнама» атты кітабы жарыққа шықты.

Индерліктер Жолдыбай Ахыбаев (1924-1994 жж.), Жұмагелді Баймұқанов (1921-1990 жж.) махамбеттік Биғали Есмағамбетов (1922-1998 жж.) және Б.Те­тебеков (Солтүстік Қазақстан обл), Нұр­лыбек Негиматов (Ақтөбе обл) 1942 жы­лы Харьков қаласы үшін болған шай­қаста, яғни 22-30 мамыр аралығында қор­шауды бұзу операциясы кезінде тұтқынға түсті. Бұл қоршауда 239 мың кеңес жа­уынгерлері жау қолына тұтқынға түсуге мәжбүр болды.

1945 жылдың сәуір айында тұт­­қын­дарды неміс концлагерінен амери­ка­лық­тар азат етті. Соғыс тұт­қын­дары ре­тін­де америкалықтар оларға тамақ, киім бе­ріп, лазареттерге орналас­тырып, естерін жиғызған. Кейін тұтқындар лагеріне әр елдің әскери өкілдері келіп, тұтқын­дар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Кеңес тұтқындарын олар Америка, Аустралия, Канада, Англия, Франция елдеріне баруға шақырған. Бірақ олар Отанына қайту туралы ше­шім қабылдады. Арнайы тексерістен соң өкінішке қарай, Молотов облысының (қазіргі Пермь өлкесі) Гремячинск по­селкасындағы көмір шахталарындағы ка­торгалық жұмыстарға жіберілді. Бұл соғыс тұтқындары туралы ардагер шахтер А.Ф.Глушков өз естелігінде: «Соғыстан кейінгі жылдары поселкаға соғыс тұт­қындарын әкеле бастады. Көпшілігі Қа­зақстан, Орта Азия халықтарының өкіл­дері еді. Әскери тұтқындар №62 шахта­ның ауласындағы барактарда қатаң күзет­те өмір сүрді. Оларды ең ауыр да азап­ты жұмыстарға жекті. Кейбіреулері ту­ған өлкелеріне қашқанымен ұсталып, жа­заланды, атылды», деп жазды (Н.Пес­ков. Жизнь, как она есть (из записок крае­веда), Гремячинск, 2004. с.47.).

Пермь өлкесінің Гремячинск қала­лық архив қорында туған жерінен жы­рақта, шахтада азапты жұмыстар атқар­ған Ж.Ахыбаев, Ж.Баймұқанов, Б.Есма­ғамбетов, Е.Тушовский, Б.Текебеков, Р.Зорманов, Б.Ерімбетов, О.Әлиақпаров, Ж.Бигшаев, Б.Мухаметжинов (Мухам­бежинов), Б.Сабанқұлов, М.Төлендин сияқты отандастарымыз туралы мәлі­­меттер сақталған. Олардың көпші­лігі туған жерінен жырақта ауыр жұмыс­тардан, аштан, шахтадағы апаттардан қаза тапты. Көбі туған жеріне жете ал­­май, «Отанын сатқан», «сатқын», «тұт­­қын» деген жала жабылған сөздер мен қор­­лық таңбаны ар көріп, сол жақ­­та тұ­­рақтап қалуға мәж­бүр болды. Со­ғыс тұтқындары ну орманда ағаш кесу, шахта қазу, жол салу, жаңа са­лы­­нып жатқан қалаға аса қажетті аурухана, мектеп, клуб, әкімшілік, тұр­ғын үй ғима­раттарын салу жұмыстары­на қа­тысты. Техника жетіспегендіктен, көп­­теген жұмыс қол күшімен атқарыл­ды. Соғыс тұтқындары әдеттегідей қара жұ­мысшы ретінде тартылды. Тұтқын­нан орал­ғандардың жағдайы өте ауыр бол­ды. Аштық, суық, жұқпалы аурулар адам­дарды баудай қырды.

Гремячинск аймағында әр кезеңде 17 көмір шахтасы жұмыс істеді. Сол уақытта 800 млн тонна көмір өндіріліп, шах­терлардың үш ұрпағы өсіп, тәрбиеленіп жетілді. Соғыстан кейінгі жылдары да кө­мір шахталарындағы жұмыстың көп­шілігі қол күшімен атқарылып, жү­зеге асты. Шахта шурфына түсу, шығу жұ­мыстары да қолмен атқарылды. Көмір қазу ұңғымасына дейін жаяу барып, жаяу қатынап, жұмыс істеді. Өндірілген көмір вагонеткаларға қолмен тиеліп, тү­сірілді. Осы шахталарда жұмыс істе­ген индерлік Ж.Ахыбаевқа берген анық­та­маға назар аударып көрейік. Пермь өл­ке­сінің Гремячинск қалалық әскери ко­мис­сариатының 15 қазан 1990 жылғы №822 анықтамасы бойынша қатардағы жауын­гер Жолдыбай Ахыбаев 1924 жылы туған. 1941 жылдың 11 маусымы мен 1942 жылдың 15 қазан аралығында Ке­ңес ар­миясының қатарында қызмет етті де­лінген. Ал 1993 жылдың 31 тамыз күн­гі «Кизелуголь» өнеркәсібіне қа­рас­ты «Западня» шахтасының директо­ры В.Вахрущев пен кәсіподақ коми­теті­нің төрағасы Л.Аникиннің Жолдыбай Ахы­баев туралы қатынас қағазында Ж.Ахы­баев 1921 жылы туған. Зейнеткер. Аталған шахтада 1946-80 жылдар ара­лығында жерасты тау-кен жұмысшы ма­мандығы бойынша жұмыс атқарды. Жұмыс істеген кезеңінде шахта әкімшілігі тарапынан бірнеше рет мадақталды деп жазады.

Гремячинск қалалық архиві қорын­дағы 1949 жылдың 20 сәуірінде толты­рылған жеке карточкасында 1924 жылы Куривская (архив құжатында солай, өз қолымен толтырылған болуы керек) облысы, Исвольский (Есбол) ауданында туған. 1-кластық білімі бар. Қазақ. Қа­тардағы жауынгер. Шахтада жүк тиеу­ші деп толтырылған (Архивный отдел администрации города Гремячинска Пермского края, Фонд-30, опись-2, дело-1172, л.6). Зейнеткерлікке шығуына байланысты 1979 жылдың 29 қаңтар күнгі толтырылған мәлімет бойынша 1924 жылы Гурьев облысы, Еспол ауда­нының, Аққала ауылында дүниеге келген. Жалпы еңбек өтілі 1946 жылдан бас­талған. Бір қызығы архив қорында бұл кісінің жұбайы Гүлзиян (Гүлжиһан) Шайхимарданованың (Ахыбаева) (1927 ж.т.) жеке карточкасы да сақталған. Ол кісі Татар АКСР-нің Чишма ауылында дүниеге келген. 3 кластық білімі бар. Шахтаға 1950 жылдың 10 шілдесінде жүкші болып орналасқан.

Тағы бір индерлік Жұмагелді Баймұ­қановқа 1948 жылдың 3 наурызында толтырылған жеке карточкада 1921 жылы Гурьев облысы, Еспол ауданы Степан Разин колхозында туғаны көр­сетілген. Қазақ. 5 кластық білімі бар. Тол­тырылған карточкадағы мәлімет бо­йынша шахтаның №2 учаскесіне 1948 жыл­дың 27 нау­рыз күні тас қалаушы болып алынған. Ал архив деректеріндегі 1948 жылдың 30 қарашасындағы мә­лімет бойынша ма­хамбеттік Биғали Есма­ғамбетов 1922 жы­лы Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Жамбыл ауылдық кеңесінде дүниеге кел­ген. 3 кластық білімі бар. Мақаттық Евгений Карлович Тушовский 1918 жылы туған. Орыс. Гурьев облысы, Мақат ауданы, білімі 8 кластық. Мамандығы шофер. Жалпы еңбек өтілі 1937 жылдан басталады. Шах­тада бұрғышы, слесарь, қазушы болып істеген (Архивный отдел админис­тра­ции города Гремячинска Пермского края, Фонд-30, опись-2, дело-1185, л.38).

Олардың кейінгі өміріне қысқаша тоқ­тала кетсек. Өмірдің заңдылығына сай жер­лестеріміз сол жақта жүріп, өмір­лік қосақтарын тауып, отау құрды. Азап­ты жылдарды басынан кешіріп, жер­лестеріміздің кейбіреулері туған же­ріне оралса, кейбірі сол жақта қалып қой­ды. Мысалы, индерлік Жолдыбай Ахы­баев Ресейдің Пермь облысының (қа­зір өлке) Гремячинск қаласында тұрып, татар қызы Гүлжиһанмен отау құрды. Әмина, Дінмұхамед, Дәулетбай, Зульфар, Фарид есімді ұл-қыздарын өсіріп, көмір шахтасында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шы­ғыпты. 1994 жылы 70 жасында қай­­тыс болды. Балалары Дінмұхамед (Гремя­чинск), Дәулетбай (Воркутада), Зульфар (Кузбасста) да шахтада жұмыс істеді.

Ал 13-ауылдық Биғали Есмағамбетов татар қызы Ғалиямен бас қосып, 9 ұл-қыз тәрбиеледі. 50-ші жылдардың ба­сында елге келген соң ұзақ жыл ауыл ша­руашылығы саласында қызмет атқа­рып, 1998 жылы бақилық болды. Индерлік Жұмагелді Баймұқанов 1949 жылы баш­құрт қызы Сәкина Габдуллинаға үйленіп, өмірге 3 ұл, 5 қыз әкелді. Елге 1951 жылы оралып, ұзақ жыл Индер бор руднигінде жұмыс істеді. 1990 жылы 69 жасында өмірден озды. Оның қыздары Жұмазия, Қалғыз, Әсия Саратов қаласында тұрып жатыр. Әкесінің шаңырағына Салауат атты баласы ие болып отыр.

Бұрынғы әскери тұтқындар өздерінің соңынан құзырлы органдар тарапынан бақылаудың барын білетін. Сондықтан «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешіп өтті. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен кеңес жауынгерлері өмі­рі мен ерен ерлігін, мұңы мен қайғы-қасіретін, жан күйзелісі мен үміт-арма­нын өздерімен бақиға ала кетті. Олар­дың көп­шілігі өле-өлгенше өз елін­де май­дангер ретінде ардақталмай, бұйығы өмір кешіп, дүниеден озды. Ке­йінгі ұр­пақ оларға мәңгілік қарыздар екен­дігін естен шығармай, олардың ауыр тағды­рына мінәжат етіп, бастарын иіп өтсе, азаматтық парызын өтегендік болар еді-ау.

ХХ ғасырдың жазықсыз жапа шеккен тұтқындарын саяси тұрғыдан ақтайтын мезгіл жетті. Фин соғысына, фашистік Германиямен соғысқа қатысқандардың кө­бі бұл өмірде жоқ. Тамұқтан өткен тағ­дырларға «ақтаудың» да, «даттаудың» да қа­жеті бола қоймас. Бірақ олар жөнінде ат­қа­рылған адамгершілік іс-шаралар бү­гінгі ұрпақтары мен туыстары үшін, қазақтың тұтастығы үшін, болашақ үшін керек.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 

Атырау облысы