Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2021

Құбылыс

675 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

 

 Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының айтуынша, 1979 жылы ақын қайтыс бол­ғаннан кейін жарық көрген бір ғана «Өмір-өзен» кітабының көлемі (14 жарым баспа табақ) көзі тірісінде жарық көрген бес кітабының көлеміне пара-пар екен. Көзі тірісінде шығарған ауыз толтырып айтатындай ең үлкен кітабы «Құдіретті комедияның» аудармасы мен таңдамалысы «Өмірдастан» ғана екен. «Өмірдастанның» өзі өлерінен бір ай бұрын ғана жарық көрді, сондықтан оны жұрт ақын қайтыс болып кеткен соң оқы­ды. Соған қарағанда, «Тағдырдың бір жа­рыт­пай-ақ қойғаны-ай!» – дегенді ақын ақ­ша­ға ғана қатысты емес, пейілге де жа­ры­ма­ғандықтан айтқан болу керек».

Құбылыс

 (Соңы. Басы 171-нөмірде)

2001 жылы «Жалын» баспасы ақын мұ­расының ер-тұрманын түгендеп, әр қай­сысының көлемі 20 баспа табақтан асатын төрт томдығын оқырманға ұсынды. Жаны жібектей нәзік лириктің құдіретті қаламынан туған шығармаларының бәрі осы төрт томдықта қамтылды деген күннің өзінде, Мұқағалидың артына қалдырған әдеби мұрасының көлемі 80 баспа табақтан асып түседі. Сонда жыр сүлейінің кем дегенде алпыс баспа табақтай шығармасы көзі тірісінде жарық көрмеген болып шығады. Тіпті одан да көп болуы әбден мүмкін. Ақынның қызы Шолпан жазушы, журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында жетпісінші жылдары әкесінің баспаға берген бір том өлеңдерінің ұшты-күйлі жоғалып, сол күйі табылмай кеткенін айтып берді. Сәті түсіп сөйлескен кезімде бұл деректі ұлы Жұлдыз да растады. Білсеңіз айтыңызшы, Мұқа­ғалимен бір дәуірде өмір сүрген ақын­дардың ішінде осыншама мол шығар­ма­сы көзі тірісінде жарық көрмеген кім­дер бар? Мұқағали Мақатаевтың 70 жылдығына орай іші-сырты әдемі безен­дірі­ліп, оқырман игілігіне айналған кі­тап­тарға жазған Бексұлтан ағамыздың алғы­сө­зінен ұққанымыз, бұл төрт томдық та ақынның артына аманат етіп қалдырған бүкіл шығармаларын толық қамти алмапты. «Қолымызға сан қилы себептермен түс­пей қалған, назарымыздан тыс қалған әлі де шығармалары, жазбалары табылып қа­лар. Оның әр сөзі әлдебір шындықтың бетін аша кетуі мүмкін. Мұқағалидың ақын­дығы, шығармашылық ғұмыры әлі жан-жақты зерттеле қойған жоқ, әлі тек ж­и­нақталуда».

Толық болмаса да ақынның негізгі шығармалары қамтылған төрт томдықтың қо­лымызға тигеніне де табаны күректей жи­ырма жыл өте шықты. Құдайға шүкір, тоқ­саныншы жылдардағы байтал тұрмақ бас қайғы болған, кітап оқымақ түгіл, та­ма­ғымызды таба алмай қиналып, «тар жол тайғақ кешкен» күндер артта қал­ды. 

Бүгінді таңда биліктің тесік қалтасы бү­­тінделіп, үкіметтің рухани салаға, оның ішін­де әдебиетке де көңіл бөліп, қам­қор­лық таныта бастағаны сөніп бара жат­қан үмітімізді қайта жаққандай болды. Ен­ді­гі жерде, кезінде жақсы басталып, қаржы тап­шылығының кесірінен орта жолда тұ­ра­­лап қалған Мұқағалитануға байланыс­ты жұмыстар қайта қолға алынып, қайта жан­­данса нұр үстіне нұр болар еді. Сенім күшті, рух мықты, ниет түзу болса, алын­бай­­тын қамал жоқ.

Ақын қайтыс болғаннан бері өткен жарты ғасырға таяу мезгіл ішінде Мұқағали шы­ғармашылығы жан-жақты сараланды ма? Андре Моруа, Стефан Цвейг, Ромен Ролландардың бар ынта-жігерін салып Байрон, Бальзак, Толстойлардың туын­дыларын талдаған еңбектеріндей құнд­ы кітаптар біздің әдебиетімізде Мұ­­қа­ғ­алиға байланысты жазылды ма? Иван Буниннің «Толстойдың азаттануы» сияқты өз ұстазын сағынып жазған эссе­сіндей шығармалар ақынның көзін көр­ген інілерінің қаламынан туды ма? Қырық бес жыл ішінде сахналанған бір-екі драмалық қойылымда Мұқағали бейнесі қан­шалықты жан-жақты ашылды? Өз ұл­тының әдебиетін халқына таныту үшін орыстың режиссерлары, сценаристері жылт ете қалған таланттарына дейін аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп, көркем фильм­­дерді айтпағанда, тұтас сериалдар тү­сі­ріп тастады. Ал біз биыл ғана, әйтеуір әупі­рімдеп жүріп, жазушы Жүсіпбек Қор­ғас­бектің жазған сценарийі бойынша Мұ­қа­ғали туралы әрең дегенде бір көркем фильм түсірдік-ау!

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді біз басқаларға қарағанда жиі айт­қанды ұнататын елміз. Жиі ауыз­ға ал­ғанымызбен, көп жағдайда біздің сө­зі­міз бен ісіміздің қабыспай жата­ты­ны өкінішті. Біздің бұл сөзімізді жү­ре­гіңізге ауыр ала көрмеңіз, бірақ, дәл қазақ­тардай көзі тірісінде арғымақтан гөрі мә­с­текті құрметтеп, өлгеннен кейін де ұлы талант­тардан халқының махаббатын қыз­­ға­нып, неше түрлі сөздердің қолам­та­сын қоз­ды­ра­тын басқа жұртты өз басым біл­мей­мін.

Зады, кез-келген елдің өз ұлтының ке­меңгеріне, ғұлама ғалымына, көрнекті қай­раткеріне, сыршыл суреткеріне, талантты ақынына көрсететін құрметіне қарап, сол халықтың мәдениетін байқап, зиялы қауымының ой-өресін танып, адам­гершілік парасатын бағалауға болады. Бальзак дүние салғандағы фран­цуз­дардың жүрегін жылатқан Гюгоның немесе Пушкиннің қайғылы қазасынан кейін бір­неше жылдан соң ел алдында сөйлеген Дос­тоевскийдің сөзін есіңізге түсі­ріп көрі­ңіз­ші. Данышпан Гюго «Бальзак ұлы­лар­дың – ең алғашқысы, таң­дау­лы­лардың – ең үздігі» десе, кемеңгер Достоевский орыстың ұлы ақынын әулиеге теңеп «Пуш­кин өзімен бірге о дүниеге ұлы жұм­бақты алып кетті» деген жоқ па еді. Мәдениеті биік елдердегі ұлы ақындардың бір-біріне көрсететін ілтипаты сүйсіндіріп қана қоймай, олардың мұрасын зерттеуге деген ықыласыңды, шығармаларын оқуға деген құштарлығыңды оятады. 

Құдайым-ау! Дәл бүгінгідей, ұсақ­талып кет­пей тұрғанымызда бізде де мұндай кісі­лік, кесек мінез болды ғой. Болды. «Қа­зақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы за­манда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» (Ахмет Байтұрсынов), «Мағжан – культурасы зор ақын» (Жүсіпбек Аймауытов), «Ат тұя­ғын тай басар деген сөз көркемөнер дү­ниесіне жүрмейді. Бұдан былай Мұх­тар­дың орнын өзінен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бізге орнын қал­­дырған жоқ» (Ғабит Мүсірепов) деп ұлы­ларымыздың даралығын жазбай та­ны­ған, қазақы болмысымыздағы Толы­бай сыншылықтың құдіреті қазір қайда кетті?

Ұлы ақынды қапысыз танып, шын бағасын бере білудің өзі ұлылық еке­нін біле тұрсақ та, «өзімен бірге о дү­ние­ге ұлы жұмбақты алып кеткен» Мұ­қа­ғ­­а­лиы­мыз тура­лы осындай пара­сатты сөзді айтуға тура келгенде, неге бүгін біз­дің кежегеміз кейін тарта береді? Неге бүгінгі біздің Мұқағали тура­лы сөзіміз ұлы ақынның арақ ішкенін өсек­­теп, ішкен-жегенін түгендеген, пен­де­шілік пыш-пыш әңгімелердің ауласынан ұзап кете алмай жүр? Құдай үшін, ай­ты­ңыз­шы неге?

Шын мәнісінде де Мұқағалидай құбы­­лыс­тың бағаланбауы, көлемі бір­неше том­нан асатын өлеңдерінің көзі тірісінде жа­рық көрмей, жібі түзу бір жыр жинағын шы­ғарып бере алмаған пендешілігіміз, жұ­­мыссыз қалдырып, шақшадай басын ш­а­радай етіп қойған осалдығымыз ақын өл­геннен кейін бізді ойландыруға, ұялтуға тиіс-тұғын. Бірақ бәрі керісінше болып, ұя­лудың орнына біз қазір «Мұқағали еш­кімнен қысым көрген жоқ, жағдайы жақ­сы болды, кітабы жыл сайын шығып тұрды» деген мағынадағы сөздің саумалын сапырып, ант-су ішіп ақталып жатырмыз. Шындығында да жағдайы жақсы болса, неге ол тіршіліктен түңіліп, ақыр соңында ауыр хәлін тәпіштеп түсіндіріп, шарасыздықтан Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевқа хат жазды. 

Тәуекелі сарқылып, жақсылықтың соң­ғы сәулесінен үміттенген Мұқағалидың өз ха­тында Қонаевтың алдында ақталуға ты­рыспай, өз бойындағы кемшіліктерді жасырмай баяндаған адалдығы сүйсін­ді­реді. «Мен өзімнің өзекті өртеген өкі­ніш­ті салдыр-салақ өмірім туралы, туған әдебиетке қалай келгенім туралы, он екі жыл бойы қазақ кеңес жырына не қос­қа­ным туралы, тіршілігімде (әйте­уір шы­ғар­машылық та емес) сүйінген және күйінген сәттерім туралы айтқым ке­ле­ді...». «1973 жылы оқығым келіп, тілек білдіргенімде Қазақстан Жазушылар ода­ғы мені Мәскеудегі Жоғары әдеби курс­қа жіберді, дегенмен кейбір өз басым­да­ғы жеке кемшіліктеріме байланысты оқуды жалғастыра алмадым...». «Бә­ріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де ба­рымды салып, еңбектендім. Бәрі­бір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт ет­кенде жағалаған жағымпаз достармен, дәл­дүріш ақындармен іше бастадым. Олар­дың ырқына қалай түскенімді бай­қа­май қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?! Бәл­кім, менің қамымды жегендер болған шы­ғар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұ­рып, әлденеге қорынатын болдым. Осын­дай сәттерде өз ойларыммен оңаша­да қалып, поэ­зия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының жанында тапжылмай отыр­дым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қа­рыз­дар болып қалғаным жоқ.»

Мұқағалидың бар қасіретін баяндап жазған хатынан ұққанымыз дер кезінде уа­қытылы жарна төлемегендіктен СОКП қа­тарынан шығып қалған. Әрине, дәл қазір біз­дің қоғамда партия қатарында бол­ған­ның, болмағанның еш маңызы жоқ. Ал Кеңес заманында партиядан шығарылу келешегіңді тас-талқан ететін – үлкен трагедия. Партия қатарында жоқ адамға жұрт қылмыскердей қарайтын.

Әңгімені рет-ретімен баяндайтын бол­сақ, осындай қиын жағдайға қалай ұшы­рағанын ақын өз хатында Қонаевқа со­қырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп береді. Елдің бірінші басшысын мазалап, ұзақ жылдар бойы жанын жегідей жеген уайым-қайғысын айтып хат жазуға ақын алғашқыда бата алмапты.

Хатының басында ол қарапайым шар­уа­­ның шаңырағында дүниеге келгенін тіл­ге тиек етіп, соғыс кезінде әулетінің қан­­дай қиыншылықты басынан кешкеніне қыс­­­қаша тоқталады. Әкесі 1942 жылы қан май­данда қаза тауып, артында кәрі ше­ше­сі, әйелі мен үш ұлы қалған.

Интернатта онжылдықты бітіргеннен кейін отбасының ауыр тұрмысы қолбай­лау болып, Мұқағали жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігінен айырылған. Қара ша­ңы­рақтың жалғыз тіреуі өзі бол­ған­дық­тан, амалсыздан түрлі қызметтерді атқа­рып, бірнеше жыл жеті жылдық мектепте ұс­таздық еткен. Үйленіп, балалы-шағалы бол­ған.

1962 жылы Мұқағалидың өмірінде тағ­­дырын тығырыққа тіреген жаңа қиын­дық­тар басталған. Аудандар қосылып, ақын туған ұжымшар екі шақырым жер­де­гі жаңа қонысқа көшіріледі. Өз үйіңді қи­ратып, жаңадан шаңырақ тұрғызу кім-кімге де оңай емес. Қолы ұзын емес, жағ­да­йы төмен жандарға екібастан.

Аудан іріленген соң біраз қызмет те қыс­қарып, Мұқағали жұмыссыз қала­ды. Қайтпек керек? Әйелі, төрт баласы, анасы мен інісін асыраудың қамын қа­рас­тырған болашақ ақын тәуекелдің ар­қа­нымен белін буып, астанаға аттаныпты. Отыз сомға қаладан бір бөлмені жалдап, тіршілік қамын жасауға кірісіп «Со­циалистік Қазақстан» газетіне әдеби қыз­меткер болып тұрады. Әйелі қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болса да мек­тептерден жұмыс табылмай қояды. Жа­лғыз адамның табысы жеті бірдей жан­ды асырауға жетпей, мұқтаждықтан Мұ­қа­ғалидың тұрмысы ауырлаған үстіне ауырлай береді.

Тіршіліктің тартқызған тауқыметі аздай, алтыншы сыныпта оқитын үлкен қызы апат­қа ұшырап қаза табады. Тағдырдың тәлкегі мұнымен де бітпей, бірінші мамыр мерекесі қарсаңында ауылына кетіп, үш күн кешіккені үшін ақынды жұмыстан шығарып жібереді. Басына бұрынғыдан да бетер ауыр күндер туған бейбақ ормандай теңселіп, не істерін білмей қапаланады.

«Социалистік Қазақстандай» бедел­ді басылымнан кеткеннен кейін қыз­мет­ке орналасу да оңай болмайды. Алайда, келе­шектен үмітін үзбеген ақын бо­йындағы Құдай берген қабілетіне сеніп, бір­жола шығармашылыққа ден қояды. Хал­қына бірнеше жыр жинағын ұсынып, Жазу­шы­лар одағына мүшелікке өтеді.

Бірінші басшыға жазған хатында ақын ке­зінде Жазушылар одағының аппара­тың­да да, "Жұлдыз" журналында да қыз­мет еткенімен, әріптестерінің қарым-қаты­насынан үнемі салқындық сезіп кел­генін жасырмай айтады. Хатының соңын «Ар­дақты Димаш аға! Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын бас­қа та­раптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмді жуып-шайып, өз ақы­мақ­тығымнан жоғалтқанымды қал­пы­на келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұр­­ғандаймын, құтқара көріңіз!» деген ая­­нышты түйінмен аяқтайды.

Мұқағалидың шарасыздықтан жазған соңғы хаты ақын тағдырының ауыр бол­ға­нын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұрған жоқ па? Соған қарамастан, әлі күнге дейін біздің оны мо­йындағымыз келмей, шындықты
мойын­даудан тайсақтай беретініміздің себебі не? Онда тұрған не бар? Адамзатты шығармаларына та­бын­дыр­ған, әлемнің ұлы ақындары Эмили Диккинсон, Эдгар По, Джон Китстердің таланты да өлгеннен кейін мойындалды емес пе? Ал біз қазақтар көзі тірісінде қай ақынымыздың қадірін біліп, талантын тамыршыдай тап басып, тани алып едік.

Бүгінгі таңда көп айтылып, жиі тал­қы­ланып, дау-дамайға ұласып, әдеби ор­таның қызығушылығын туғызып жат­қа­нына қарамастан, біздің ойымызша енді ондаған жылдардан кейін, Мұқағали мұ­ра­­сы жалғыз қазақтың ғана емес, Шекс­пир мен Байрондардың туындыларындай барша адамзаттың ортақ игілігіне ай­нал­ғанда, мұндай әңгімелердің маңызы бол­май қалады. Мысалы, біз, қарапайым адамдар Фирдоусидің «Шахнамасын» немесе Сервантестің «Дон Кихотын» сүй­сі­ніп оқығанымызда, екі ірі таланттың өз туындыларын қандай қиын жағдайда жү­ріп жазғанын мүлде есімізге алмаймыз да ғой. Дәл сол сияқты мемлекеттік қызметте жүріп, ғажайып дүниелер жазған Ге­тені біз «Жас Вертердің қасіреті», «Фауст», «Батыс-шығыс диваны» т.с.с. шы­­ғармалары арқылы қалай бағаласақ, ке­­лешекте Кекілбаевты тап солай билікке қыз­мет етіп, барақат тіршілік кешкеніне қарап емес, «Шыңырау», «Бәйгеторы», «Аңыздың ақыры» сияқты ғажайып туын­ды­­лары арқылы ғана бағалайтын бо­ламыз.

Пендешілік тірлікке қатысты дүние­лер­дің бәрін де уақыт тып-типыл етіп жойып жібереді. Бәрін де ұмытқызады. Мәртебелі уақыттың күші жетпейтін жал­ғыз құдірет бар, ол ақындық жүректен туған - ұлы шығармалар. Ендеше, қы­сыр сөзге құмартып, пендешілік арзан әңгімелерді алданышқа айналдыра бермей, ендігі жерде Мұқағалидың ұлы туындыларын талдаған ғылыми ең­бек­тердің, монографиялардың, кітап­тар­дың жазылуына жағдай жасап, кино­туын­дылардың түсірілуіне мүм­кін­дік туғызу қажет. Картиналар салы­нып, талан­тының күрделі табиғаты түр­лі қыры­нан зерттелген, ақындық болмы­сын­­дағы қайшылықтар жан-жақты ашыл­ған драмалық қойылымдар сахналанып, көре­р­мендердің өз Мұқағалиын табуына көмек­тесуіміз керек.

Әрине, Мұқағалидан абыздың, күрес­кер­дің, қайраткердің бейнесін сомдап тыраштанудың қажеті шамалы. Хан-Тә­ңі­рінің мұзбалағы ар алдында шынын ай­тып ақталғанда, өзін үнемі дар алдында тұрғандай сезініп, өз бойындағы кем­шіліктерді де жасырмай айта білген, жү­ре­гі таза - адал ақын.

 Өзімнен өзім аса алмай,

 Өзімді өзім баса алмай,

 Ауыздық салған асаудай,

 Барар жер, басар ізім жоқ,

 Бұғалықтан босанбай,

 Байлауда тұрам қашанғы-ай!

 

 Өзіммен өзім алысып,

 Болмайтын жерде қарысып,

 Жаны игі жақсы жандардың

 Жағасына жабысып,

 Жамандықпенен табысып,

 Жабыларменен жарысып,

 Секілді күндес абысын,

 Өләпат менің намысым.

 

 Өзімді-өзім танымай,

 Өзгеге көңіл жарымай,

 Жақсылығыма қорымай,

 Жамандығыма налымай,

 Тауыққа шашқан тарыдай

 Таусылар болды шаруа-ай!

 

 Өзіммен өзім жүз жыртып,

 Өзіме өзім мұз бүркіп,

 Өзімнен өскен палуанға

 Өз мойнымды үздіртіп,

 Табынтқан мені тағдыр-ай,

 Өзгеге көзді сүздіртіп!..

Жүрегінің инедейін таза еместігін жария еткен кемеңгер Абайдан кейін шын­дығын жасырмай айтып, өзін-өзі әшке­ре­леу­ден қорықпаған Мұқағалидан басқа қандай ақынды білесіз. 1972 жылы, яғни, қырықтың қырқасынан асқан шағында жыр алыбының жүрегінде туған осы өлең Мұ­қағалидың бойында ақындық қабі­лет­тен бөлек, әулиелік қасиеттердің де болғанын айғақтайды.

Әулиелік Құдайдың назары түскен адам­­дарға ғана қонады. Араб тілінен ен­ген сөздің мағынасы қасиетті деген ұғым­ды білдіреді. Бұл сөз Құран Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарыл­қаушы деген мәнде де кездеседі. Ал хадистерде жақын болу деген мағынада, яғни, Уәли - Аллаға жақын, дос, Алланың мейірі түскен деген ұғымда ұшырасады.

Бойында әулиелік қасиет бар тұлға жүрегін таза ұстап, өзгелерден гөрі өз бо­йын­дағы кемшіліктерге көбірек үңіліп үл­кен жаңалық ашады, Аллаға жақындай тү­сіп, мүлде басқа түрге енеді.

Қапелімде байқамай жүргемін бе?

Қанат бітіп келеді күннен-күнге.

Мына өмірден бір кетіп,

бір келдім бе?

Түсі бөлек баяғы гүлдердің де,

Кімдердің де, күн менен түндердің де.

Осы мен...

Әлде басқа түрге ендім бе?

 

Бал арадай шықпайтын айналамнан,

Бауыр, жолдас, дос,

құрбы қайда қалған?

Қысылтаяң кездерде пайдаланған,

Жоқты қуған қайдасың,

Қайран арман?

 

Армысың!

Есі дұрыс мият Күнім!

Өліп қайта тірілген сияқтымын.

Жарқын өмір, жан өмір, жасыл шуақ,

Алдарыңда сендердің ұяттымын...

 

Алып ұшып барады қанаттарым,

Күнді ұзатып, күтемін таң атқанын.

Дәл осындай сәтіңнен адастырма,

Адастырма, өтінем, жаратқаным!

 Әулие Пушкин сияқты Мұқағали да о дүниеге өзімен бірге ұлы жұмбақты алып кетті. Көңілімізге медеу тұтып, басы­мыз­ды дуалап, жанымызды сиқырлап тас­таған бұл жұмбақтың сырын біз әлі та­лай жылдар бойы шеше алмай талқы­лай­тын боламыз. Қазақтың қара өлеңін құдірет санап, әдебиет әлемінің аспанында жұлдызы ерекше жарқыраған Мұқағали поэзиясынан жалғыз біз ғана емес, өмірге келетін әлі талай ұрпақ рухани ләззат алады. Шамамыз жетіп, қолымыздан кел­­­генше өз үлесі­мізді қосып, негізін қа­лау­ға әрекет етіп жатқан ісіміздің аяқ­сыз қалмай, келешек­те Мұқағалитану ғы­лымының өрісі ұлғайып, сөз өнерінің сүбесі мол, соқталы саласына айналатынына сенімдімін.

Мұқағали поэзиясының жұмбағын ашқымыз келіп, жыр алыбының өлең кітаптарына қайта-қайта үңілгенімізде, біз тіпті, ұлы шайырымыздың Шекспир, Данте, Пушкин, Лермонтов, Есенин­дер­дің ақындық құдіреті жеткізе алмаған сөз­дерді айтып кеткенін оқып, қайран қал­дық.

Ойым бар менің,

Ойым бар менің ерекше.

Жақсылық жауып,

Дүниені мынау сел етсе,

Жауыздықтардың,

жамандықтардың барлығын

Көрге алып кетем керексе.

Жалғанға жақсылықтың жаңбырын жауғызу үшін, жауыздықтардың, жаман­дық­тардың барлығын о дүниеге өзімен бірге алып кетуге даяр екенін мәлімдеген сыршыл лирикті біз тіпті әлем әдебиетінен де кездестіре алмадық. Сондай-ақ:

Жер!

Сенің есігіңді қағып тұрмын,

Сен бесігім болмасаң, нағып тудым?!

Өз ұямды өзіме қимайсың ба,

Неге мұнша пендеңді сабылттырдың?!

Жер!

Сенің есігіңді қағып тұрмын!

 

Өтті менен,

Бәрі де өтті менен,

Ұлыңмын тілеуіңді көп тілеген.

Жер!

Менмін...Адаммын ғой...

Аясаңшы!

Адаммын,

Күнде сенің арқаңды тепкілеген.

 

Өзіңнің сәбиіңмін құндақтаған,

Түсіндім...

Сенсіз, Ана, күн жоқ маған..

Асылып жауыр қылған арқаңнан да

Қойының әлдеқайда қымбат маған! – деген мұңлы жырды да Мұқағалидан басқа ақын жаза алған емес.

 

Амангелді Кеңшілікұлы