АСПАНЫН ҰШАҚТАР ӨРНЕКТЕГЕН АНТАЛИЯ
Ақ теңіздің жағалауында жатып аспанға қарайсың. Анталия аспаны бейнебір ұшақтардың «күре жолына» айналып кеткендей. Көз ұшынан минөт сайын іркес-тіркес боп ұшып келе жатқан ақ қанат алып лайнерлер көрінеді. Біраздан соң кейбір елдің ұшақтарын, тіпті, «жыға танитын» боп алдық. «Мысалы, – дейсің жағажайдан аспанға қарап тұрып, – анау қып-қызыл бояумен көмкерілген түріктердің ұшағы...». Көз көргенді деректер де дәйектей түсті. Сөйтсек, Анталия, Кемер, Теккир, Сиде, Алания, Белек сияқты теңіз жағасындағы ғажайып қалаларға кеп демалуды ұйғарған туристерді құшағына толтырып алған ұшақтар мұнда минөт сайын қонады екен. Сәт сайын ұшып-қонып жатқан ұшақтар «тасқынына» төтеп беретін әуежайы да өте әлеуетті. Түркиядағы ең ірі және қазіргі заман талабына лайық бұл мекенжай бір жылда 150 мың ұшақ пен 25 миллионға дейін турист қабылдай алады. Теңізді кемерлеген кермек суға малтып, жағажайдағы табан күйдіретін ыстық құмға етпеттей жатқан туристердің түстері де, тілдері де сан алуан. Ресейден келген бір туристен «бауырым, бұл қай теңіз?» деп сұрадым. «Әрине, Жерорта теңізі» деді ол. Сұраған себебім түрік ағайындар Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі Балқан түбегі мен Кіші Азия және Крит аралы арасындағы жартылай тұйық суды Ege Denizi деп атайды екен. Бұл – Эгей теңізі деген сөз. Көне грек тілінде Эгей теңізі «эг» – су және «айгес» – толқын деген сөзден шыққан деген де болжам бар. Ал болғарлар «Бяло море» дейтін көрінеді. Шынында, жағажайдан қарағанда көкпеңбек боп толқып жататын ұлы су тау үстінен көз тастаған кезде әппақ ақ айдынға айналады. Күнге шағылысқан моп-момақан айдынның тереңдігі 200 метрден 1000 метрге дейін жетеді. Әйгілі «Титаниктің» сыңары атанған «Британник» кемесін жұмырына жұқ көрмей жұта салған да біз тамсанып отырған осы шалқар теңіз.ПАМУККАЛЕ – МАҚТАҚАЛА
Түріктерге тән демесеңіз, Ақ теңіздің айналасындағы тарихи жәдігерлердің көбісі ежелгі грек, көне рим, латын империясы, венециандар республикасы дей ма ау, әйтеуір бөгде жұрттың тарихына қатысты деректерге толы. Осман империясынан қалған белгілер де баршылық. Сондықтан бүгінгі Түркияны сан түрлі өркениеттер мәдениетінің алтын бесігі десек те болғандай.
«Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық». Соның бірі – Памуккале. Түрік тіліндегі «Памуккале» атауын қазақшаға аударсақ «Мақтақала» дегенді білдіреді. Көрген де арманда, көрмеген де арманда бұл «қала» – табиғат-ананың адамзат ұрпағына деген ғажайып тартуы. Табиғаттың өзі мүсіндеген мұндай «ғажап жерді», тіпті, бұрынғының ең қиялы жүйрік деген ағайынды Гриммдері де, бүгінгінің Джоан Роулингі де (атақты «Гарри Поттерің» авторы) ойлап таба алмас. Тіліміз жеткенше түсіндіріп көрейік. Қараған адамның көзін қарықтырардай аппақ зат – тау жартастарын жарып шыққан бұлақ суларының құрамындағы әктастардан пайда болған. Ешбір елде жоқ және өзінше бір әшекейлі бұл әлем Түркияның оңтүстік-батысындағы Денизли провинциясында орналасқан. Текпішек-текпішек боп жиналған фарфор ыдыстарды көз алдыңа әкелгендей ме қалай? Енді бірде ұлутасқа да ұқсап кетеді. Міне, осы аппақ «ыдыстарға» бұлақ суы ернеуінен толған кезде тіпті әдемі көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, Памуккале нағыз табиғат феномені. Өйткені мақтаға ұқсас аппақ дүние үстінде жалаңаяқ жүріп, ұлу тастардан әдейі қашап жасағандай табиғи қауашақтарға жиналған жылы суға шомылудан артық қандай ғанибет бар. Мұндай жердің жазушылар мен ақындарды, режиссерлер мен суретшілерді өзіне магнитше тартатыны тағы бар. Андрей Михалков-Кончаловский 1997 жылы Памуккаледе «Одиссея» телефильмінің кейбір эпизодтарын түсіріпті. Сондай-ақ, осы таңғажайып жерде 2012 жылы «Елес қуғыншы-2» (Призрачный гонщик-2) фильмі түсірілген.
Памуккаленің ғажайыптары сонау антикалық замандардан бері курорттық аймақ ретінде пайдаланылады екен. Ал 1988 жылы Памуккале мен оның іргесіндегі Иераполис қаласының қирандылары ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізіліпті.
КЛЕОПАТРА ХАУЫЗЫ
«Клеопатра патшаның хауызындағы минералды суға шомылған адам бойына ерекше күш-қуат алып, жасарады» деген аңыз бар екен. Аңыз тәмсілі бойынша бұл хауызға шомылған адам тәні мен жанына жайлы суды аңсап, қайта-қайта келгісі келіп тұрады. Хауыз суы жып-жылы, мөп-мөлдір, ал жер астынан үздіксіз шығып жатқан сумен бірге көтерілген мап-майда көпіршіктер джакузидің табиғи түрін көзге елестетеді. Клеопатра патшайым осы жып-жылы көпіршік суға шомылғанды ұнатыпты. Судың дәмі мен түсі «Нарзан» атты минералды суға да ұқсап кетеді. Әрине, ежелгі римдіктер салған бассейн мен оның жағасындағы колонналар шеруі қазір жоқ. Кейбір жерлерде қирандылары ғана қалған. Байқағанымыз, Клеопатра хауызы ежелгі Иераполис қаласының қасында орналасқан екен. Сол тұста римдіктер осы жерден термальный курорттың құрылысын салыпты.АМФИТЕАТРЛАР МЕКЕНІ
Анталияда жүрміз дегеніміз болмаса, көргеніміздің көбісі ежелгі грек ескерткіштері, естігеніміздің жартысы ежелгі грек тарихына қатысты деректер болды. Жалпы, Түркияның таулары мен бауларында, әсіресе, көне грек елінің өркениеті мен мәдениетінің бір белгісі – амфитеатрлардың қирандысы өте көп екен.
Мысалы, Памуккалеге жету үшін ежелгі Рим шаһарының салтанатты қақпасынан өтіп, сәнді соқпақтарымен келе жатқандай әсерде қалдық. «Анау-мынау емес, Клеопатраның өзі шомылған хауыз» атанған жылы бұлақтың маңында, мысалы, бір үлкен амфитеатр тұр. Оның кереметі – амфитеатрға жиналған 15 мың адамның әрқайсысы сонау төмендегі сахнада айтылған сөзді қай қатарда отырғанына қарамастан анық еститін болған. Міне, ежелгі сәулетшілер шеберлігінің құдіреті! Міне, білімдарлығының биігі! Өйткені көне заманның көмбесінен алынған дәлелдерде сол кездегі сәулетшілердің акустика, дыбыс, үн ағысын дөп басып, дәл болжағаны соншалықты қайран қалдырады.
ЖАРТАСТАҒЫ ҚАБІРЛЕР
Амфитеатрдың қасынан көне дәуірдегі Иераполис қаласының қирандыларын көруге болады. Ол жерде антикалық некрополь, рим қақпасы, Аполлон храмының үйінділері, сондай-ақ, көшелер мен колонналар қалдығы байқалады. Тарихшылар бұл қаланы 4000 жыл бұрын сала бастаған дейді. Ал біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда ол римдіктердің билігінде болған.
Театрдың қасындағы тау беткейлерінен жартастағы қабірлер көзге түседі. Ол да сән-салтанаты өзінше өрнектелген бір мекен. Есіктері мен терезелері бар қабірлерді жартастан қашап жасаған қалашық деп те қаласың. Өйткені ежелгі сәулетшілердің ғажайып өнері оны қабірден гөрі адамдар мекендеген үйлерге көбірек ұқсатады. Әуестік жеңіп, есігінен ішіне үңілгенбіз, сөйтсек, төбесі пәс, іші тар екен.
Бірақ ежелгі грек өркениетіндегі қайшылықтарға қайран қалудың да қажеті жоқ. Аузымыздың суы құрып әңгімелеген Клеопатра хауызының қасында антикалық әлемнің тағы бір кереметі – өлілер патшалығының «есігі» бар. Римдіктер өздерінің «Аид» деп аталатын аңызында бұл жерді Плутонның үңгірі деп атаған.
СУҒА БАТҚАН ШАҺАРНЕМЕСЕ ДЕМРЕ, МИРА, КЕКОВА ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Жолының ұзақтығы 11 сағатқа созылатын Демре қаласына бара жатқан жолда ежелгі Финикия мемлекетінің атымен аталатын қаланы басып өтесіз. Қала «бренді» апельсин. Көшелеріне алып құмыраның ескерткішін қойған. Жол ұзақ және таудан тауға асып, кейде құз жартастарды жағалап отырады. Тау үстінен Жерорта теңізінің алтын жағалауы көз арбайды. Қазіргі Демре қаласының орнында бұрын Мира атты қала болыпты. Ол Мира деген жабайы зәйтүн ағашының атынан пайда болған. Бірақ зілзала мен басқа да табиғи апаттардың салдарынан көне қала түгелдей су астына шөккен. Сөйтіп оның орнына жаңа қала Демре бой көтерген. Демре деген сөздің өзі Мира қаласының орнына салынған екінші қала деген мағына білдіреді. Түріктердің бір жақсы қасиеті діни жәдігерлерге келгенде өте төзімді екен. Жол-жөнекей Қасиетті Николайдың шіркеуіне алып барды. Бұл туристер өте көп келетін орын екен. Мысалы, шіркеу-жәдігер бір маусымда күн сайын туристерге толы 20 автобусты қабылдайды. Мира өзінің танымалдылығын христиан дінінің алғашқы кезеңінде қатты танытыпты. Сол кезде Еуропада Санта Клаус ретінде танымал болған Қасиетті Николай Мира қаласында өмір сүріп, жергілікті епископ болыпты. Осы қалада дүниеден өткен. Сондықтан Демрені «Санта Клаустың қаласы» деп атайды екен. Осы тарихты есте қалдыру үшін қойылған қызыл телпекті һәм қызыл шапанды Санта Клаустың ескерткішін де көрдік. Орыстар «Дед Мороз», қазақтар «Аяз ата» дейтін шалдың отаны бүгінгі Түркияның таулы аймағындағы ежелгі шаһар Демреде деп кім ойлаған. Қасиетті хауари Павел Римге бет алғанда осы Мира қаласында басқа хауарилермен кездескен дейді. Оның сүйегінің қаңқалары осыдан жүз жыл бұрын Қасиетті Николайдың шіркеуіндегі қабірден табылыпты. Сөйтіп ол Анталиядағы аймақтық мұражайға және Бариге жеткізілген. ІХ-Х ғасырларда Осман империясы флотының шабуылы кезінде шіркеуге айтарлықтай нұқсан келген. Бірақ ХІІ ғасырларда шіркеу қайта қалпына келтіріліпті. Ондағы фрескалар мен мозаикалар ХІІ ғасырларға жатады. Теңізге барып шомылмай қайту қандай өкінішті болса, катерге мініп, толқынмен жарыспау да өкініш. Ал Кекова қаласын көру үшін міндетті түрде кемеге міну керек. Кекова деген қала тектоникалық қозғалыстың салдарынан су астына кеткен. Оның үйлерден, қорғандардан, моншалардан, баспалдақтардан, антикалық қаланың тағы басқа да қалдықтары арал жағалауынан анық байқалады.НЕНІ ҮЙРЕНІП, ҚАНДАЙ ІСТІ ҚОЛҒА АЛАМЫЗ?
Көргенімізді айттық, енді көңілге түйгенімізді ортаға салсақ. Анталия, әрине, бүгінгі өркениеттің алтын бесігі. Бірақ оның «ескі қала» деп аталатын орталығы тарихи жәдігерлерге тұнып тұр. Туристер шоғырланатын жердің бірі де осы ара. Мұнда келген адам Осман империясы дәуіріне тап болғандай күй кешеді. Мұндай көңіл-күйге біз Бейжің қаласына барған кезде де тап болғанбыз. Қала ішінде «Көне Бейжің» деген қала бар екен. Ол туристерді өзінің тар көшелерімен, көне заманға ғана тән сауда-саттықтарымен, иіс-қоңысы мұрын жаратын қытай дәмдерімен қарсы алады. Дәл осындай көрініске Бакуге барғанда да куә болдық. «Қыз мұнарасы» деген жерде «Ескі Баку» деген қалашық бар. «Бриллиантты қол» атты фильмнің кейбір көріністері түсірілген тар көшелерді аралап, көне ғимараттарға сүйсініп қарасаң, қалпағың түсетін зәулім қорғандарға тәнті боласың. Ал біздің елдегі облыс орталықтарында осындай қала ішіндегі қалалар, яғни «қала-мұражайлар» бар ма? Әрине, «бар» деп айта алмаймыз. Бірақ «жоқ» болса, неге жасамасқа? Астанадай ару қаланы он-он бес жылдың ішінде тұрғызған елдің дәулеті үшін қала ішіндегі «көне қаланы» салу қиын шаруа боп па? Мысалы, еліміздегі ең көне шаһарлардың бірінен саналатын Тараздың ортасынан ойып тұрып осындай «Көне Тараз қаласын» салудың дәл қазір сәті түсіп тұр. Ол үшін ең алдымен бұрынғы базарды қала сыртына көшіру арқылы көне қаланың орнын босатып берген облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаевқа рахмет айту керек. Енді сол орын арқылы «Көне Тараз қаласының» өзіне ғана тән ескілікті архитектурасын әлемге танытып, тарихын төрткүл дүниеге паш ететін құрылыстың жобасын жасау ғана қалып тұрған сияқты. Тараз қаласына келген туристер «Көне Тараз» қаласының қорғандары мен қамалдарын, сауда-саттық орындарын, асханаларын, қолөнер бұйымдарын жасаушылардың шеберханаларын неге бір жерден тамашаламасқа?!. Дәл осындай «қала ішіндегі қаланы» Алматы қаласынан «Көне Алмалық», Шымкент қаласынан да «Көне Шымкент», Қызылорда қаласынан «Көне Ақмешіт», Түркістан қаласынан да «Көне Түркістан» деп (еліміздің басқа қалаларын да осы ретпен жалғастырып атай беруге болады) жасауға болмас па? Түркістан қаласының маңындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен қорғандар, мазарлар осы сөзіміздің айқын дәлелі емес пе?!. Өкінішке қарай, Түркістан қаласының мерейтойынан кейін осы бір мұнаралы маңғаз қалаға онша көңіл бөлінбей кетті ме, қалай?.. Түркияның тағы бір үйренетін жері – туристік қызметі екен. Сіз Анталияға келіп, қонақ үйге жайғасып жатқаннан кейін, Ыстамбұлға, Анкараға, тіпті, араб елдеріне апарып-әкелуге әзір туристік қызмет орындарын көресіз. Ал Анталия маңындағы он-он бір сағаттық жолы бар саяхат дегеніңіз тіпті де түк емес. Ал біз Алматыға келген еуропалық немесе америкалық, африкалық туристерді небәрі 500 шақырым жердегі Тараз қаласына алып келіп, ондағы Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі, Қали Жүніс моншасы сияқты тағы басқа да ежелгі сәулет өнерінің ескерткіштерін көрсетуді қиын санаймыз. Жолын алыс көреміз. Сол сияқты Астанаға аяқ басқан туристі Қарқаралыға, одан Жезқазғандағы Алаша хан мазарына, Домбуыл кесенесіне апаруды басы артық жұмыс көреміз. Алтай кереметтерін көрсетуді, тіпті, қиял санаймыз. «Керек болса өзі барсын» деп шалқаямыз. Ал Түркияда, яғни туристік қызметтен табыс тапқан елдердің ұл-қыздары мұндайда ешқашан есе жібермейді. Алысты – алыс, қиынды – қиын деп қабақ шытпайды. Қазақта «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы – жер аман, ел тыныш. Сондықтан айтылған осы ойлардың жүзеге асқанын мақтана сөз ететін күн де алыс емес шығар деп ойлаймыз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Тараз-Анталия-Тараз. Суреттерде: 1. Анталия. 2. Мирадағы амфитеатр. 3. Жартастағы қабірлер. 4. Памуккале.