Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2021

Батыр баба ізімен...

2348 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткеннен өнеге алмай келешекке керуен тарту мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бір тармағы «Ұлы даланың ұлы есімдерін» ұлықтауға арналғаны мәлім. Аталған жоба аясында ұлт тарихында есімі алтын әріппен қашалған Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығы қарсаңында танымдық экспедиция ұйымдастырылып, баһадүр басқан әр із ұрпақ жадында жаңғырды.

Батыр баба ізімен...

Баба салған сара жол кейінгілер үшін рухани азық, айнымас қазық бол­уы қажет. Тағылымы терең экспедиция ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай­ластырылды. Ел басына екіталай күн туғанда жауына жебедей атылған жаужүрек батырдың өмір өнегесі, жү­ріп өткен жолы ұлт тарихына өгей көзбен қарай алмайтын ұрпақ санасында тағы бір асқақтады. Құрамында тарихшылар мен тілшілер, еріктілер мен зиялы қауым өкілдері бар үркердей топ он күннен аса «Аягөз-Майлышат-Шорға» тарихи-танымдық экспедициясы жұмыстарын атқарды. Мазмұнды шараның өтуіне мұрындық болған «Ер Қаптағай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Құсман Шалабаев Қабанбай батырдың қаһармандық тарихын зерттеу, зерделеу және оны насихаттау арқылы жастарды отансүйгіштікке баулуды мақсат тұтқандарын айтады.

«Осы сапарда экспедицияға қаты­су­шы­лар мыңдаған шақырым жол жүрді. Сапар ел тарихында ерекше маңызға ие, алайда бағытымыз жүйелі зерттелмеген шайқас орындарын барлауға бағытталды. Алдымен Қасабай батыр кесенесіне ат басын бұрдық. Киелі жерде киіз үй тігіліп, батыр бабалардың рухына арнап құран бағышталды. Мұнда 1757 жылы Абылай хан бастаған қазақ батырлары қазақ, қалмақ және қытай үшжақты «Мамырсу бітімін» жасаған. Қазіргі уақытта дәл осы тарихи орында Қаракерей Қасабай батырдың кесенесі тұр. Осы жерде батыр бабалар рухына арналып құрбандық шалынды. Одан кейін батысқа қарай 27 шақырым жол жүріп, Аягөз өзеніне құятын «Батпақ су» өзеніне бет түзедік. Осы маң 1757 жылы Абылай хан үш жүздің батырларымен келіп шатыр тіккен және Қытай мәнжу-цин қолбасшысы Фу Дэ арасында келісім жасаған тарихи орын ретінде бағалы. Одан әрі «Батпақ су» жеріне барып, Бозай ауылының маңына қарай Мамырсудан 53 шақырым жердегі үлкен Сақ қорғандарымен қауыштық. Өкінішке қарай, сақ патшалары қорғандарының басым бөлігі қазылған және тоналған. Келешекте бұл мекен археологтер үшін айрықша көңіл бөлерлік орын екен деген ойға келдік. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Нау­рыз­бай, Саурық, Райымбек сынды ел үшін туған ерлердің, күллі қазаққа ортақ қаһар­ман­дардың есімдері, ерлігі үнемі айтылып жүр­се ұрпағымыз ұсақталмайды. Біздің бас­ты мақсатымыз да осы», дейді Құсман Шалабаев.

Экспедиция құрамындағы ғалымдар Отан тарихында ойып орын алатын киелі жер­лерге зерттеу жүргізіліп, арнайы де­рек­ті фильм түсірілгенін мәлімдеді. Айту­ларынша, аталған зерттеулер келешекте жарық көретін ғылыми-зерттеу кітаптарда және Өлкетану оқулықтарында тың мәлімет ретінде өріс таппақ. Әсіресе өлке тарихын бес саусағындай білетін көнекөз қариялардың аузынан жазылып алынған дүниелер таптырмас тарихи деректерге айналып отыр. Тарихшы-ғалым Қанат Еңсенов тарихи-танымдық экспедиция жұмысының нәтижесінде Өлкетану бағытын дамытуды қолға алып, тарихи орындарды нақтылап, жас ұрпақты киелі орындармен таныстыруымыз керек деп есептейді.

«Қазақ-жоңғар арасында 1718 жылы болған Аягөз шайқасы өткен тарихи орын Қарауылтөбеге шықтық. Қиян-кескі шайқастың тарихы туралы Мамырсу ауылының ақсақалы Есалы Утепов сұхбат беріп, ұрыс өткен жердегі «Қарауылтөбеге» жол бастап барды. Аягөз ауданына қарасты Шыңқожа және Ақшәулі ауылдарына да аялдадық. Қазіргі Шыңқожа ауылы қазақ тарихындағы айтулы батыр Шыңқожаның есімімен аталады. Шыңқожа батыр кезінде Қабанбай батырмен үзеңгілесе жүріп, Қазақ жерін азат етуге атсалысқан тұлға. Бізді құшақ аша қарсы алған тарихы терең Ақшәулі ауылында да киелі орындар көп. Ал, экспедиция мүшелері Аягөз ауданы Тарбағатай ауылына келгенде оңтүстікке қарай жеті шақырымда жерленген Қабанбайұлы Әлі батырдың (1727-1797 жж.) бейітіне зиярат жасалды. Мұнда мәңгілік дамыл тапқан Әлі ер Қабанбайдың жетінші ұлы. Сарыарқа ауылының маңындағы «Борлы көлін», Тарбағатай ауданы бағытында жол жүріп, Қызылкесік ауылынан өтіп, Ырғызбай Досқанаұлы әулие кесенесіне келдік. Тарбағатай ауданы Қызылкесік ауылдық округінің жеріндегі «Майлышат», «Боранбай шаты», «Қабанбай шаты» және «Бөгенбай шаты» деп аталатын төрт қолбасшының әскерімен бекінген тарихи орындардың да мәні ерек. Бұл шайқастар шамамен 1754-1755 жылдары болған. Осы төрт шаттың ішінде ең көп аталатыны «Майлышат». Себебі бұл жерде қазақ-жоңғар шайқасында Садыр Майлы батыр әскерімен бекінген және жорыққа дайындалған. «Майлышат» тарихи орны жол бойында тұр», дейді тарихи-танымдық экспедицияның ғы­лы­ми жетекшісі, тарих ғылымдарының кан­дидаты Қанат Еңсенов.

Экспедицияның ғылыми жетекшісі Ақжар ауылының оңтүстік-батысынан 10 шақырым жерде орналасқан «Әмірсана бекінісі», бұрынғы қариялар «Әмірсана жамбылы» деп айтып жүрген тарихи орынға арнайы барғандарын, мұнда кезінде Жоңғарияның соңғы билеушісі Әмірсана бекініс салып тұрғандығын айтады. «Қазіргі уақытта қамал қабырғалары мүжілген және отырған. Бекініс ұзындығы – 120 метр, ені – 110 метр және қамал қабырғасы 1 метрден артық. Шығыс жағында 7 метр қақпасы болған. Шамамен кезінде бекініс қабырғалары 4 метр, төрт қарауыл мұнаралары 7-8 метр шамасында болғанға ұқсайды. Осы жерде Қабанбай ауылының тұрғыны 77 жастағы қария Жеңіс Бопырбаев «Әмірсана бекінісі» туралы сұхбат берді», дейді қабанбайтанушы ғалым.

Тағылымы ерек сапарда саяхатшы топ ерекше тоқталған орын Ырғызбай әулие кесенесі. Жасынан қасиет қонған ол дәрілік шөптерді танып, денесін дерт дендеген талай жанды аяққа тұрғызған әулие кісі болыпты. Пайғамбар жасында өмірден өткен оның есімі қалың елге тегіс таралған. Зайсан мен Ақсуаттың жол айрығында орын тепкен Боғас бекетінде Қаракерей Қабанбай батырға салынған ескерткіш кешен бар. Зайсан мен Ақжар бағытында алдыңыздан Ақмектеп ауы­лы шығады. Дәл сол жерден Шорға жазығы басталса керек. Ғалымдар кезінде Қабанбай батырдың үндеуімен үш жүздің жаужүрек батырлары және Абылай хан, Бұқар жырау, Ақтамберді және Үмбетей жыраулар қатысқан тарихтағы 80 күндік Шорға шайқасы осы жерден басталғанын айтады.

Батырлардың жорық жолын зерттеген экспедицияшылар аңдаған бір жайт, шайқас орындарынан батыр баба­лар­дың бірлігі мен ынтымағы анық бай­қалған. Айталық, Отан қорғау жолында қаза болған жауынгерлердің қорым­да­рын­да үш жүздің ру таңбалары қатар бедер­ле­ніп­ті.

Есімі – елге мұра, ұрпаққа ұран болған тарихи тұлға Қабанбайдың ғана емес, өз заманында өрелі өнегесімен жұрт жадында қалған жандардың һәм киелі орындардың қасиетін, тарихын зерделеуге бағытталған жобаның ауқымы кең. Іс-шараны қар­жы­лай қолдап әрі саяхатшы топқа рухани жол­басшы болған идея авторы Құсман Кәрімұлы – бұл ең алдымен бабалар аманаты, одан кейін ұрпақ алдындағы борышымыз, деген пікірін жеткізді. Ол өз кезегінде тағылымды істе ынтымақ танытып жобаның жоғары деңгейде өтуіне үн қосқан Амалбек Тшанов, Нұрланбек Тоқтабаев, Мақсұт Қалажанов, Данияр Қасқарауов, Аманғазы Шегиров, Оралбек Жақиянов, Мақсұт Болатұлы, Жамбыл Жұманбаев, Мұхтарбек Кәрімов, Еркін Әлімқұлов және тағы басқа да ел азаматтарына алғысын білдірді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар кең ауқымда жалғасын тауып, өрісін кеңейте бермек.