Бизнес • 13 Қыркүйек, 2021

Екі жаңа өнеркәсіп паркі іске қосылады

622 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2021 жылдың қыркүйегінде Ala Estate және ADS Industries жаңа өнеркәсіптік парктері іске қо­сы­ла­ды деп күтілуде. Бұл туралы Алматы қа­ласында өткен шағын өнеркәсіптік парктер бағдарламасын (Almaty Business-2025 кәсіп­кер­лікті дамытудың Өңірлік бағдарламасын іске асыру шең­бе­рін­де) дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте бел­гілі болды.

Екі жаңа өнеркәсіп паркі іске қосылады

Іс-шараға Алматы қала­сы­ның стратегиялық жос­парлау, бюджет және тиім­ді­лік жөніндегі тұрақты ко­мис­сиясының төрағасы, «Ал­маты» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Білісбеков, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев, Алматы Индустриялық ай­ма­ғының өкілдері және AlaEstate, ADS Industries, Asia Prom Textile, CityBus, KazStroyTrade ЖШС шағын өнеркәсіп парктерінің басшылары қатысты. Жиында шағын өнеркәсіп парктерінің өкілдері қаланың шағын бизнесті қол­дау жөніндегі әлеуметтік жо­басының үлкен пайдасын атап өтіп, одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтты және өзекті сұрақтарға жауап алды.

«Егер бұрын бизнес-қо­ғам­дастықта шағын өнер­кә­сіптік парктердің дамуына күмәнмен қа­рай­тын болса, қазір пандемия кезінде де осындай парктердің құрылысына үлкен сұраныс байқалады, деді А.Білісбеков кеңес қорытындысы бойынша. – Біз Алматы қаласының ӘКК аясында Almaty Business-2025 бағдарламасы бойынша инвесторлар үшін шағын өнер­кә­сіптік парктер салуға 6%-бен жеке несие желісін бөлдік, лимитті 300-ден 500 млн теңгеге дейін арттырдық және бұл бағдарламаның бүгінгі әлеуеті зор. Қазір осындай 5 парк салынып жатыр, жақын арада оның үшеуі іске қосылады деп күтілуде. Алматы қаласында тағы 4 шағын өнеркәсіп пар­кі жұмыс істейді, келесі жылы қосымша 2 парктің іске қо­сыл­уын күтеміз. Таяудағы 2-3 жылда біз 20-ға жуық өнеркәсіптік парктерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 8 шағын өнеркәсіптік паркте онда жұмыс істегісі келетін резиденттердің тұтас кезегі бар».

Айта кетейік, бүгінде Ал­ма­тыда 14 шағын өнеркә­сіп­тік парк жұмыс істейді, оның 5-і Наурызбай, Түрксіб және Алатау аудандарында («БротМастер» ЖШС, Ala Estate ЖШС, Samruk Group ЖШС, CityBus ЖШС, AsiaProm Textile ЖШС). Жұмыс істеп тұрған өндірістік үй-жайлардың жалпы ауданы 17 435 шаршы метрді құрайды, инвестициялардың жалпы сомасы – 1 млрд 220 млн тең­ге. Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың аумағында бүгінде 6 шағын өнеркәсіп паркі салынуда (Ala Estate ЖШС, ADS Industries ЖШС, KazStroyTrade ЖШС, D&J Investments & Logistic ЖШС, Qazaq Plast ЖШС, «Алтын Дәурен Бизнес» ЖШС).

«Біз әртүрлі мәселені тал­қылау үшін шағын өнер­кәсіптік парктердің басшы­лығымен үнемі кездесіп тұруға тырысамыз және олардың жұмысын одан әрі жетілдіру, парктерді тартымды ету, жақ­сы жағдай жасау туралы кө­бірек ұсыныс пайда болады. Алматы әкімдігімен бірге оларды қолдауға дайынбыз», деп түйіндеді А.Білісбеков.

Сондай-ақ Алматы Индус­триялық аймағының аумағында тағы 3 жаңа шағын өнеркәсіптік парктің құрылысы мақұлданды. 2021 жылғы 16 маусымда ша­ғын өнеркәсіптік парктерді құру және олардың жұмыс істеуі жөніндегі Комиссия ма­құлдаған инвестициялардың жалпы сомасы 550-ден астам жаңа жұмыс орнын құ­румен 2,05 млрд теңгені құ­райды (Nurpak ЖШС, «Пром­парк» ЖШС, Mirus Com­pany ЖШС). Бүгінде компаниялар ЖСҚ әзірлеуді бастау үшін Өңірлік үйлестіру кеңесінің (ӨҮК) оң шешімін күтуде.

Шағын өнеркәсіптік парктер – Алматы қаласы әкімдігінің мегаполис шетіндегі (Наурызбай, Алатау, Түрксіб аудандарында) шағын бизнесті дамыту жөніндегі әлеуметтік жобасы. Өнеркәсіптік парктерде коммуникациялары жүргізілген үй-жайлар шағын бизнеске жеңілдікті шарттармен жалға беріледі. Процестің операторы – бизнес-қоғамдастыққа әкімшілік қолдау көрсететін «Алматы» ӘКК» АҚ. Өндірістік үй-жайлар қала шегінде инвесторлармен немесе өндірістік базалардың иелерімен салынады.