Экономика • 13 Қыркүйек, 2021

Мал экспорты тиімсіз

361 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Пандемия жағдайындағы экспорттық шектеу инвестициялық климатқа қалай әсер етеді? Бұл мәселе қазір әлем елдерін алаңдатып отыр. Алпауыт мемлекеттер шикізат кені деп табылған елдердің нарығынан айырылғысы келмесе, екінші ел ескі сүрлеумен жүргісі келмейтінін байқатты.

Мал экспорты тиімсіз

Жыл басында Қазақстан металл сынықтары нарығын реттеуге ерекше назар аударды. Беларусьте сынықтарды экспорттау үшін Үкіметтің арнайы рұқсатын алу керек, ал Армения мен Қырғызстан металл сынықтарын жарты жылға шығаруға тыйым салды. Еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ішкі нарықта тапшылық туындаса, нарықты теңестіруге шешім қабылданатынын, өзге әріптес елдер бұл шешімге түсіністікпен қарауға тиіс екенін ашық айтып, қазақ жеріндегі сынық темірге дейін сыпырып алып кетуге да­йын тұрғандардың кеудесін басып, ұпайымызды теңестірген. Бүгінгі жағдай да осыған ұқсас болып тұр. Бірақ бұл жолғы мәселе темірге емес, мал экспортына қатысты. Еліміздің батыс өңірлерінде қуаңшылық басталғаннан сарапшылар ірілі-ұсақты мал басын экспортқа шығаруға шектеу қою керек дегенді айта бастады. Б.Сұлтанов елімізде мал еті өнім­дерінің тапшылығы болған жағдайда экспорттық шектеу мәселе­сі қаралуы мүмкін екені, шетелге ет тасымалын толық тоқтату күн тәр­тібінде қарастырылмағанын айтып, сабырға шақырды. Министр­дің айтуынша, бірінші кезекте ішкі нарықтың қажеттілігіне басымдық беру, экспортты қолдау керек. Себе­бі мал, ет өнімдерінің экспорты ғана валюталық кірісті қамтиды, бұл фермерлерге жақсы табыс көзі.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметі бойынша 2019 жылы Қазақстан сыртқа 156 мың бас ірі қара малды тірідей жө­нелткен. Түркістан облысы – 99 мың, Батыс Қазақстан – 26 мың, ал Ақтөбе облысы 9 мың бас ірі қара сатты. Экспорттың басым бөлігі – 122 мың мал басын Өзбекстан сатып алған. Мамандардың сөзіне ден қойсақ, Өзбекстанда ірі қара мал импортының 90 па­йызы етке өткізілмейді, одан әрі бағуға жіберіледі. Сондықтан өзбек ағайындар соңғы бес-алты жылда ұрықтандыруға болатын репродуктивті жастағы мал басын сатып алуға басымдық бере бастапты. Сырттан келген импорт малды баж салығынан босатып, әрбір ірі қара мал басына шамамен 250-300 доллар субсидия беріледі. Қазіргі қордаланып қалған проблеманың бәрі мал басының амандығына тәуелді болып қалды. Ел ішінде «Мал басы азайды, алдағы қыста жағдай қалай болады?» деген алаң бар. Елімізде 2019 жылдың тамыз айынан бастап, бұзау экспортына тыйым салды, ал 2020 жылдың қаңтарынан малды әкетуге толық тыйым салды. Өйткені кейбір пысықай саудагерлер аналық малды жалған құжат жасап немесе қажетті ветеринарлық анықтама сатып алып, шетел асырып жіберетіні белгілі болды. Фермерлерді тірі салмағының әр килосы үшін 200 теңге субсидия алу қызықтырған. Яғни бұқа үшін шамамен 70 мың теңге алған. Ет комбинаттарына мал тапсыру үшін субсидия берілмегендіктен шұжық пен ет өнімдері шикізатын импорт ретінде сатып алып келді. Етті шетелге тиынға сатып, есесіне шұжықты валюта бағамымен сатып алдық. Енді фермерлердің ет комбинатына мал тапсыруды субсидиялау ережесінің жаңа тармағы күшіне енді. Осы уақытқа дейін субсидия тек бордақылауға тапсырылған кезде төленетін. Осылайша, нарықтағы тепе-теңдік қалпына келтірілді, яғни мал бордақылаушылар мен қайта өңдеушілердің мүмкіндіктері теңестіріліп, нәтижесінде малды тірідей сату азайды. Ал екінші тарап алдағы қыстың жайын, келер жаздың қамын ойлап, жағдай рет­телгенше экспортқа шектеу қойсақ деп отыр. Бұл ұсынысты жақтайтындар мал экспор­тына квота арқылы шектеу қойма­сақ, мал басынан айырылып қала­тынымызды ашық айта бастады. Осы сала мамандарының айтуынша, тек соңғы он шақты жылдың бедерінде мал басы көбейе бастаған. Мал экспортына шектеу қойсақ, осы жазда қуаңшылықта шығын болған мал басының орнын бірер жылда-ақ толтырып алады екенбіз.

Қазақстанның қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төр­ағасы А.Садырбаев шілде айын­да Үкіметке ұсақ малдың экс­портына толық тыйым салу керек деген ұсыныспен шықты. А.Садырбаевпен қайыра хабарласып, Үкімет бұл ұсынысты қаперге алғанын, ведомствоаралық комиссия күзге дейін қой экспортына квота беру механизмін саралап, қолдағы қойдың 10 пайызын ғана экспортқа шығаруға шешім шығарғанын білдік. Бұл шешім аман қалған аналық мал басын сақтап қалу үшін қабылданыпты. «Вице-премьер Әлихан Смаилов жүргізген ведомствоаралық жиынға мен де қатыстым. Жиын қортындысы толық шектеу болмаса да квота арқылы мал шығаруға шешім қабылданды. Ал ҚХР немесе басқа елдер алдындағы ел экспорты бойын­ша міндеттемелерімізге бұл ше­шімнің қажеті жоқ. Басқаша айт­қанда, ет экспорты жалғаса бере­ді», дейді А.Садырбаев. Қой экс­портының квотасы қолдағы мал­­дың 10 пайызынан аспауы тиіс. Бұл мөлшерден асып кетсе, ел­­дің азық-түлік қауіпсіздігіне, мал ба­сының көрсеткішіне сызат түседі.

Осыған дейін еліміздің батыс аймағы, берісі Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы мал басы жем-шөптің жоқтығынан Өзбекстанға арзан бағаға сатылып жатыр деген ақпарат жиі жариялана бастаған. А.Садырбаев айтып өткендей, бұл ресми емес ақпарат болғандықтан ол жиында қаралмаған. «Бірақ осы шешім аясында Өзбекстанға немесе Қырғызстанға көлеңкелі жолмен сатылып жатқан мал экспортына шектеу туралы мәселені көтеруге болады. Өзбекстан біз үшін тиімді нарық емес, бұл ел біз­ден ет қана емес, мал импорт­тауға мүдделі. Олардың міндеті – жеке отарын көбейту. КСРО кезін­де Қазақстанда 36 млн бас қой бол­ған кезде Өзбекстанда 12 млн еді. Арада 30 жылдан кейін жағдай мүлде керісінше өзгер­ді: қазір Өзбекстандағы қой саны 30 млн-ға жетті. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінен мал басына экспортқа тыйым салу саясатын жалғастыруын қалаймыз. Мал­ды контрабандалық жолмен алып кетпеу үшін оның сыртқа шығарылуын бақылау қажет», дейді А.Садырбаев.

Спикермен әңгіме барысында анықтағанымыздай, батыс аймақ­тардан басталған қуаңшылық­тың зардабы еліміздің барлық аума­ғында байқала бастаған. Ал Үкі­меттің шешімі әзірге талқылану немесе зерттеу деңгейінен әрі асқан жоқ. «Тіпті кейбір аймақтарда мемлекет қорынан бөлініп жатқан қаржы тиісті тетіктерге жетіп жат­қан жоқ. Қимыл да, шешім қабыл­дау да баяу. Қысқасы, Үкіметтің қуаңшылық зардабын тамырландырып алмауға бағытталған шеші­міне көңіліміз толмай отыр. Экс­порттық шектеу туралы мәселені жалғыз қоймен шектеп қалуға бол­май­тыны түсінікті», дейді А.Са­дырбаев.

Сарапшылар экспорттық шектеу мәселесі әлемдік тәжірибеде бар екенін айтады. Кейбір бағыт­тар бойынша экспортқа тыйым салу ішкі нарыққа бір тыныстап алуға, терең өңдеу тәжірибесін қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді. Ресми мәліметке сүйенсек, еттің бағасы біздің елде ғана арзан. Қытайда 1 кило еттің бағасы біз­дің ақшамен 7-15 мың теңге, ал араб елдерінде 50-80 долларға саты­лады. Алыс-жақын көршілер бұ­рын­ғыдай мал етін ғана емес, малға да көз сала бастады. Олар­­ға өз жерінде мал басын кө­бей­ту үшін мал экспорты қажет.

Қазақстандағы EXANTE ха­лық­аралық инвестициялық компа­ниясының талдаушысы Андрей Чеботарев кез келген бағытта­ғы экспорттық шектеу туралы ше­шім­дердің екіжақты әсері барын айтады: баға төмендейді, ішкі нарық­тың күре тамырына қан жүгіреді. Бұл ретте экспорттың салалық ерек­шеліктеріне назар аудармаса болмайды. Мүлт кетсек, жүйеленіп қалған келісімшарттар тізбегі үзі­ліп, мемлекеттің экспорттық әлеуетіне сызат түседі. «Бұл жерде экспорттық шектеудің мүлдем қажеті жоқ деуден аулақпын. Бірақ мұндай жағдайда шектеудің кез келген түрі инвесторлармен келісе отырып қабылдануы керек. Біздің елдің шетелдік инвесторлармен қандай шарттармен келісімшартқа отырғанын білмейміз. Көрші Ресей де экспорттық шектеу, экспорттық салықты көтеру туралы шешімді аз ғана уақытқа қабылдады. Бұл шешімнің бюджетке әсері аз екені белгілі. Бірақ шетелдік нарық алдында инвестициялық артықшылықтарымызға кері әсер ететіні сөзсіз. Біздегі логистикалық жүйенің күрделі екенін және мұхитқа шығар мүмкіндігіміздің де шектеулі екенін ұмытуға болмайды», дейді сарапшы.

Экспорттық шектеулер туралы сөз болғанда импортты алмас­тыру мәселесі алдан шығатынын айтқан сарапшы кейбір аймақтарда тауарларды импорттау өзімізде өндіруге қарағанда арзанға түсетінін, инвестициялық ахуалға кері әсер ететінін ескертіп өтті. Сарапшылар экспорттық шектеу қатып қалған қамал емес екенін, оны қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу арқылы жұмсартуға болатынын жиі айтады. Экономист Тоқтар Есіркепов 1990 жылдары қол қойылып кеткен біраз келісімнің кей тұсын өзгертуге, жұмсартуға қол жеткізгенімізді айтты. Қазіргі тренд мал экспортына шектеу қоюға бағытталып тұр. Бұл ретте қолдағы малдың 10 пайызын экспорттау туралы шешімді дұрыс қабылдағанын айтқан сарапшы жан-жағымыздың бәрі қазақтың малына қызығып отыр деген қиялға сеніп қалуға болмайтынын ескертті. Тек қана қой малы басын 30 млн-ға жеткізген, Қазақстаннан мал басын экспорттауды жалғастырып отырған Өзбекстан алдағы бірер жылда әлемдік нарықтағы басты бәсекелесімізге айналуы мүмкін. «Бізге қазір экспорт пен импорт арасындағы теңгерімді сақтап қалу, экспорттық бағыттан айрылып қалмау маңызды. Мүлт кетсек, отандық фермерлердің шетелдерге шығу мүмкіндігінен айырылып қаламыз», дейді Т.Есіркепов.

Минералды ресурстар экспортына қарағанда, ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы келісімдердің жарасы жеңіл. Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі инвестор – мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор. Демек, бұл бағытта шетелдік инвесторларға тәуелді емеспіз. Сарапшы нақтылап өткендей, ауыл шаруашылығы секторы ұлттық инвесторларды қалыпастыратын мектеп болуы, ұлттық инвес­тор­ларының біразы ауыл шаруа­шылығы секторынан шыққан Ресей немесе ҚХР үлгісі бізге ой салуы тиіс еді. Бұл елдерде ауыл шаруашылығы өнімдері экспортынан түскен валюталық түсім бірінші кезекте ауыл шаруашылығына инвестиция ретінде құйылады. «Қазақстан – әлемге минералды ресурстар ғана емес, астық экспортері ретінде де танылған ел. Алғашқысы шетелдіктердің бақылауында болғандықтан валюталық түсім қайда кетіп жатқанын ашық талап ете алмай, тіліміз байланып отыр. Ал астық экспортерлерінің басым көпшілігі өз ішімізден шыққан азаматтар, өзіміздің қалталылар. Бидай экспортынан түскен валюталық түсімнің қайда жұмсалатыны туралы ашық дерекөздерде айтылмайды. Ел ішінде бұл түсімнің 90 пайызы офшорға кетеді деген мәліметтер бар. Астық монополистеріне ауыл шаруашылығы саласына инвестор болу талабын да ашық айтатын кез келді. Олар мал етінен, бидайдан дайындалатын жоғары технологияны елге әкелсін, мамандарды дайындап, 30 жыл бойы офшорда тыққан қаржыларын айналымға жіберсін. Бізде сауда саясаты жоқ. Сауданы алға ілгерілету, қорғау жағына мән берілмегендіктен ши­кізат экспортерлерінің валюталық түсімдерін ішкі нарыққа айна­лымға жіберу мүмкіндігін уыс­тан шығарып алдық. Үкімет ұзақ жылдарға дейін бұл қаржыны мүлдем ескергісі келмейтін кейіп танытып келді. Енді «бұл ойынды» жалғастыра беруге болмайды. Экспорттық валюталық түсімнің қайда барып «қонақтайтыны» Мем­лекет басшысының бақы­лауында болуы тиіс», деп түйіндеді Т.Есіркепов.