Әдебиет • 13 Қыркүйек, 2021

Жырдың күйі

403 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақта жырдың күйіндей деген сөз бар. Әңгімені жырдың күйіндей қылып жеткізетіндер болады. Ақ тазының алғанын айтып қоя салмай, әуелі қара тазының шалғанын, сол уақытта желдің қалай соғып, жалт бұрылғанда тымағының қисайып бара жатқанын, оны түзей бергенде ер-тоқымы ауып, аттан түсіп қала жаздап зорға түзеліп, міңгі торының жуастығынан аман қалғанын, жынды торы болғанда құлап мертігіп, не жаяу жете алмай қиырда қаларын бір қаперге салып өтіп, әйтеуір сөйтіп жүргенде ақ тазының түлкіні аузына түсіргенін әсірелеп айтқанда, аузыңның суын құртып қояды. Аз ғана дүниені жырдың күйіндей қылады. Бұлай әсірелеп сөйлеудің жақсы, жамандығы бөлек әңгіме.

Жырдың күйі

Коллажды жасаған: Амангелді Қияс

Бұл жерде сөздің тоқ етері – толғатып туған жыр өз күйімен туатындығында. Оның сөзі де, мақам, мәнері мен күйі де, бәрі-бәрі жетіліп, төрт аяғын тең басып түсе қалатындығында. Оған ән жазып әуре болудың өзі ақымақтық сияқты, бір қарағанда, әрине. Дүниеге әуезімен, ішкі ырғақ, әуенімен келеді. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиген» төрт-бес шумақты бір-ақ ауыз сөзге сыйдырып, туынды дейтіні сондықтан болуы керек. Көктен құйылып, сорғалап тұра ма, жоқ, тербеліп баяу сырғи ма, әңгіме онда емес. Жүректегіні жүрекке жалғайтын музыкасы бар-жоғында. Олай болмаса, өлең деудің өзі қиынға соғатын сияқты.

«Қайдасың, мырза көңіл, мәрт күндерім?!

Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенім.

Егесіп екі кештің арасында,

Сүргінге сүрең салып тарттым дедім.

Кіреуке кірбің кілкіп кірпігімде,

Қосып бір құмай Күнді түлкі іңірге.

Түтігіп тебінгімді тер шірітіп,

Күңіреніп күнде жорттым Күн түбінде.

Жыра-жар, тұма бастау, құба қырдан,

Сағым боп сарнай көштім сылаң ұрған.

Қонақтап Қорқыт-тағдыр тар маңдайға,

Жын қуып жылыстадым жұмағымнан.

Қырқып бір қос қанатын қарға түннің,

Тайпалмай, тайғақ кешіп таңды атырдым.

Сере де сере мұзбен шөл қандырып,

Қар қарпып, құсаланып қан қақырдым.

Күрсінді ол осыны айтып ақырғы рет,

Содан соң соқпай қалды батыр жүрек.

Түрткілеп ердің тәнін арғымақ тұр,

Жапанға ымырт-тарих жатыр түнеп.

Тартпа бос, тебінгі сау, терлік аман,

Тек енді тіл қатпайды шерлі бабам.

Күңіреніп Күн түбінде мен де қалдым,

Ей, жалған, не істе дейсің енді маған?!»

(Серік Сағынтай. «Қазақ»)

Бала күнімізде үлкендер «өлең айтасың ба?» деп сұрайтын. Қалауымызды «Өлең айтсаң берем» деп, әйтеуір бірнәрсені айтқызып барып беретін. «Ән саласың ба?» дей қоймайтын. Бұл жерде ыңылдап өлең айту бір басқа да, ән салудың кәсіби деңгей екені белгілі. Десек те, ол баста өлең де ән, ән де өлең болатын. Әуен сөзі мен өлең сөзінің де жымдаса кететіні тегін емес-ау.

«Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашатыны» музыкасынан ажырап қалатындығынан шығар, бәлкім. Өлең – жүректің үні, себебі. Ой әуені тасқа басылып, өлеңге түссе қалады – жырдың күйі болып. Құр сөзбен айтылса… Өлеңнің өзі автордан бөлек өмір сүруге қақы бар жанның бір бөлшегі. Ондағы ойдың өз сезімі, көңіл күйі, тіпті уақыты болуы мүмкін. Бір ойдың өзі бірнеше сезімнің жиынтығынан тұруы да ғажап емес. Өлеңге айналып, жырдың күйі болып бөліне ме әйтпесе?!

«Ет-жүрексіз, ерніңнің айтпа сөзін,

Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.

Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,

Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін…» демей ме хакім Абай?!

Қазақ жырының ол бастағы ішкі қуаты мен көңіл күйі күштірек еді. Сойқан рух пен көтеріңкі әуен ойнайтын. Жыраулар поэзиясының қай-қайсын алса да сондай.

«Қоғалы көлдер, қом сулар –

қоныстар қонған өкінбес.

Арыстандай екі бұтын алшайтып арғымақ

мінген өкінбес.

Кілең бұздай кілшейтіп көбелер киген өкінбес.

Жұпарын қардай боратып арулар

құшқан өкінбес.

Торы төбел ат мініп той тойлаған өкінбес.

Құрама шапшақ көп қымыз құйып

ішкен өкінбес.

Екі арыстап жау шапса, оқ қылқандай

шаншылса,

Қан жусандай егілсе, аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып

өлген өкінбес!»

(Доспамбет жырау).

Шалкиіз, Ақтамберді, тағы басқаларынан жыр­дың күйі анық сезіледі. «Алыстан қалың ағаш көрінеді, жел соқса жапырағы төгіледі» дегендей алып бара жатқан ұйқас жоқ. Сөздің ішкі ырғағы мен әуезі жымдасқан да, балталаса бұзылмастай байланған. Асан қайғы, Қазтуғаннан Дулат Баба­тайұлы мен Мұрат Мөңкеұлына дейін осылай. Абай заманынан бастап беріге дейін жырдың күйі өзгергенімен, музыка үйлестігі сақталып келді. Қазір сол жырдың күйі кетіп, тек көзбен ғана оқы­латын ойға құрылған поэзия келіп жатыр. Үні, әуезі жоқ сияқты сезіледі. Есесіне арса-арсасы шық­қан ойлар, шашырап, қайта жиналған суреттер оқыр­манды біраз «әуреге» түсіріп, бейнетке салып қояды. Әуен сезіле бермейді, бірақ. Әртарапты ойлар қожырап барып, қайта бас құрайды, үйлеспеуі де мүмкін. Техникалық ойлау, жасанды интеллектіге келіңкірейді. Бірақ біреулерге адасу болып көрінгенімен, олай емесін ішің сезеді.

Бұрын ақындар оқырманын өзі тәрбиелеп алатын. Белгілі бір күймен тербеп. Қазір керісінше сіз сол ақынның айтпағын іздеп табуға тиіссіз. Әйтпесе, оқырман емес, тыңдарман болып шығасыз.