Президент • 14 Қыркүйек, 2021

Межелі кезеңдегі маңызды қадамдар

230 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Құқық қорғау органдарында Жолдау жүктеген міндеттер қалай орындалуда? Адам құқығын қорғау ісін жетілдіруді көздеген бастамалардың жүзеге асу барысы қалай? Бұл саладағы жаңа өзгерістер, заманауи модельді қалыптастыру идеясы өзін ақтады ма? Бұл – көптің көкейінде жүрген сұрақтар. Құқық қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістер – ел Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында сөз болған маңызды мәселелердің бірі.

Межелі кезеңдегі маңызды қадамдар

«Әділетті мемлекеттің» алғышарты

Стратегиялық құжаттың «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау» бөлімінде осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған Мемлекет басшысы бұл іс-шаралардың ауқымы келесі кезеңде кеңейе түсетінін де ескертті. 

Осыдан бір жыл бұрын жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев «заң үстем­дігі орнықпаса, азаматтардың қауіп­сіз­дігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын» қатаң ескертіп, азаматтардың мүддесін қор­ғау жолында «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Қарапайым халықтың мұң-мұқ­тажын, мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз екенін айтқан Мем­лекет басшысы «Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деген еді.

Осы құжаттан кейін құқық қорғау органдарында елеулі өзгерістер болды. Жергілікті полиция қызметі толықтай «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бо­йынша жұмыс істеуге бет бұрды. Елді мекендерде, әсіресе шалғай жат­қан ауыл-аймақтардағы учаскелік инспектор­лардың жұмысына ерекше мән беріле бастады. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі артты. Прокурорлық қадаға­лау қайта күшейтілді. Экономикалық ын­ты­мақтастық және даму ұйымы ел­дері­нің тәжірибесіне сүйене отырып, қылмыспен күрес саласы қайта жаң­ғырды. Атап айтқанда, ең алдымен азаматтардың құқығын қорғауды мақсат тұтқан үш
буынды модель құрылды. Биылдан бастап прокурорға адам құ­қы­ғы мен бостандығына қатысты негіз­гі процессуалдық шешімдерді келі­су міндеті заң бойынша бекітілді. Елі­міз­де биыл 1 шілдеден бастап мемле­кет­тік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптас­тырған әкімшілік әділет жүйесі енгізіл­ді. Яғни «Әділетті мемлекет» құру тұжырым­дама­сының алғышарты бекітіліп, басты әрі маңызды қадамдар жасалды.

Ендігі кезең – осы маңызды әрі страте­гиялық бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оң нәтижеге жетуіне ықпал ету. Президент бұл бағытта қолға алынған іс-шаралардың нақты нәтижеге жетуі ең бірінші жергілікті билік органдарының белсенділігіне байланысты екенін де айтып өтті. «Жергілікті атқарушы билік жаңа өзгерістердің мән-маңызын түсініп, полицияға қолғабыс етуге тиіс. Сонымен қатар қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек», деген Мемлекет басшысы бүгінде Жолдауда құқық қорғау органдарының алдында тұрған басты міндеттерді тағы бір рет тиянақтап берді.

Атап айтқанда, алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы кешен­ді шаралар әзірлеу; балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыс­тар­дың алдын алу; есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуына барынша тосқауыл қою; сыбай­лас жемқорлықпен тиімді күресті жал­ғастыру міндеттері айтылды. Әсі­ресе, «тұрмыстық сыбайлас жемқор­лық­ты» жоюға айрықша назар аударғ­ан Президент: «Жоғарыда аталған шара­лардың бәрі саяси жүйені және адам құ­қы­ғын қорғау ісін жетілдіруге бағ­ыт­тал­ған стратегиялық бағдарымыздың құрам­дас бөлігі саналады» деп атап өтті.

 

Әкімшілік әділет жүйесін енгізу – маңызды реформа

Биыл 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Жаңа кодекс – Мемлекет басшысының бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда жасалған нақты қадамдар­дың бірі. Қазақстанда бұған дейін қыл­мыс­тық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық­тар бойынша сот ісін жүргізудің үш түрі болғанымен, төртінші түрі – билік ор­ганымен дауда ең әлсіз тарапты қор­ғауға бағытталған әкімшілік әділет Жолдау жүктеген міндеттен кейін іске қо­сыл­ғанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік әділетті енгізу туралы 2019 жылы алғашқы Жолдауында тапсырма берген болатын. 2020 жылы елдегі көптеген маңызды мәселелерді тиімді шешіп, әлеуметтік-экономикалық дамуымызда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей заңдық құжат туралы тағы айтылды. Күшіне енген жаңа кодекс қазір­гі таңда Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дама­сы­ның нақты іске асуында негізгі әрі ең тиімді бірден-бір құрал болып саналады. Әлемде бұл кодексті «шенеуніктерді тәртіпке шақыратын арнайы жүйе» деп те атайды. Себебі әкімшілік әділеттің басты миссиясы – билік органдарымен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғау. Мық­ты аппараты бар мемлекеттік органның ресурсы мен қарапайым адамның мүм­кіндігін салыстыруға болмайтынын ұдайы айтып жүрген сарапшылар мен заңгерлер жаңа процеске «объективті ақиқатты іздеуші белсенді судья» деген анықтама да берген болатын.

Кодекстің бірнеше басты ерекшелігі бар. Біріншіден, екі тарап тепе-тең. Сот процесі жарыспалы түрде өтеді. Кімнің дәлелі мықты, кім сотты барынша сендіреді, сол дауды жеңіп шығады. Екіншіден, сол әкімнің шешімі дұрыс еместігін сот процесінде арыз иесінің өзі дәлелдеуі тиіс. Ал қарапайым адам мен кәсіпкерді қолында билігі бар ор­ганмен салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Мемлекеттік орган­ның заң­­герлері бар, мүмкіндігі көп. Сон­дықтан ондай даулардың көбі қалай аяқ­талатынын бәріміз жақсы білеміз. Нақты статистикаға сүйенетін болсақ, еліміз­де даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешіліп келген. Осыдан кейін қарапайым халықта сот­тарға деген сенімсіздік ұлғайып, жалпы билікке жұрттың өкпесі қара қазан­дай болатыны сөзсіз. Ал жаңа Кодекс бо­йынша даулар мүлдем басқа принциптермен қаралады.

Сот арыз иесі ретінде жеке азаматқа немесе кәсіпкерге барынша көмектеседі. Сол әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз ба, оны енді талапкер дәлелдемейді. Сол шешімді қабылдаған әкімдіктің өзі оның заңдылығын, қажеттілігін, негіз­ділігін дәлелдеуі тиіс. Бір сөзбен айт­қанда, әкімшілік әділет жүйесін енгізу – маңыз­ды реформа әрі халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың тиімді құралы.

 

Басты қағидат – «Жұртқа жақын полиция»

Жолдау жарияланғаннан кейін реформалардың негізгі құралы – Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы бектілді. Басты мақсаты ішкі істер ор­ган­дарының заманауи, технологиялық та­лап­тарға сай, халықтың сеніміне ие жү­­йесін құру болып табылатын бағдар­ла­малық құжатта 127 іс-шараны қамти­тын 9 негізгі бағытты іске асыру көз­дел­ген еді. Қазіргі таңда бұл бағыт­тардың 97 па­йы­зы орындалып, 30-ы іске асырылуда.

Ішкі істер органдарын реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тар­дың басында ұйымдық-штат­тық құры­лымды оңтайландыру бағыты тұр. Ел Президенті қойған нақты мін­деттердің негізінде ІІМ қызмет­керлерінің саны 14 пайызға қысқар­тылды. Нәтижесінде, полиция қызмет­кер­лерінің саны бо­йынша 100 мың тұрғынға шаққандағы сан 471-ден 369-ға дейін төмендеп, орташа еуропалық көрсеткішке қол жет­кізілді. Осы жылы штаттарды қайта бөлу есебінен әйелдерді зорлық-зомбы­лық­тан қорғау жөніндегі бөлімшелер мен кәмелетке толма­ғандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспектор­ларының саны артты. Жол-патрульдік полициясы патрульдік полиция болып қайта құрылып, саптық бөліністердің сержанттық лауазымдарын офицерлік лауазымдарға кезең-кезеңмен ауыстыру аяқталды.

Президент өткен жылғы Жолдауында Ішкі істер министрлігі жұмысының тиім­ді­лігін арттыру мақсатында ведомство­­ның құрылымын қайта қарап, салаға тән емес функцияларды алып тастауды тапсырды. Осының негізінде 2020 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы­ның Жар­лығымен азаматтық қорғау сала­сын­дағы барлық функциялар мен бөлім­шелер жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Ішкі істер органдарының бөлімшелерін спорт­­тық және мәдени-бұқаралық іс-шара­­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаппай тарту тәжірибесі де қыс­қар­­тылды. Бұл жөнінде Ішкі істер, Мә­дениет және спорт министрліктерінің 2019 жылғы 27 маусымдағы №582 бір­­лес­кен бұйрығы дәлел бола алады. Кейін­нен Президент жанындағы құқық қорғау және сот жүйелері комиссиясы ІІМ-нен мемлекеттік органдардың бірқа­тар объектілерін күзетуді бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысты мақұл­дады. Осылайша екі кезеңде шамамен 3 мың бірлік штат санын босата отырып, 650-ден астам күзетілетін объект берілді. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің құзы­ры­на – көші-қон саласындағы негізгі функциялар, Денсаулық сақтау министр­лігіне – сотталғандарды медици­налық қам­та­масыз ету, жергілікті атқарушы орган­дарға пробация қызметінің есе­бін­де тұр­ған адамдарға әлеуметтік-құқық­тық кө­мек көрсету бойынша міндеттер жүктелді.

Маңызды құжатта айтылған міндет­тер­дің тағы бірі – құқық қорғау орган­дары қызметкерлерін халықпен ашық әңгіме жүргізуге үйрету еді. Бұл ба­ғытта кадрларды даярлау және ірік­теу жүйесі басымдыққа айналуы қа­жет екенін ескерткен Мемлекет бас­шы­сы ішкі істер органдарының «Жұрт­қа жақын полиция» қағидаты бо­йынша тұтас реформасын жасауды тап­сыр­ды. Осылайша соңғы бір жылда құқық қорғау органдарында халықпен жұ­мыс істеудің жаңа форматтары түзіл­ді. «Азаматтарға арналған қабыл­дау бөлмелері» құрылып, кабинеттер­ден тыс қоғамдық орындарда «Жолдағы қабылдау», «Ауладағы қабыл­дау» секілді халықтың арыз-өті­нішін тыңдайтын акциялар ұйым­дас­тырылды. Мысалы, азаматтарға арнал­ған қабыл­дау­лар кезінде ІІМ 2021 жыл­дың бірінші жарты жылдығында 368 мыңнан астам азаматқа консуль­тация беріп, 214,1 мың өтінішті қара­ған. Сонымен қатар әлеу­меттік желі­лер­дің мүмкіндіктері белсен­ді пай­да­ла­ныла бастады. «Инстаграм», «Фэйсбук», «Вконтакте» секілді әлеу­меттік желілерде полиция органдары бас­шы­ларының жеке аккаунттары ашылып, учаскелік инспекторлар үй иелері мен ПИК чаттарына қосылды.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ішкі істер органдарына жұмыстың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету, сондай-ақ учаскелік инс­пек­торларға басты рөл берілетін жергілікті полиция қызметін реформалау да тапсырылған еді.

Бұл жұмыстар да кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Бірінші кезең­де Әкімшілік полиция комитеті қайта құ­рыл­ды. Комитет күзет және күзет қыз­­метін бақылау функциялары­нан боса­тылып, құқық бұзушы­лық­­тар­дың ал­дын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға баса назар аударылды. «Жұртқа жақын поли­ция» қағидатын қамтамасыз ету шең­берінде полицияның қоғамдық орын­дарда тұрақты болуын қамтамасыз ету бо­­йынша жұмыс жүргізілуде. Ай­мақ­тар­да тәулік бойы қызмет атқару және аза­мат­тарды қабылдау үшін қажетті жағ­дайлар жасалған заманауи модуль­дік полиция бекеттері орнатылуда. Бүгінгі таңда өңір­лерде осындай 57 бекет жұмыс іс­тейді. Тағы 169-ын орнату жос­пар­лану­­да. Сонымен қатар қызмет ат­қару тәр­тібі қайта қа­ралды. Елді мекен­дердің не­ғұрлым кри­миноген­дік учаскелерінде жаяу патрульдер саны артты.

Түйін. Бұл – межелі кезеңде атқарылған маңызды қадамдардың бір парасы ғана. Себебі бір мақаланың аясында еліміздің құқық қорғау органдарын­дағы жаңашылдық пен іргелі реформалардың барлығын қамту мүмкін емес. Ең бас­тысы – адам құқығын қорғап, азаматтардың мүддесіне қызмет ететін құқық қорғау органдарын жаңғырту жолында қолға алынған бастамалар мен жобалар аяқсыз қалмауы керек. Өйткені Жолдауда Мемлекет басшысы аграрлық саясатта сабақтастықтың жоқтығын айта келіп: «Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді» деді. Шындап келгенде, бұл – барлық салаға қатысты ортақ сын.