Былтыр Есіл ауданының әкімдігі мен Бухаресттің №1 ауданының мэриясы мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Румын жағы Бухаресттің орталығындағы гүлзарды Қазақстанның құрметіне атап, онда Абай Құнанбаевтың бюстін орнатты.
Іс-шара ұлы ақынның 175 жылдығына орайластырылды. Өз кезегінде, Қазақстан жағы елордадағы саябақтардың біріне «Бухарест» атауын берді.
Осы саябақта румын ақыны Михай Эминескудың бюсті ашылды. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Румынияның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мадалина Лупу, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Біз үшін Абай шығармашылығы қаншалықты құнды болса, румындар үшін Михай Эминеску шығармашылығы да сондай маңызды деуге болады. Олардың екеуі де – заманауи поэтикалық мәдениеттің негізін қалаушылар және ұлттық мәдени қайта өрлеу дәуірінің шабыттандырушылары. Бүгінгі іс-шара – екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытудың жарқын үлгісі. Атап айтқанда, біз Румыниямен туризм және мәдениет саласындағы келісімге қол қойдық, ал спорт саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама қол қою сатысында», деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.
Өз кезегінде Мадалина Лупу бұл тек Румыния мен Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Орталық Азия өңірінде румынның ұлттық ақынының сквері мен бюсті бар Қазақстаннан басқа бірде-бір ел жоқ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Румыния алғашқы елдердің қатарында Қазақстанның егемендігін мойындады. Қазақстан – Румынияның Орталық Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі. Қазақстан астанасында Эминеску бюстінің ашылуы – біздің халықтарымыздың бір-бірін жақсы танып, дипломатиялық қарым-қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуіне жақсы серпін береді», деді Румыния елшісі.
Ашылу салтанатынан кейін спикерлер мемлекетаралық қатынастардың ұзақ мерзімділігі мен өркендеуінің белгісі ретінде қарағай мен мамыргүл бұталарын отырғызды.