Торғай өңіріндегі береке дарып, құт қонған елді мекеннің бірі – Көлқамыс ауылы. Шалғай ауылдың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп отырған «Сыма К» шаруа қожалығы екенін бүгінде екінің бірі біледі. Шаруашылық басшысы Манат Карбозов жұбайы Салтанат екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде ұлдарының алды немере сүйгізді.
– Осы берекелі тұрмыс-тіршіліктің түп қазығы – әкем Кәкімжан Карбозовтан алған тәлім-тәрбие. Біз өзіміз, бір сөзбен айтқанда, еңбекші отбасында дүниеге келдік. Әкеміз осы өңірде туып-өсіп, ер жеткеннен кейін еңбекке араласты. Бір адамдай еңбек етіп, құрметті демалысқа шығып, енді қазір әулеттің абыз ақсақалы болып отыр. Біздің еңбекке ерте араласуымызға, осындай шаруашылықты құруымызға бәріне басшы болып, жеткізген әкеміздің еңбегі. Ешқайсымызды қатардан қалдырған жоқ. Бәрімізді оқытты, тоқытты. Отбасымызда біз төрт ағайындымыз. Менің алдымда екі ағам, бір қарындасым бар. Бәрі де өмірде өз жолдарын тауып, отбасылы болып, ұрпақ тәрбиелеп жатыр, – дейді Манап Карбозов.
Торғай өңірінде Манаптай елшіл перзент, білікті кәсіпкерді тәрбиелеп өсірген Кәкімжан ақсақалды білмейтін адам жоқ деуге болады. Тоқсаныншы жылдардың басы – жаңа нарықтық қатынастардың ел ішіне енді ғана дендеп ене бастаған шағы еді. Басына тәңір сыйындай боп қона қалған тәуелсіздігіне тәу еткен тәубашыл жұрт сананы тұрмыс билей бастаған тұста рас, абдырап қалды. Алғырды аялағанмен, аңғалды аямайтын табиғаты тік, талабы нық нарық патша бұған дейін үкіметке арқа сүйеп үйреніп қалған үркердей жұртты әп дегеннен-ақ жұтатып жіберді. Әсіресе қиырда жатқан қазақы ауылдар үшін күнкөріс қиындады. Жайы қиынға, малы тиынға айналған біраз ағайын осы тұста қолындағы барын сатып, қалаға бет түзеді. Бір кездері өрісте малы шұрқырап, ошақта қазаны бұрқырап жататын қаншама ауылдың қалқиып көлеңкесі ғана қалды. Осы тұста табанды еңбек пен сұңғыла ақыл-парасатының арқасында туған жеріне тұтқа, еліне ес бола білген Кәкімжан ақсақал шалғайда шатқаяқтап тұрған шағын елді мекеннің еңсесін қайта тіктеп, елдің ауылға тұрақтап қалуына ықпал етті.
Кәкімжан Кәрбозұлы бүгінде шаруашылық тізгінін ұлы Манапқа тапсырған. Есті ұл әке кәсібін дөңгелетіп әкетті. Кешегі Қыпшақ Сейітқұлдың сынығы, Айсаның жалғасы, төскейден малы, төрінен қонағы арылмаған Торғайдың абыз ақсақалы бүгінде елдің берекесін тілеп, туған өлкенің гүлденуін қалайды. Батагөй қария дархан даланың ауылы құтты, болашағы кемел болатынына нық сенеді.
Бүгінде Кәкімжан атайдың ұлы Манат Карбозов басқарып отырған «Сыма К» шаруа қожалығында төрт түлік малдың барлық түрі бар. Жаңашыл, іскер азамат кәсібін дөңгелетіп, ауыл тұрғындарын дерлік жұмыспен қамтып отыр. Соның нәтижесінде, шалғайдағы ауыл көркейіп, уақыт өткен сайын өсіп-өркендеп келеді. Ауылда ауыз су мәселесі де толық шешілген. Кәсіпкер өз қаражатына мұндағы барлық үйге су құбырын кіргізіп берген.
Карбозовтар шаңырағында әулеттік тәрбие жүйесі нық қалыптасқан. Сондықтан бұл үйдің балалары дерлік отбасылық құндылықтарды қадір тұтып, берік ұстанады.
– Енді біз де талбесіктен басталған тәрбиені әрі қарай жалғастырып, балалардың рухты, отаншыл, түзу азамат болып өсуіне ықпал болсын деп өзіміздің оқыған-тоқығанымызды, көрген-білгенімізді, өмірлік тәжірибемізді күнделікті айтып құлағына құйып отырамыз. Әрине, біз ата-ана болғаннан кейін өз ұрпағымыздан үлкен үміт күтеміз. Ұл-қыздарымыз сол үмітімізді ақтайды деп сенеміз, – дейді отағасы.
Шалғайда жатқан шағын ғана Көлқамыс ауылында бүгінге дейін бір емес, екі бірдей көркем фильм түсірілді. Екеуі де балаларға арналған қысқаметражды фильмдер. Алғашқысы – «Боранды түнде», ал екінші фильм – «Кәусарым» деп аталады. Ерекшелігі сол – бұл кинотуындыларға ешбір кәсіби актер қатыспайды. Фильм кейіпкерлерінің бейнесін ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары сомдап шыққан. Мәселен, «Кәусар» фильміне ауылға алғаш келген қала баласы – Бекжанның басынан өткен қызықты оқиғалар арқау болған. Бұған дейін бар бос уақыты компьютер мен ұялы телефонға байланып келген Бекжан нағашысының ауылына келген соң, өзіне бейтаныс мүлде басқа өмірді көреді. Дала табиғаты мен ауыл балаларының көңілді ойын-тіршілігімен танысады. Әдемі қыз Кәусарға деген алғашқы сезімі оянады. Осының бәрі Бекжанды түбегейлі өзгертіп, ауылға деген аңсарын оятады. Фильмдегі бас кейіпкердің бірі – Айдардың рөлін Манаптың ортаншы ұлы Сәруар Кәкімжан сомдайды.
Карбозовтар отбасының үлкені – Жәнібек осыдан біраз жыл бұрын Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссура факультетін тәмамдаған. Бүгінде облыс орталығында мәдениет саласында еңбек етіп жүр. Біз айтқан екі фильмнің режиссері де, операторы да осы жігіт. Продюссері – әкесі Манат. Басты рөлдерде ойнайтын негізгі актер – інісі Сәруар. Ал режиссерге көмекші болу, фильм сценарийін жазу, костюм тігу, рөлдерге актер таңдау, бұдан өзге де толып жатқан әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстары анасы Салтанаттың мойнында. Ширек ғасыр бойы ұстаздық етіп келе жатқан Салтанат Шаймағамбетованың айтуынша, бүгінде әлеуметтік желі арқылы кең тарап, көпшілік көрерменге ұнаған екі фильм де ұлы Жәнібектің бастамасымен жарыққа шыққан.
– Кез келген ата-ана баласының жетістігіне қуанады ғой. Баланы қолдап отыру керек. Балаға «Ой, тасташы, оны істей алмайсың!» деп айтуға болмайды. Керісінше «Сенің қолыңнан келеді, осыны айта аласың, жасай аласың» деп үнемі қайраттандырып, күш беріп қанаттандырып отыру керек. Сонда әр баланың өзінің қабілеті ашылып, әрі қарай ұштала түседі. Бұл фильмдердегі кейіпкерлердің бәрін өзім оқытқан шәкірттерім бейнелеп шықты. Қай баланың қай рөлге бейім екенін жақсы білемін, сондықтан актерлерді де өзім таңдап, ұлыма ақыл-кеңесімді беріп отырдым. Ең бастысы, баланы қанаттандырып отыру керек, өйткені қабілетсіз бала болмайды, – дейді тәжірибелі ұстаз.
Карбозовтар отбасы бүгін де туған ауылдың өсіп-өркендеуі жолында тынбай еңбектеніп келеді. Түтіні түзу ұшқан берекелі ауылдың әлеуметтік жағдайының түзеліп, тұрмыс-тіршілігінің гүлденуіне елеулі үлес қосып отырған еңбекшіл әулеттің бүгінгі келбеті көпке өнеге боларлық.
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы,
Көлқамыс ауылы