Әдебиет • 14 Қыркүйек, 2021

Сіз білесіз бе?..

700 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сіз білесіз бе?..

Аңыз ба, ақиқат па?

 

Хемингуэйдің ең қысқа әңгімесі барша әлем оқырманына мәлім: «For sale: baby shoes, never worn» («Балаларға арналған аяқкиім сатылады. Киілмеген»). Жазушы достарымен алты сөзден тұратын шығарма жазатынына бәс тігіп, 10 доллардан ұтып алды деседі. Ақиқатында, Хемингуэйдің жазушылық мансабының басталуына дейін америкалық газеттерде балалар аяқ­киімі немесе арба туралы осындай хабарландырулар жиі шығатын. Мұндай хабарландырулар туралы түрлі авторлар мақала жазып, оларды «қысқа әңгімелер» деп атады. Ал Хемингуэйдікі делінетін бұл әңгіме тек 1990 жылдары баспасөз беттерінде пайда болды. Хэм ағай аяқкиім туралы әңгіменің негізін қайдан алғанын болжай беріңіз...

 

Оқырман-ит

 

Романтик ақын Уильям Вордсворт табиғатты іңкәрлік пен күлкі-қуаныштың, шабыт пен қолдау көрсетудің көзі деп санаған. Соған шын сенген. Сондай-ақ оның танымындағы табиғат ерекше қызық. Мәселен, ақынның шығармаларына  бірінші иті куә болған. Ол оған өз поэмаларын оқып берген. Егер иті үріп, мазасызданып кетсе, қаламын қайта алып, әлгі шығармасын өңдеп шығатын болған. «Ит – адамның досы» деген тәмсілдің тағы бір мысалы осы шығар.

 

Біртүрлі ғадет

 

Ағылшын жазушысы Чарльз Диккенс мәйітха­наға баруды жақсы көріпті. «Көзге кө­рінбейтін беймәлім бір күш мені мәйітханаға тартады да тұрады», деп жазады Диккенс. Қай қалаға барса да, бірінші мәйітханаға соғып, ондағы суып қалған денелердің арасында бірнеше сағат уақыт өткізіп, өлілерге «сүйсінеді» екен. Бойындағы бір түрлі ғадетті өзі «жиіркеніш тартылысы» дейді.

 

Жалғыздық – жан серігі...

 

Әйгілі әңгімеші Роальд Даль жалғыз жұмыс істеуді құп көрген. Ол ауласының алдындағы сарай ішінде майысқан орындығына жайғасып, сары блокнотын тізесіне қойып, қарындашпен жазатын болған. Бір қызығы, сарай ішінде бірде-бір үстел жоқ. Роальд Даль бұл әдетін суық күндері де тастамаған. Сарай ішінде жаурап қалмау үшін ол ұйқы қапшығында отырыпты.

 

Күлгін сия

 

Модернист жазушы Вирджиния Вулф: «Егер әйел жазғысы келсе, оған керек-жарақтар мен жеке бөлме қажет», деген ой айтады. Оның енді бір ойы түске байланысты: Вулф жұмыс барысында түрлі-түсті сия сауыттарын пайдаланған.  Жасыл, көк, қызыл, т.б. Әсіресе, күлгін түсті ерекше ұнатыпты. Сондай-ақ «Миссис Дэллоуэйдің» авторы тік тұрып жазатын болған. Оған ол арнайы жасалған мольбертті пайдаланыпты.

 

Кафка не деді?

 

Жоғарыда айтып өткен Вулфтың түрлі-түсті сиясының сырын Франц Кафка ашады. Бірде  оған бір замандасы ақын Эрнст Ледерердің өз өлеңдерін ашық-көк сиямен ерекше қағазға түсіретінін айтыпты. Кафка еш таңғалмастан, ақынның бұл әрекетін былай деп түсіндіреді: «Әр сиқыршының өз дәстүрі бар. Мәселен, Гайдн мейрамдағыдай басына жалған шаш қойып, бетіне опа жағып алып музыка шығаратын болған. Жазу – өз табиғатында рухтарды арбау болып саналады». Расында, жазушылардың «оғаш» мінездері мен әрекеттерінің сыры Кафканың осы анықтамасына сыйып тұрғандай.

 

Дайындаған

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»