Бизнес • 14 Қыркүйек, 2021

Бизнеске бақ болған мораторий мерзімінен бұрын аяқтала ма?

257 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр Президенттің пәрменімен шағын және микро бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Сөйтіп, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020-2023 жылдар аралығында бизнес субъектілерін тексеру құқығынан айырылды. Алайда жуырда Қаржы министрлігі межелі мерзімі аяқталмаған мораторийдің күшін жою туралы бастама көтерді. Әлбетте, бизнес өкілдері бұған мүлдем қарсы.

Бизнеске бақ болған мораторий мерзімінен бұрын аяқтала ма?

Кассалық тәртіп төмендеп кетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мораторий туралы Қау­лысы 2019 жылғы желтоқсанның соңында қабылданып, 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап күшіне енгені есіміз­де. Бұл қадамның карантиндік шектеулерден зардап шеккен кәсіп­кер­лерге айтарлықтай қолдау болғаны да анық.

Дегенмен осыдан екі апта бұ­рын Үкі­мет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаев аталған мора­то­рий­дің күшін жойып, шағын және микро бизнесті тек­серуді қайта қолға алуды ұсынды. Ай­туын­ша, үш жылдық шара кассалық тәр­тіпті тө­мен­детіп жіберген. Жосықсыз кәсіпкерлер бастаманы салықтан жазасыз жал­тару­дың мүмкіндігі ретінде қабылдаған. Ми­нистр бұл қадам мемлекеттік бюджет кірістерінің ұлғаюын қамтамасыз етеді деп сендірді.

Бірнеше күн бұрын Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінде ұйымдасты­рылған брифингте Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев ведомствоның не­лік­тен мұндай бастама ұсынғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның ай­туынша, министрлік бизнеске салық салу­ды қайтару керек деп отырған жоқ. Тек, 2022 жылдан бастап оларды тек­се­руге рұқсат берілсе дейді. Оның өзін­де тексеру кассалық аппараттарды пай­да­лан­байтындарды тезге салуға керек екен.

– Біздің мақсатымыздың бірі – «кө­лең­келі экономиканы» қысқарту. Бұған ақпараттық жүйелер арқылы қол жеткізуге болады. Олар тауардың өн­діру­шіден тұтынушыға дейінгі толық циклын қадағалауға мүмкіндік береді. Мұндағы ең соңғы нүкте – онлайн-кассалық аппарат. Олардың көмегімен салық қызметтері онлайн режімде деректерді көріп отырады. Ал салық есебі бізге түскен кезде кірісті декларацияларда көрсетілген деректермен салыс­тыра аламыз. Салық мәдениеті мен тәртібі жыл өткен сайын жақсарып келе жатыр. Бірақ мораторийдан кейін кассалық аппаратты қолданатын кәсіп­керлердің саны күрт азайып кетті. Ал сауда жүріп жатыр. Кіріс те жақсы. Біз мұны түрлі белгілер арқылы көріп, біліп отырмыз, – деді М.Сұлтанғазиев.

 

Тексеру – айыппұл салу емес

Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, республикада 560 мың шағын және микро бизнес субъектісі бар. Олардың тең жартысы – 280 мыңы ғана кассалық аппаратты пайдаланады. Биыл тәртіптен «жалтарушылардың» үлесі 11 пайызға көбейген. 

– Кейбір себептердің жайы түсінікті. Мәселен, қолма-қол ақшасыз жұмыс істейтін кәсіпкерлер бар. Оларға касса­лық аппарат қажет емес. 17,5 мың кә­сіп­кер маусымдық жұмыстарды ұсы­нады. Бұған шаруа қожалықтарын жатқызуға болады. Шамамен 84,5 мың кассалық аппарат иесі тәртіп бұзушы болып саналады. Былтыр кассалық чектерді ұсынбауға қатысты 19 мың шағым түскені кездейсоқтық емес. Чек – тауардың кепілдемесі. Ол арқылы сапасыз тауарды ұсынғаны үшін шағым түсіруге, тауарды қайтарып беруге немесе айырбастап алуға болады, – дейді вице-министр.

М.Сұлтанғазиевтің айтуынша, шамамен 5,5 мың кәсіпкер күніне касса­­лық аппарат арқылы бір немесе екі чек қана шығарады. Орташа чектің сомасы – 4 500 теңге. 1,5 мың кәсіпкер күн са­йын кас­салық аппаратқа бір ғана соманы енгі­зеді екен. Бұл – 100 немесе 1 000 теңге.

– Біз нақты заң бұзушылықтарды байқап отырмыз. Егер мұндай кем­ші­ліктерге қарсы әрекет ететін бол­сақ, мәдениет пен тәртіп бірден қалып­тасады. Менің «әрекет етеміз» дегенім – айыппұл саламыз деген сөз емес. Мұндай кәсіпкерлерге ескерту мен хабарлама жіберіледі. Айыппұл заң бұзушылық қайталанған жағдайда ғана салынады. Айыппұлдың көлемі – 15 айлық есептік көрсеткіш немесе 43,7 мың теңге, – деп нақтылады Қаржы вице-министрі.

Ресми дерекке сүйенсек, 1 млн 256 мың бизнес субъектісі мораторийдің игілігін көрген. Оларға шамамен үш жылда 324 млрд теңге көлемінде жеңіл­дік ұсынылып отыр. Бұл ретте бизнес­ке бір ғана талап қойылған – кассалық тәртіпті және салық мәдениетін сақтау.

– 2020 жылы жалған транзит фактілері жиі тіркелді. Мәселен, Қырғызстаннан тауар тиеп шығады да, шекарадан өткенде Ресейге барамыз дейді. Болмаса Ресейден шығады да, басқа бір елге қатынаймыз дейді. Ал шын мәнінде тауар біздің елде қалады әрі «көлеңкелі» айналымда сатылады. Мұндай тауарда тиісті деректер болмайды. Салық та төленбейді. Заңсыз тауарлар көтерме сау­­дадан бөлшек саудаға дейінгі ара­лықта кассалық аппаратсыз сатылады. Бұл жағдай адал бәсекелестікке зиянын тигізеді. Міне, осындай тауарларды «көлеңкеден» шығару үшін шағын бизнеске кассалық тәртіп қажет.

Заңды айналымға енген тауардың тиісті лицензиясы болады. Ол арқылы кассаға ақша түсіп жатқанын байқаймыз. Мысалы, алкоголь өнімдерін алайық. Мұны таңбалау арқылы бақылауға болады. Егер бақылау мүмкіндігі болмаса, демек ол заңсыз тауар. Өйткені бұл тауарда чек, таңбалау, электронды шот-фактура жоқ. Міне, біз осындай кәсіпкерлерді тексеретін боламыз. Кассалық тәртіпті тексеру мораторийге дейін аз да болса жүргізілді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің тәртібі айтарлықтай түзелді, – дейді М.Сұлтанғазиев.

 

Бұл – Президент тапсырмасына қайшы

Министр Ерұлан Жамаубаевтың Үкімет отырысындағы бастамасынан кейін бизнес өкілдері шу ете қал­ды. Олар мораторийді мерзімінен бұ­рын аяқтауға мүлдем қарсы екендігін жет­кізді. Мыңдаған кәсіпкердің басын біріктіріп отырған «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы да өз ұста­ны­мын анық аңғартты. Қазақстан кә­сіп­керлерінің құқықтарын қорғау жөнін­дегі уәкіл де жедел үн қатты.

– Коронавирусқа байланысты каран­тиндік шектеулер енгізіліп, кәсіп­кер­лердің көбі жұмысын тоқтатуға мәж­бүр болды. Олардың бір бөлігі әлі күнге дейін өз жұмысын қайта бастай алмай отыр. Мұндай күрделі кезеңде мора­торийдің қолдауы зор болмақ. Ал кас­салық кірістің төмендеуі халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуімен байланысты. Әйтпесе, кәсіпкерлер табысын жасырып отырған жоқ. Мемлекеттік бюд­жетке түсетін кірістер түсімінің қыс­қаруын кәсіпкерлердің кассалық тәртібінің төмендеуімен байланыстыру дұрыс емес. Шағын бизнес онсыз да «шықпа жаным, шықпа» деп отырған жоқ па?!

Шағын және микро бизнес субъекті­лерінде аз ғана адам жұмыс істейтінін ескерсек, кез келген айыппұл олар үшін үлкен ауыртпалық тудырады. Сондай-ақ бұл қызметкерлердің қысқаруы­на, жалақының төмендеуіне әкелуі мүм­кін. Айналып келгенде «көлеңкелі экономиканың» артуына жол береміз. Қазіргі жағдайда әлеуметтік шиеленіс­ті күшейтетін және шағын кәсіп­кер­лік секторларының жабылуына қауіп төндіретін қадамдарға жол беруге болмайды, – дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы қаласы бойынша өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышевтың пікірінше, мораторийдің күшін жою Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына қайшы келеді.

– Біз бұған қарсымыз. Қазір Қазақ­стандағы ғана емес, жалпы әлемдегі кәсіпкерлердің жағдайы мәз емес. Соңғы бір жарым жылда бизнес үлкен шығынға батты. Меніңше, мораторийді мерзімінен бұрын аяқтау Президенттің тапсырмасына қайшы келеді. Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында бизнесті бейберекет тексеруді доғарып, олардың дамуына кедергі келтірмеу керектігін тапсырды. Мораторий да дәл осындай себеппен қабылданды.

Оның күшін жою бизнестің фискал­дық органдармен орынсыз байланысын арттырады. Ал мұның соңы сыбайлас жемқорлыққа алып барады. Мораторийді мерзімінен бұрын аяқтау бюджеттік түсімдерді көбейтеді дегенге сену қиын. Өйткені бизнес санитарлық дәрігерлердің шектеулеріне байланыс­ты әлі де шығынға ұшырауда. Мұндай қадам елдегі бизнес-климатты жақсарта қоймасы тағы анық, – дейді М.Барышев.

EXANTE халықаралық инвестиция­лық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботаревтың пікірінше, мора­то­рийді мерзімінен бұрын аяқтау Қар­жы министрлігінің шарасыздығын көрсе­теді. Өйткені ведомство бюджеттік түсімдерді арттырудың басқа жолын білмей отыр.

– Министрлік мораторийдің күшін жоюдан бөлек басқа креативті идея ұсынбағаны қызық. Біздің елде шағын және микро бизнес әлі дұрыс дамыған да жоқ. Мораторий соны дамыту үшін қабылданды емес пе?! Бұл Қаржы министрлігінің шарасыздығын көр­сетеді. Жалпы, мұндай қадам биз­нес­ті тығырыққа тіреп қана қой­май, билікке деген сенімге селкеу түсі­реді. Пре­зи­денттің тапсырмасы мен ми­нистр­ліктің ұстанымы өзара қабыспай тұр, – дейді А.Чеботарев.

Мәжіліс депутаты Айбек Паяевтың пікірінше, мораторийдің күшін жойған­ша, сату салығын енгізген дұрыс. Ал тексеру бизнестің дамуына кері әсер ететіні айдан анық.

– Үш жылдық мораторий кезінде бюджетке шамамен 200 млрд теңге түспей қалады екен. Бірақ мораторийдің күшін жою – бюджетті толтырудың жолы емес. Қаржы министрлігі басқа ба­ғыт­ты ұсынуы керек. Мәселен, сату салығын енгізуге болады. Әрине, бұған олигархиялық топтардың қарсы екенін білеміз. Дегенмен, министрлік осындай тетіктерді де қарастырып көргені абзал, – дейді депутат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауда бюд­жеттің кірі­сін арттыру үшін тиісті шаралар қа­был­дауды тапсырғаны белгілі. Бірақ бір тапсырманы орындау үшін екін­шісін «құрбандыққа шалу» оңтайлы ше­шім емес. Ол аздай бұл карантиннен ке­йін күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр­ған бизнес үшін «жығылған үстіне жұды­рық» болмақ. Бизнестің айтпағы да осы.