05 Мамыр, 2010

БІЗДІҢ ЕҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ – ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК

971 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
1 мамыр күні Астана аспаны бұлың­ғыр­лау болғанымен, бірлігі жарасқан қа­зақ­стандықтардың көңілі шат, жүздері ба­рынша жарқын болды. Қазақстан халқы­ның бірлігі мерекесіне арналған салта­нат­ты шаралар қаланың бірнеше жерінде ұйымдастырылса, соның ішіндегі ең басты сахна Астана қаласының әкімдігі алдын­дағы ескі алаңда құрылды. Мұндағы әсем бе­зендірілген сахнада Астана қаласы фи­лармониясының халық аспаптар оркестрі таңертеңнен бері төңіректі төгілген ән мен күмбірлеген күйге бөлеп, көңілдерді көк аспанға көтерердей етіп тұрды. Сағат тура 11.00-де ескі алаңдағы сах­на­ға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көте­ріліп, барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады. Бұл күн –халқымызды етене жақын­дас­ты­ра түсетін тағылымды мереке. Бүгінгі күні игі дәстүрге айналған бұл мереке – “Алтын бесік” деп аталды. Халқымызда туған жер – алтын бесік деген сөз бар. Бар­шамыздың ортақ Отанымыз – Тәуел­сіз Қазақстан – біздің бірлігіміздің алтын бесігі. Қашанда береке бастауы бірлік болған. Қазақстанның бүгінгі қарыштап дамып отырғаны – еліміздегі жүрегі бір, тілегі ортақ түрлі этнос өкілдерінің жа­ра­сым­ды өмір сүруінің арқасы. Тәуел­сіз­ді­гімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа бе­лестерге жетелейтін де біздің ауызбір­ші­лігіміз болып табылады. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артық. Сондықтан біздің ең асыл қазынамыз – елдің ынтымақ, бірлігі, деді өзінің сөзінде Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте қазақ бірауызды болып, бірлігі жарасқанда алмаған белесі, жеңбеген жауы болмаған­дығын атап көрсетті. Тәуелсіздік алған жыл­дары Қазақстан дамудың дұрыс жолын таңдап, парасатты саясат жүргізді. Осы істердің дұрыстығын төңірегіміздегі оқиғалар тағы бір рет дәлелдей түсіп отыр. Тынышсыз, тұрақсыз елге ешкім де сенбейді. Ондай жерге бақ та қонбайды, ырыс тек ынтымағы жарасқан елде ғана болады. Осы орайда Елбасы іргеміздегі ағай­ын елді мысалға келтіріп, онда оқ аты­лып, қан төгіліп, бір ұлт екіге жарылып, азамат соғысы тұтануға жақын тұрғанын атады. Осының бәрі, түптеп келгенде, бе­рекесіздіктен, мемлекеттік дәстүр мен ел­дік мәдениеттің кемдігінен деп білу қажет. Біз Тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде іргесі бекем, төрт құбыласы сай мемлекет орнатып қана қоймай, сонымен қатар, үзіліп қалған мемлекеттік дәстүр­лер­ді жалғастырып, елдік мәдениет деген ұғымдарды қайта жаңғырттық, деді Пре­зидент сөзін сабақтай келіп. Біз жасампаз Қазақстанмен бірге жүрегі мен тілегі бір қазақстандықтарды қалыптастырдық. Бере­ке мен бірлігі жарасқан Қазақстанның ізгі бастамалары бүгінгі күні барша әлемге өнеге болып отыр. Қазақстан биыл 56 мем­лекетті біріктірген беделі жоғары ЕҚЫҰ, ал келесі жылы 50 шақты мем­лекетті біріктіретін ИКҰ-ға төрағалық ете­тін болады. Бұл – дүние жүзінің жар­ты­сынан астамын алып жатқан ауқымды аумақ. Біздің ел үшін бұл – үлкен абырой, бақыт. Бұл – біздің шығыстық дәстүрлер мен батыстық құндылықтарды шебер үйлестіріп, жымдастыра білген сүттей ұйыған бірлігіміздің айқын көрінісі. Әрине, бұл істерде мемлекет құраушы халық ретіндегі қазақ халқының үлесі үлкен. Қашанда жанынан арын биік қойған халқымыз тектіліктің үлгісін көрсетіп, төңірегіндегі барлық ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып отыр. “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” айтқан ұлы Абай сөзіне сүйенген қазақ халқы нәсіліне, ұлтына, дініне қарамай, бәрін де құшағына алаламай басып келеді. Кезінде тағдырдың түрлі тәлкегімен келген өзге ұлт өкілдері осы жерұйық өлкеден өз бақытын тапты. Елбасы еліміздегі этнос өкілдерінің ба­сын біріктіретін құтты шаңырақ – Қазақ­стан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 15 жыл толатынын да қанағатпен атап өтті. Осы уақыт аралығында бұл қо­ғам­дық институт өзінің өміршеңдігін дә­лелдеп берді, деді Президент сөзінің со­ңында. Біздегі ұлтаралық және дінаралық татулықтың жарқын символы Бейбітшілік және келісім сарайы болып отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтетін бұл ғимаратты, сол арқылы Астана­ны қазір бүкіл әлем біледі. Мұндай ерекше жиын тек ынтымағы мен бірлігі жарасқан біздің елде ғана іске асу үстінде. Ел бірлігі деген қасиетті ұғым тәуелсіздікті нығайту, тұтастықты сақтау, ұлтты ұйыстыру, мем­ле­кетті өркендету дегенді білдіреді. Әр­дайым осы бірлігімізден айырылмай, тату­лығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік, ағайын! Президенттің сөзінен кейін “Достық­пен өрнектелген кілем” атты музыкалы-хореографиялық қойылым көрсетілді. Онда “Салтанат” мемлекеттік би театры, “Шал­қыма” би ансамблі, түрлі этнос­тар­дың “Терра”, “Диллижанс”, “Бахор” және т.б. өнер ұжымдарының 150-дей өнер­паз­дары мың бұрала билеп, сахна салтанатын асыра түсті. Түрлі ұлттық киімдер киген олар мыңдаған астаналықтар мен қала қо­нақтарының алдында Қазақстан халқының бай мәдениетін жарқыратып көрсетіп қана қоймай, еліміздегі жарасымды достықты паш етті. Мұнда кең даласында еркін көсілген қазақтың кең толқынды адуынды, жәйлі музыкамен жайқала қозғалатын корей, жаймашуақ дүнген, қызуқанды орыстар мен кавказдықтардың, сырнай үнімен үндесіп, секіре толқытқан немістер мен беларустардың билері – бәр-бәрі қосылып жатты. Одан әрі Қайрат Байбосынов “Ғазиз­дің әнін”, Нұржамал Үсенбаева “Арыс жа­ға­сынданы”, Андрей Пригубенко украин­ның “Пидмануласын”, Қарақат Әбілдина “Ұлытауды”, Роза Рымбаева “Қызылқұмда ауылымды” және т.б. шырқап, ашық аспан астындағы жарқын мерекені құлпырта түсті. Осы күні, жоғарыда айтып кеткеніміз­дей елорданың өзге алаңдарында да, атап айтқанда, Қаржы министрлігінің алдында, Махамбет атындағы Оқушылар сарайы маңында, Отан қорғаушылар монументінің жанында және астаналық саябақта ме­ре­келік концерттер мен көпшілік серуендері болды. Ал орталықтағы “Есіл” қонақ үйінің жанындағы жазғы алаңқайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен халықаралық “ДА” тұғырнамасының ұйымдастыруымен ежелгі шығыс ас мәзірі – “ашура таға­мын” әзірлеу рәсімі өтті. Бұл шараға Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары Е.Тоғжанов, А.Дедерер, Ю.Захаров және басқалар қатысты. Жақсыбай САМРАТ.